Елорда • 09 Қаңтар, 2024

Астанада құрылысы ұзаққа созылған тағы 10 тұрғын үй кешені аяқталады

82 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің соңғы бөлігі биыл аяқталатынын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада құрылысы ұзаққа созылған тағы 10 тұрғын үй кешені аяқталады

Фото: Астана әкімдігі

«Араби 2 - Гранитный 2», «Арыстан, 4-блок», «Future home» секілді құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылыс барысымен таныстым. Бұл тұрғын үй кешендерінің құрылысының басталғанына 12 жылға жуық уақыт болды. Мысалы, «Араби 2 - Гранитный 2» тұрғын үй кешені 2013 жылы проблемалы деп танылған. Мұнда 200-ге жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. «Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы да 2013 жылы басталған. Нысанды ЕҚК-ге беру кезінде 4 және 7 қабаттар ғана салынған. Құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында 16 мыңнан астам үлескер отбасының 15,5 мыңға жуығы баспаналы болды. Ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды», деп жазды Ж.Қасымбек.

2023 жылы құрылысы ұзаққа созылған 32 тұрғын үй кешені болатын. Әкімнің айтуынша, былтыр ұзаққа созылған 22 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталған.

«Биыл 10 үй қалды, олардың құрылысы осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқталады. Осылайша, қалған 500-ге жуық үлескер отбасы баспаналы болады. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында», делінген жазбада.