1999 жылы «Біздің Пушкин» атты кітабым жарық көріп, Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізіп бергенмін. Арада аз ғана күн өткенде алқалы бір жиында амандасқанымда, «Кітабыңызды оқыдым» деді. «Дипломат кісі көңілім үшін айтып тұр ғой. Премьер-министр әдебиеттанушылық кітапты оқуға уақыт таба қоймас, көз жүгіртіп өткен болар» деген оймен «Рақмет. Сіздің қарап шыққаныңыздың өзі маған үлкен құрмет» деп қалғаным, сонда сәл қабақ шытып, «Неге олай айтасыз? Мен кітапты түгел оқыдым» дегенінде қатты қысылғаным естен кетпейді.
Сөйтсем, нағыз зиялы тұлға қандай қат-қабат қарбаласта жүріп те кітапқа тиісінше көңіл бөле біледі екен. Кейін газет басқарған жылдарда Қасым-Жомарт Кемелұлынан үш рет сұхбат алғанымда, көптеген шетелдік ресми сапарынан репортаж жаза жүріп, кей тұста азды-кем араласқанымда әлем әдебиетін еркін меңгергеніне, әсіресе Пушкин жырын бөлекше бағалайтынына талай көз жеткіздім. 2014 жылы Сенат төрағасы қызметінде газетке берген бір сұхбатын: «Сіздің пушкинистикамен жүйелі айналысатыныңызды, бұл тақырыпта бірнеше кітап шығарғаныңызды білгендіктен, сұрағыңызға ақын өлеңін пайдаланып жауап қайтармақпын» деп бастағаны да өте жарасымды шыққан еді.
Пушкиннің қаламгерлік құдіреті мен кісілік киесі туралы Аполлон Григорьевтен артық айтқан адам табылмас. «Пушкин – наше все» деген ол. Қазақылағанда «Барымыз да, нарымыз да – Пушкин» деп қайыруға келер. Олай айтпағанда қалай айтсын енді! Пушкинге дейін орыстың алдыңғы қатарлы дейтін, ақсүйек делінетін дворян қауымы ана тілінен бас тартуға шақ қалған еді, түгелге жуық өзара французша сөйлесуді, хат-хабарды французша жазысуды әуезе етуге ауысқан еді, орыстың тілін ойдың терең қатпарларын қопара алмайтын, сезімнің нәзік сырларын жеткізе алмайтын мұжық тілдей көретін түсінік қоғамдық сананы меңдеп бітуге айналған еді. Сол ахуалдың тас-талқанын шығарып еді Пушкин. Өзінің тұсындағы әдеби стильдердің бәрінен де оқшау тұра білген ұлы ақын ешқандай дәстүрлі қалыпқа сыймайтын өзгеше өнер жасай алды. Пушкиннің өлмес, өшпес өлеңі арқылы бүкіл халықтың көркем сөзге деген ынтызарлығы оянды. Он тоғызыншы ғасырдың орыс әдебиетінің алтын ғасыры болып жүргенінің басты сыры Пушкиннің ұлы үлгісінде жатыр. Орыс халқының өзінің тіліне сенімін оятқан да – Пушкин, орыс халқының өзінің еліне сенімін оятқан да – Пушкин. Бұл – ұлы еңбек. Бұл – шын ұлылардың ғана қолынан келер ерен ерлік. Бұл еңбектің, бұл ерліктің бәсін Абай атамыз сол заманда-ақ, сол қоғамда-ақ тамыршыдай тап басып таныды, ақын жырын сахара төріне шығарып, біздің халқымыздың да игілігіне айналдырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Пушкин шығармашылығына шынайы құрметін, ақын өнерінің ұлы өнегесінің мән-маңызын қандайлық бағалайтынын кешегі сұхбатынан да келісті көріп отырмыз. Президентіміз: «Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі. Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хакім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі», деді Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатында.
Мына жаһандану заманында бүкіл әлемдегі озық пен тозықты дәл тану, озығына жол бастау, тозығын заман көшінде тастау, үйренерлік үздік үлгілерге ұмтылу, ұлттық томаға-тұйықтықтан құтылу, артқа емес, алға тарту, адамзаттық асыл мұраттарды ардақтау, достықты бағалау, ынтымақтастықты күшейту аса маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі сұхбатынан алатын, алуға тиісті тағылымның тағы бірі осы: адамның күні адаммен болса, халықтың күні халықпен.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты