Енді 2021 жылдан бастап ол «Ұлттық баяндама» деп аталады. Баяндама атауы және оның бағдарының қайта өзгеруі – қоғамдық кеңестердің мемлекеттік деңгейде маңызының барған сайын өсуі мен таныла бастағанын көрсетеді. 2023 жылы дайындалған «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама – 2023» ұлттық баяндама ретінде үшінші рет жарияланып отыр.
Баяндама қоғамдық кеңестің қазіргі жұмысын ғана емес, оның тұтастай қоғам дамуындағы маңыздылығын көрсетеді. Жаппай сауалнама, қоғамдық кеңес өкілдерімен өткен терең сұхбаттардың нәтижесінде кеңестің қазіргі жағдайына баға берілді.
Бүгінде қоғамдық кеңестердің демократиялық үрдіске қосатын үлесін бағалау өзекті. Кеңестердің азаматтық қоғам және мемлекеттік органдармен іс-қимылы түрлі жиындар, қоғамдық тыңдау және мониторинг сияқты қоғамдық бақылаудың құралдары арқылы іске асып жатқанын байқаймыз. Жалпы алғанда, қоғамдық кеңестер мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікке, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысқа ықпал етеді.
Елімізде әртүрлі деңгейдегі 258 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. 2022 жылы қоғамдық кеңестердің 90 пайызының құрамы жаңарған. Қазіргі уақытта ҚК мүшелерінің 3 818-і, шамамен 85%-ы азаматтық сектордың өкілі. Бірінші жартыжылдықта ҚК белсенді жұмыс істеп, 1 204 отырыс, 312 қоғамдық тыңдау және 404 қоғамдық мониторинг өткізді. Нәтижесінде, нормативтік-құқықтық актілердің 3 615 жобасы қаралып, 80%-ы бекітілді.
Қоғамдық кеңестер құрамына қарайтын болсақ, мемлекеттік орган өкілдерін, азаматтық сектор, бюджеттік ұйым, саяси партия, депутаттар, БАҚ, бизнес, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және басқалары кеңінен қамтылған. Кеңес мүшелерінің шамамен 73 пайызы ер, ал әйелдердің үлесі шамамен 27 пайыз.
Зерттеу барысында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» 1 200 респонденттен сауалнама алып, әртүрлі деңгейдегі кеңестің 20 өкілімен тереңдетілген сұхбат ұйымдастырды. Егер 2022 жылы респонденттердің тек 37,1 пайызы қоғамдық кеңестердің бар екені туралы айтса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 43,2 пайызға дейін өсті. Ал олардың қызметімен таныс адамдардың үлесі 2022 жылғы 28,8-ден 2023 жылы 65,8%-ға дейін өсті. Бір жыл ішіндегі 37% өсім қоғамдық кеңестердің жұмысына деген қызығушылықтың едәуір артқанын аңғартады.
2023 жылы кеңестердің қызметін өте пайдалы деп санайтын адамдар саны өскен (17,8%-ға дейін). Сондай-ақ кеңестер қызметінің аз да болса пайдасы бар (15,5% өсім) деп санайтындар саны артты.
Сауалнама бойынша ҚК қызметі бірқатар бағытта пайдалы деп бағаланады. Респонденттердің 50,9 пайызы қоғамдық кеңестердің қоғамның өткір мәселелерін шешу ықтималдығы жоғары деп мәлімдеген. Сауалнамаға қатысқандардың 36,6 пайызы үшін қоғамдық кеңестердің басты ерекшелігі – олар азаматтарға проблеманы шешудің тиімді формасын ұсынды. Сонымен қатар респонденттердің 37,6 пайызы кеңестер азаматтарға әртүрлі мәселеге қатысты көмек көрсетеді деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 24,4 пайызының пікірінше, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметін бақылауда ҚК маңызды функция атқарады. Сондай-ақ кенестер жергілікті атқарушы биліктің де жұмысын орындайды (13,9%) деп санайтындар бар. Соңында, респонденттердің 17,8%-ы әлеуметтік маңызды бастамаларды ұсынудағы ҚК-нің рөлін ерекше атап көрсетті.
2023 жылы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы хабардар болу деңгейі де былтырмен салыстырғанда жақсарған. Теледидар арқылы ақпарат алу – 15,5%, интернет пен жеке өтініш арқылы екі есеге жуық өскен. Туыстары мен достары арқылы ақпарат алу 8,6%-ға артқан. Әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру деңгейі 2022 жылғы 18,3-тен 2023 жылы 60,4 пайызға, яғни 3,3 есе өсті.
2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда қоғамдық кеңестердің қызметі туралы пікір айтарлықтай жақсарған. Жалпы, позитивті көзқарас екі есеге жуық өсіп, теріс пікір төмендеген. 2023 жылы оң көзқарас 71,3 пайызды құрады. Респонденттердің жауаптарын салыстырғандағы позитивті және жалпы позитивті жауап бергендердің ортақ өсімі 34,4%.
Сауалнама және эксперттердің талдауынан кейінгі Ұлттық баяндаманың негізгі нәтижелеріне тоқталсақ, жалпы елімізде Қоғамдық кеңестер институтының дамуы динамикалық түрде жүріп жатыр. Дамудың оң үрдісіне қарамастан, ҚК институтының бірқатар мәселесі бар. Мәселен олар: азаматтарды ақпараттандырудың жеткіліксіздігі, ҚК құрамын қалыптастыру мәселесі, заңнаманы түсіндірудегі сұрақтардың болуы, ҚК өз жұмысын ұйымдастырудағы ресурстардың шектеулігі.
- Ақпарат тарату мен коммуникацияны жетілдіруге деген ұмтылысына қарамастан, кеңестердің БАҚ-пен жұмысы әлі де шектеулі.
- Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың оң динамикасына қарамастан, кеңестер жұмысына органдардың араласуы туралы пікірде қарама-қарсылық бар.
- Қысқа мерзімде ҚК жұмысының заңнамалық негіздері қалыптасты, бірақ қаржыландыру және ресурстар әлі де өзекті.
- ҚК-лер шешім қабылдауында цифрлық технологиялар мен деректерді одан да белсенді пайдаланады деп күтіледі.
Жүргізілген зерттеу негізінде, сарапшылар орталық және жергілікті басқару органдарына, қоғамдық кеңестерге 40-тан астам ұсыныс әзірледі.
Елімізде ҚК институтының дамуы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Бұл үрдісті азаматтық қоғамының барлық деңгейдегі шешімдер қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуға дайындығы ретінде түсіндіру қажет. Алайда бұл мәселеде назар аударуды және түзетуді қажет ететін белгілі бір кемшіліктер бар екенін де мойындауымыз керек.
Кейбір кемшілікке қарамастан, ҚК институтының даму үдерісі оның қоғамдық тұрғыдан мақсат қоя білгендігі мен оның тиімділігіне деген сенімділікті тудырады. Оң кейстерді және анықталған мәселелерді еңсеру бойынша дәйекті, табанды күш-жігерді ескере отырып, ҚК одан әрі демократиялық қайта құруларға және азаматтардың ел болашағын қалыптастыруға белсенді қатысуына жәрдемдеседі.
Риззат ТАСЫМ,
ҚҚДИ Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы