Дерекке сенсек, «Ұлы далада» қазір 25 мың тұрғын бар. Әуелі жол азабын тартқан шағын аудан халқының мұңына құлақ асқан жергілікті билік былтыр көкейкесті мәселені оңынан шешті. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев шағын аудан тұрғындарымен өткен кездесуде мәселелердің бәрі назардан тыс қалмайтынын, тікелей бақылауына алатынын айтқан-ды. Сөзінде тұрды. Бұған дейін №54 мектепке қатынап оқыған «Ұлы дала» оқушыларының жаңа білім ордасының табалдырығын аттағаны көңіл қуантады. Білім ошағын салу үшін жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінген. Бұл – 2023 жылы өңірде пайдалануға берілген төртінші мектеп.
– Бұл күнді «Ұлы дала» тұрғындары сарыла күтті. Сондықтан оларды қуанышымен құттықтаймын. Жаңа білім ордасының табалдырығын аттаған балалар еліміздің атын әлемге әйгілейтін мықты азамат болып қалыптасуына тілектеспін. Ұстаздар білім алушыларға бар білгенін үйретеріне сенімім кәміл, – деді мектептің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек.
Еңбек ардагерлері Шарафи Қалдарбеков пен Ережепбай Бекеев білім ордасының лентасын қиып, қонақтар оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен танысып шықты. Мұнда лингафон кабинеттері, зертханалар, 350 адамға арналған мәжіліс залы, оқу залы, кітапхана, 400 орындық асхана мен шеберхана бар. Сондай-ақ 56 оқу кабинеті интерактивті тақтамен жабдықталыпты. Оқу ордасында 58 ұстаз сабақ береді.
Айтпақшы, қазіргі уақытта аталған шағын ауданда биыл тапсырылады деп жоспарланған 4 400 оқушыға арналған тағы 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
ТАРАЗ