Мәселе • 08 Қаңтар, 2024

«Қорғансыздың күнін» кешкен Бектауата

84 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бектауатаның берекесін қашырғалы қашан? Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Қарағанды – Балқаш» күрежолының құрылысына таудың тасын тасып, жұрттың ашуына бір тиген еді. Енді сол тауды тегістейміз деген ниетпен жарылыс жасап, ел ашуына екі тиіп отыр.

«Қорғансыздың күнін» кешкен Бектауата

Жарылыс таудың солтүстік-батыс сілемі – Қоңырқұлжа шо­қы­сының жалғасы саналатын Жан­ұзақтың төбесіне жасалыпты. Нәтижесінен тау баурайының тас-талқаны шыққан. Тау баурайында бұрғылау, қазу жұмыстарын жүргізетін техникаларын сайлап қойыпты.

Қазылған жерлерді табиғи қал­пына келтіру үшін «Дәне­кер жол» компаниясы жарылыс жасау арқылы әрекетке көш­кен. Алайда компанияның бұл қа­дамы қасиетті таудың берекесін қашырып, жұрттың ашуына қат­ты тиген.

Қарағанды облысының таби­ғи ресурстар және табиғатты пай­далануды реттеу басқармасы­ның басшысы Бақтияр Санбаев «Дәнекер жол» компаниясы­ның жобалық құжатында жарылыс жасау көрсетілмегенін алға тартады. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіп­сіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бұрғылау-жару жұмыстарын жүр­гізуге рұқсатты берген көрі­неді.

– Біздің құжат бойынша Бек­тауата карьерінде мелиоратив­тік жоба мен келісімшарттық міндеттемелер негізінде бұр­ғы­лау-жару жұмыстары жоспар­лан­ған. 2022 жылдың 14 жел­тоқ­санында «Дәнекер жол» ЖШС Ортадересін ауылдық ок­ругі әкімдігінің қолдауымен құ­рылыс тасын өндіруден кейінгі қал­пына келтіру жоспары бо­йын­ша жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізген. Сот отырысында бұр­ғылау-жару жұмыстарын жүр­гізу қажет екені түсіндірілді. Қо­­ғамдық тыңдаудың хаттама­лары қолжетімді. Бұл шара еңіс­терді тегістеуге бағытталған. Ка­рьердің қабырғалары өте биік және тік болғандықтан, апаттар мен малдың құлауын болдырмау үшін оларды бұрғылау-жа­ру жұмыстарын қолдана оты­рып, тегістеу қажет. Біздің техни­ка­лардың тегістеуге шамасы жетпеген соң, жарылыс жұмыстарын жасауға шешім қабылдадық. Айта кетейін, біздің компания бөлінген 8,5 гектар алқап шегін­дегі жер учаскесінің шекарасынан аспай жұмыс істеген, – дейді «Дәнекер жол» ЖШС дирек­торының орынбасары Асқар Керембаев.

Жергілікті тұрғындар осы ма­­ңайда ашаршылық жылдары дүние салған адамдардың тас бе­­йіт­тері болғанын айтады. Бі­рақ қопарылған жерден қо­рым­ның бар-жоғын анықтау мүм­кін болмай қалды. «Дәнекер жол» компаниясына дейін бұл жер «Айтас-2002» ЖШС-ға қа­раған. Кейіннен олар мемлекет қарамағына өткізген көрінеді.

Алматылық «Дәнекер жол» ЖШС 2022-2023 жылдары жол құрылысына тау сілемінен 1,5 млн тонна тас алу үшін 500 тон­на­дан аса жарылғыш затты қол­дануды жоспарлап отырғанын есті­ген ел бас көтерген еді. Енді, міне «артық қыламыз» деп...

Осы бір дүрбелеңнен соң Ша­шубай кентінің әкімдігінде об­лыстан келген комиссия құ­рамы тұрғындармен кездесу өткізіпті. Жиынға экология, жер саласындағы бірқатар ведомство басшылары қатысты.

Бектауата тұрғыны, қоғам бел­сендісі Төлеубек Дөнентаев жер­­ді заңды пайдалану мен қор­ғалуын бақылау жауапты адам­дардың басты міндеттерінің бірі екенін айтты.

– Бұл жұмыстар басталға­ны­на 4-5 жыл уақыт болды. Қоңыр­құлжаның шоқысына залал кел­тірілді. Бектауата тауынан 23 ша­қырым жерде деп анықтама бе­рілген. Ал ол жердің арасы – бір шақырым. Қоңырқұлжаның қопарылып жатқан бұл төбесін «Жанұзақтың төбесі» деп атайды. Сіздердің табиғатқа жандарыңыз ашымай ма? Бұл таудың тасына дейін қасиетті. Бұл жұмыстар басталғалы айналамыздан береке кетті. Аң мен құсына дейін, тіп­ті, ордалы жыланға дейін кө­шіп кетті. Арқарлар осы жерде наурыз айында төлін өргізетін. «Жол салып береміз» деп ха­лық­ты алдадыңыздар. Салған жол­дарыңыз жарамсыз болып, қыс айында азық-түлік жеткізе алмай қалдық. Сонымен қатар құжатта «Бектау» карьері деп көрсетілген. Бұл жер әуелден «Бектауата» аталған. Осы жерден де шикілік көріп тұрмын. Жолдың бойында бірнеше учаскелік мекемелер шаңды көтеріп жұмыс істеп жатыр. Тіпті, өндіріске қажетті зиян­ды қоспалары ауамен таралып, малдар іш тастаса, адамдар­дың денсаулығына да кесірі тию­де. Осының барлығына жауап­­ты Қарағанды облысы эколо­гия депар­таменті тексеріс жүр­гізу керек, – деді Т.Дөнентаев.

Сонымен қатар жиында Қа­зақ­­стан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башар да сөз алды.

– Бектауата – Арқаның мойнына таққан тұмарындай қасиет­ті жер. Дұрыс жол салу өркениет үшін пайдалы шаруа екен. Бірақ біз бір жағын жөндесек, екінші жағына зиян келтіруге дайын тұ­рамыз. Жолға Бектауатаның та­сынан басқа тас жететін еді ғой. Сіздер Бектауатаның іргесін қо­пармақ түгілі 50 шақырым алыс жүріп, бір түйір тасын алуға хақы­ларыңыз жоқ. Балқаштың Қо­ңыратының кеніш алу жұмы­сы бас­талмай тұрғанда Қоңы­рат шоқысы болған. Оны бір кезде әйгілі «Жидебай батыр­дың қарауыл төбесі» деп атаған. Архивтен суретін көрдім. Көлдің аумағы көрінетіндей үлкен шоқы болған екен. Сол шоқыны осылай жарылыс жасап жойып жіберген. Бұл әрекет осы сарындас дүние болып тұр. Жолдың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Балқаштан Қа­рағандыға дейінгі аралықтағы жолдың екі қабағы да қазылып, терең шұңқырға айналған. Мал жайылымдарына зиян тиген. Та­биғатымызға өз қолымызбен қиянат жасап жатырмыз, – деді Ж.Башар.

Мұнымен қоса, жиылған жұрт­­шылық тауда жарылыс жа­сал­са, су көздерінің біте­летінін, жер қойнауындағы минералды ресурстар жойылатынын айтып, дүмпу жасады.

Қарағанды облысы жер қа­тынастары басқармасының бас­шысы Нұрлан Ламбеков көте­ріл­ген мәселе қатаң қадағалауға алынып, экологтердің сараптамасына сәйкес 10 күн ішінде жауап берілетінін, жарылыс жұмыстары тоқтатылғанын жеткізіп, жиынды қорытындылады.

Бектауата – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген тарихи орын. «Ерекше қор­ғалатын табиғи мұра ескерт­кіш­тері» санатына еніп, мемлекет­тің қорғауына алынған. Бірақ қор­ғансыздың күнін кешіп тұр...

 

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы