Аймақтар • 10 Қаңтар, 2024

Екібастұздағы жылыжай жабылмаса игі

150 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Екібастұздағы «Greenhouse Qaztomat» компаниясында күрделі жағдай қалыптасты. Ұйымның жылыжайларында өсірілген қызанақтың жаңа гибридті түрін жергілікті өсімдік карантиніне жауапты мекемелер жою туралы ұйғарым жасаған. Салдарынан жылыжайдың үштен екісі карантинге жабылып, кәсіпорын 1 млн доллар шығынға батқалы отыр.

Екібастұздағы жылыжай жабылмаса игі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Egemen Qazaqs­tan» газетіне берген сұхбатында: «Экономи­каның өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сон­да ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз», деп нақты айтқан болатын.

Алайда бүгінде отандық агроөнер­кәсіп саласында кейбір озық ғылыми ізденістер мен жаңа гибридті сұрып­тарды енгізу жауапты министрлік тара­пынан қолдау таппай отырғаны байқалады. Бұған Екібастұздағы жылыжай кешенінің басына төнген келесі ауыртпалық толық мысал бола алады.

Мәселені асықпай баяндасақ. 2015 жы­лы Иордания мемлекетінде алғаш тіркел­ген «Tobamovirus (ToBRF) – қызанақ же­міс­терінің қоңыр қатпарлы вирусы» бүгінде әлемдегі жылыжай саласы үшін өте қауіпті болып тұрғаны анық. Вирус Израильде, Мексика мен Қытайда, кейін­нен АҚШ пен Еуропа елдеріне тарап кетті.  Қызанақ пен бұршақ егетіндер үшін өте қауіпті. Жоғары патогенді әрі ұзақ уақыт бойы тұқымдарда, өсімдіктерде өміршең болып қала береді. Жылыжай алқаптарына түссе, бір аптаның ішінде өсімдіктерді тып-ти­пыл етіп құртады. ToBRF жаңа вирус түрі болғандықтан, Карантин мен өсімдік қорғау жөніндегі Еуропалық және Жерорта теңізіндегі ұйымының арнайы тізіміне алынған. Соған орай Еуропа мен ТМД мемлекеттері одан сақтанудың, ел аумақтарында таралып кетуінің алдын алу іс-шараларын тұрақты жүргізіп келеді.

Өкінішке қарай, бұл вирустың емі жоқ. Әлемдегі қызанақ өсірушілер вирусқа қарсы күш біріктіріп, не­бір препараттарды қолданып көрген. Нәтиже болмады. Өсіп тұрған өсімдікке түссе, жапырағы өз бетімен сарға­йып, кейін толық қурап өледі. Ғалым­дар, тіпті оның қоздырғышы 100 градус температурада ғана жойылатынын анықтаған.

Қызанақ өсіруден әлемдегі көш­басшы­лардың бірі – нидерландық Enza Zaden компаниясы жуықта қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусына төзімді жаңа ген ойлап тауып, оны селекциялық жолмен қызанақ тұқымына енгізген. Селекционерлер командасы ойлап тапқан жаңалық қазіргі күні әлемдегі жылыжайларға тарап жатыр. Жаңа ген вирусты жеңудің бірден-бір жолы ретінде мойындалғаны тағы рас.

Отандық «Greenhouse Qaztomat» компаниясы – Қазақстандағы ең ірі жылыжай шаруашылығы. Осыдан екі жыл бұрын қызанақ үшін қауіпті вирустың бірі – «Pepino мозаикадан» кәсіпорын қатты зар­дап шегіп, әлі күнге жылыжайдың бір бө­лігі карантинге телінген. Негізі қаупі мен белгілері бойынша екі вирус ұқсас. Серіктестік басшылығы қоңыр қатпар­лы вирус­тан құтылудың жолын іздей келе, Enza Zaden-нің жаңа гибриді тұқы­мын қолданып көруді жөн деп шешті. Селекциялық тұқымды сатып алуға компания 100 млн теңге шығынданады. Алайда қызанақ жылыжайда жақсы өніп, алғашқы жемісін берген уақытта жергілікті карантинге жауапты мекемелер «өнімнің бойында Tobamovirus белгілері бар, сондықтан 5 гек­тар жерді карантинге жабу керек» деген ұйғарым түсіреді. Кәсіпорын өздерінде жиналатын көкөністі әуелі Small және Magnum сияқты ірі сауда желілеріне жөнелтпес бұрын, карантин сертификатын иеленуге тиіс. Ол үшін жылыжайдың өнімі мен өсімдік жапырақтары арнайы зертханаларға жіберіледі екен. Жергілікті зертхана бұл партиядан қоңыр қатпарлы вирустың белгілерін тапқан.

– Enza Zaden компаниясынан сатып алынған тұқымның бағасы әдеттегі тұқым­дарға қарағанда 2-3 есеге қымбат. Себебі бұл гибридке қауіпті вирусқа қарсы вак­цина егілген. Тұқым иелері біздің же­рі­мізде сынақтан өткізуге мүм­кіндік бер­ді. Қы­занақтың жаңа гибридті түрі бойынша эксклюзивті шартқа енді отырып, Қазақстанда алғашқы болып әлем ғалымдары ашқан жаңалықты пайдаланамыз деген уақытта карантинге жауапты мекемелердің бұл шешімі бізге жай оғындай әсер етіп отыр.  Еуропалық ғалымдар ес­­керт­­кендей, бұл гибридтің бойында Tobamovirus-тың штамы бар. Яғни адамға егі­летін кәдімгі вакциналардағыдай. Ал қоңыр қатпарлы вирустың белгілері бізде өсіп тұрған өсімдік пен оның жемісінде мүлде байқалмайды. Мамандар ауру бел­гілері ретінде 4 симптомды ұсынады. Бұл симптомдардың бірде-біреуі жоқ. Егер жылыжайда қауіпті вирус шынымен тараған болса, өсімдіктер әлдеқашан қурап қалар еді. Зертхана мамандары ПЦР тест арқылы құрамынан штамдарды анықтауы мүмкін. Бірақ ол ешбір патогенді емес, керісінше өсімдіктің вирусқа қарсы төзімділігін арттыратын ген. Осыны каран­тинді қамта­ма­сыз ететін мемлекеттік меке­ме­лер алдын­да дәлелдей алмай тұр­мыз, – деп қын­жылады «Greenhouse Qaztomat» компаниясының директоры Аңсат Жаңатаев.

Жаңа гибридті бағасына қарамастан, сонау Еуропадан жеткізіп, сынақтан өт­кі­зіп жатқан отандық жылыжайдың ғы­лы­ми тұрғыдағы ұмтылысы шындап келгенде кісі қызығарлықтай. Себебі мұндай озық әдістерді бүгінде өндіріске енгізу екінің бірінің қалтасы көтермейді. Екінші тұрғыдан, бұл өсімдік карантині саласында қалыптасқан үлкен мәселені шешуге талпыныс. «Аузы күйген үріп ішеді» деген. Мұндай шығынды іске серіктестік 2 жыл бұрынғы сәтсіздіктен соң амалсыз барғаны тағы мәлім. Ка­рантинге жауапты органдардың жо­ғарыдағы ұйғарымы жылыжай ұжы­мының жігерін құм етіп отырғаны жасырын емес.

Жалпы, екібастұздық жылыжайдағы көкөністер жасанды жарықтандыру ар­қы­­лы голланд технологиясы бойын­ша қор­ғал­ған топырақта өседі. Ал тұқым то­лық­тай Нидерландтан, өсімдіктерді то­заңдандыруға арналған аралар Англия­дан жеткізіліп отыр. Тыңайтқыш­тар да шеттен сатып алынады. Тек өсіп шыққан өнім ғана отандық саналады. Бұл да жылыжай шаруашылығы үшін –  үлкен мәселе.

