Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Министрге сенсек, мәселе жоқ
Елдегі тең жарымнан астам халықтан міндетті жарнаны бір емес бірнеше рет төлететін МӘМС жүйедегі жүгенсіздікті жүгендей алған жоқ. Керісінше медицинадағы бұл олқылықтың шешімін табу қиынға түскендей. Осылайша, министрлік пен МӘМС, әкімдік арасындағы үштіктің ортасында науқастардың тағдыры аяқ добына айналып, жұрт жаратқаннан жыл соңында ауырып, ем іздетпесе екен деп тілейтін болды. Өйткені миллиардтап ақша түсіп, миллиондап сыйақы алатын мекемелердің құзырындағы медициналық ұйымдар қаржы жетіспеушілігін сылтау етіп, науқастарды қабылдаудан бас тартуды әдетке айналдыра бастағалы қашан.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласында ауыз толтырып айтатын жаңалық көптігімен сендіреді. Тіпті сала басшысының айтқан сан мен сапасына сенсек, ауырып ем іздеген халық үшін медицина кез келген адамға, кез келген уақытта қолжетімді секілді. Министр Ажар Ғинаят былтыр денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңгеге жеткенін мәлім етті. Амбулаториялық деңгейдегі шығындар ұлғайтылып, жалпы көлемнің 56%-ын құраған. Мәселен, медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есеге өсіп, 2019 жылғы 6 млрд теңгеден былтыр 78,1 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе артқан.
Республикадағы медициналық мекемелер үшін 58,8 млрд теңгеге 514 медициналық техника сатып алынса, жабдықтармен жарақтандырылуы 2022 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсіп, 84,15%-ға дейін жеткен екен. Консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны да 2,5 есеге артып, 324 млн-нан асса, бір жыл ішінде 1,1 млн адам қымбат диагностикалық қызмет түрлерін алған. Сондай-ақ былтыр скринингтік тексерулермен қамту арғы жылмен салыстырғанда 19,7%-ға ұлғайып, 8,5 млн адамды құраған. Денсаулық сақтау саласында қол жеткізген табысты тізіп шыққан министр: «Қазақстан 2027 жылға қарай медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін ІЖӨ-нің 5%-на дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа жету үшін сенімді түрде қадам басып келеді», деді.
Ал медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры елдегі пациенттердің барлығына жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін айтып сендірді. Ауырып ем іздеген науқас учаскелік дәрігеріне жазыла алмаса, кезекші дәрігердің қабылдауына немесе фильтр кабинетке жүгінудің жолы қарастырылған. «Қажет болса шұғыл түрде ауруханаға жолдамамен жібереді», делінген қор жауабында. Дұрыс қой, бірақ біздегі мәселе дәл осы тұстан басталады. Дәрігер пациентке ем тағайындау үшін бейінді мамандар мен диагностикалық тексеріске жібереді. Шұғыл деген жолдамасы келесі медициналық ұйымға жеткенше науқастың қосымша ағзалары сыр беріп, ондағы кезек келіп біткенше жан тапсырып, емін алғанша мүгедек болып қалуы да ғажап емес. Себебі әлгінде айтқандай, дәрігердің әрекетсіздігіне жауап беруді ешкім мойнына алғысы жоқ, ал қаржы жетіспеушілігі сыныққа жақсы сылтау болды.
Жаңылтпаш жауап: қаржы бар, порталда ақша жоқ
Айтпақшы қор мамандары «Онкологиялық ауруларға күдік болған кезде «жасыл дәліз» бағыты бойынша, өз емханасында шұғыл тексеруден өте алады» дейді. Дегенмен бұл сөздің де қаншалықты шындыққа жанасатынын осы ауруға шалдыққан науқастардың өзінен сұрап білгенді жөн көрдік. Алматылық Тұрсын Қазыбаев жарты жыл бұрын басы ауырып жүргенін айтып жергілікті емханаға барған. Учаскелік дәрігер әдетінше бейінді мамандарға жолдама береді. Әйтеуір бірінен соң бір жолдаманы арқалап әр есікті жағалап жүргенде ауруы асқынып кеткенін айтқан ол дәрігерлерге МРТ-ға түсіруге өтініш жасапты. Бірақ ондағы дәрігерлер бұл тексерістің қажет емес екенін айтып, өз беттерінше ем берген. Басының ауруы бұдан басылмасын білген ол жеке клиникаларға жүгінеді. Тек сол кезде ғана асқазаны мен басында қатерлі ісік бар екені анықталады. «Жергілікті емханадағы тар мамандардың қабылдауында бір, емін алу үшін екі уақыт жоғалтқанымыз аздай, дұрыс қойылмаған диагноз үшін қажетті операцияны кеш жасатуға мәжбүр болдық. Оның өзінде Қалқамандағы көпбейінді аурухана науқасты қабылдаудан бас тартқан. Себебі порталда ақша жоқ. Қажетті қаражат бөлінгенге дейін бөлімшедегі науқастардың өзін түсіндірме парағын таратып, үйге шығарған. Ал дәрігерлері ақысыз демалысқа шығып кеткен», дейді науқастың жақындары.
Мәселе осымен бітсе жақсы. Қазір науқастың асқазанына жасалуға тиіс емшараның өзі порталдағы ақшаның жоқтығы мен кезектің алға жылжымауынан кешеуілдеп келеді екен. Қор мамандары мұны стационарлар жоспарлы түрде де, шұғыл түрде де пациенттерді қабылдайтындықтан, күту уақыты шұғыл келіп түсетін пациенттердің санымен байланыстырады. Бұл – шұғыл келіп түсетін пациенттер саны артылып жатса, жоспарлы көмек алдағы уақытқа ауыстырылады деген сөз. Яғни жоспарлы көмек ретінде қаралуға тиіс науқастың басы екіге бөлініп, екінші дүниеге аттануға соңғы сағаттары қалғанда келуге тиіс дегенді білдіретін секілді. Себебі Тұрсын Қазыбаевтың екі көзі шарасынан шыққанға дейін де тиісті мекеменің табалдырығын аттауға мүмкіндік бермегенінен осыны байқауға болады. Айтпақшы, жолдама жасау кезінде төсектік орын санына да мән беріліп, ай сайын сызықтық шкала қолданылады. Бұл бойынша қормен шартқа отырған медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы бөлінеді. Сол үшін олар «жыл соңында қаржы жетіспей қалады деген жаңсақ пікір» деп сендіреді.
Медициналық ұйымдар қарызға батты
Хош делік, қор мәліметінше, бүгінде 16 млн-нан аса азамат сақтандырылған. Бұл дегеніңіз МӘМС жүйесінде халықты қамту деңгейі тұрғындардың 87,3%-ын құрайды. Жарна төлеуден босатылған адамдардың саны – 11,9 млн МӘМС және ТМККК аясында келісімшарт жасасқан медициналық ұйымдар саны – 1977. Оның 712-сі мемлекеттік және 1265-сі жекеменшік мекеме. Қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдарға былтыр 2,3 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде 1,8 трлн теңге мемлекеттік мекемелерге, 5,7 млрд теңге жекеменшік клиникаларға бағытталған. Былтыр он айда медициналық қызметтер сапасына қатысты 21,5 млрд теңгеге 2,5 млн кемшілік анықталса, басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызметтерге қатысты болып отыр. «МӘМС әрбір азаматқа қолжетімді тегін медициналық көмекке кепілдік береді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін қызмет көрсетіледі. Бүгінде осындай 15 жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адам бар. Мысалы, бір адам жылына бір рет терапевттің қабылдауына баруы, ал біреуге 2 миллион теңгеге қымбат операция жасалуы мүмкін. Мұның барлығы МӘМС аясында бірыңғай шоттан төленеді», дейді қор өкілдері. Бір қызығы, кепілдендірілген және мемлекеттің тегін қызметін де ақылы негізге айналдырудың жолы көп. Мысалы, бүкіл Алматы халқына МРТ аппараты тек екі жерде ғана бар. Оның өзінде кезегі келіп бітпейтін тегін түсіруге тиіс аппараттардың біреуі істен шықса, денсаулығы үшін жұрт ақылы аппарат іздеп сабылып кететінін саланың мамандары да жақсы біледі.
Жыл соңында ақша жетіспей жатқаны жайлы ақпарат жаңсақ болса, науқастардың қабылдаудан бас тартқан медициналық мекеменің бір бөлімі түгел ақысыз демалысқа шығып, пациенттерді келесі бөлімге ауыстырып әбігерге түсіп жатпаған болар еді. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Константин Авершин Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлерінің жанайқайын жеткізді. Ондағы медбике мен санитарлар, дәрігерлердің жалақысы кешіктіріліп берілген. Себебін аурухананың бас есепшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша бөлінуімен түсіндірген көрінеді. Мұндай қаржылық тұрғыдан қиындыққа тап болған медициналық ұйымдардың саны үш жылда артып отыр. Осылай деген депутат Ақмарал Әлназарова 2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымның 109,6 млрд теңгеге несие берешегі барын айтады. Салдарынан медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызметтердің көлемін де қысқартуға мәжбүр. Ол медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайтынын жеткізді. «Тек есептелген несие берешегінің көлемі 2021 жылдан бастап 2 есе көбейген. Былтыр бұл 100 млрд теңгені құраса, биыл 109 млрд болып отыр», дейді депутат. Оның сөзінше, проблеманың туындауына саладағы стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері, медициналық қызметтер номенклатурасының болмауы себеп.
Сыннан көз ашпайтын сала көп бізде. Әрине, өзгеріс енгізіліп, реформалардың тәжірибе алаңына айналған жерде сын да болары түсінікті. Десек те адамның өмірі мен денсаулығына жауапты саладағы жылда қайталанатын кемшіліктің түзелмеуі миллиардтап жарна аударатын науқастардың жанайқайына құлақ түретін жауаптылар жоғын дәлелдеп беретіндей. Бұл апталап емхана кезегін күтіп жүргендердің арасында соңғы сағаты соғылып жатқан науқастардың артуына алып келіп отыр. Жаңа жыл басталса жарна көлемін өсіруге себеп іздейтін саланың жауаптылары жарна құнынан қымбат адам өміріне де араша болуды үйренсе екен дейсің.