«Біздің қызанақтарымыз нарықта ұзақ уақытқа сақталатын қасиетімен танымал. Өніп шыққан соң 12 ай бұзылмайды. Барлығы 30 гектар жерге көкөніс егеміз. Алайда екі жыл бұрын 7,5 гектарға карантин салынып, Ресей еліне экспортқа өнім шығара алмай келдік. Енді мына жағдайда мәселе біздің пайдамызға шешілмесе, тағы 20 гектарды карантинге жабуға тура келіп тұр. Жылыжайдың қалған 10 гектары біздің шаруашылықтың шығынын жабуға қабілетсіз. Оның үстіне жаңа тұқым мен технология үшін жалпы сомасы 1 млн  долларға шығындандық. Келеңсіз жағ­дай біздің компанияны орға жығып, банкроттыққа апарып соқтыруы ғажап емес. Салдарынан серіктестік жабылып, 500-ден аса қыз­меткеріміз жұмыссыз қалады», деп әңгімесін жалғастыра түсті жылыжай басшысы.

Мәселенің ізімен Ауыл шаруашы­лығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция коми­тетінің Пав­лодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүй­кеновке хабарластық. Ол өткен жылдың 8 желтоқсанында жергілікті мамандар екібас­тұздық жылы­­жайдан алған сына­малар­ды рес­пуб­ликалық өсімдіктер каран­ти­ні орталығына жіберіп, қызанақтың құра­мынан қоңыр қатпарлы вирус штамдары табылғанын растады. «Ол бойынша жылыжай басшылығына ұйғарым жіберген едік. Кейін біздің мамандарымыз кәсіпорынның өсімдіктерінен тағы да сынамалар алған. Алайда үлгілеріміз жарамсыз болып шығып, 28 желтоқсан күні тағы да алынды. Оның барлығын рес­­публикалық өсімдіктер карантині орта­лы­ғына жөнелткенбіз. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз. Егер зертхана вирустың тарал­ғанын растаса, жылыжайдың әлгі гиб­рид­ті қыза­нақтар егілген жерін толық құр­туға тура келеді», дейді инспектор. Негі­зі өсім­діктердің құрамын зерттейтін зерт­хана Павлодар облысында да бар. Бірақ онда жаңа жабдықтар, реактивтер жоқ. Амалсыздан үлгілерді елордаға тасиды. Бұл аралықта алынған сынамалардың құрамы өзгеріп немесе сырттан қауіпті вирус тасымалдағыштардың түсу қаупі зор. Сондықтан бұл кемшілікті де Агро­өнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инс­пекция комитеті ескереді деген үміт зор.

Атап өтерлігі, жуықта жылыжайға Мә­жіліс депутаттары Серік Егізбаев пен Ни­ко­лай Арсютин арнайы келді. Ха­лық қа­лаулылары ел Президенті тұқым ша­р­уа­­­­шы­лығы мәселелері бойынша үлкен ке­шенді бағдарлама әзірлеуді тапсыр­ғанын, алайда бұл міндет 2 жыл­дан бері әлі күнге іс­ке аспағанын жет­кізді. Сондықтан пробле­маны Парла­ментте көтереміз деп уәде етті.

А.Жанатаевтың айтуынша, қазір отан­дық жылыжайлар өте қиын жағдай­да тұр. Ресей елінің компаниялары на­рық­тық, каран­тиндік тұрғыдан қыспаққа алып, сал­­да­рынан көптеген жылыжай жабы­лып та қалған. Мәселе бұлай жал­ғаса берсе, жыл сайын отандық на­рық­ты 8 мың тон­на қызанақпен қам­ти­тын «Greenhouse Qaztomat» сияқ­ты ірі кешен де құрып ты­­нуы мүм­­кін. Бұл түптеп келгенде ұлт­тық эко­­­но­микамызға үлкен ауыртпалық түсіреді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы