«Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралып жатыр. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады.
Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек», деп атап өтті.
Мемлекет басшысы ерекше атап өткендей «еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жаңашылдық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар».
Осы қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру басты борышымыз екенін, еліміздегі білім саласының ұстаздары, оқытушылары, профессорлары мен ғалымдары терең сезініп, үлкен жауапкершілікті мойынға алып, абыроймен атқаруға күш-жігерімізді, бүкіл тәжірибемізді жұмсауға міндеттіміз деп санаймын.
Сонымен қатар еліміз биылғы жылы Халықаралық көшпенділер ойынын өткізетіндігіне тоқталып өтті. Бұл өз кезегінде ұлттық рухтың асқақтауына әсер ететін шара болмақ.
Президент 2024 жылы қазақтың біраз айтулы тұлғасының мерейтойы аталып өтетініне тоқталды. Соның ішінде биыл қазақ ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға, елдегі тұңғыш ғылым академиясын құрған, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл болады.
Бұл біздің академиктің есімін иеленіп отырған университетіміз үшін үлкен мерекелік іс-шара. Сонымен қатар осы жылы университетіміздің 90 жылдық мерейтойын жыл бойы атап өтеміз деп отырмыз. Ең басты меже мен мақсат Сәтбаев университеті ғалымның лайықты ізбасарларын дайындау жолында тұрақты жұмыстар атқара беретін болады.
Бұл ауқымды шаралар Мемлекет басшысының аталған сұхбатта ел болашағына қатысты айтқан сүбелі де салмақты ойларымен астасып қабысып жатыр деп ойлаймын.
Ержан ИТЕМЕНҰЛЫ,
Сәтбаев университеті
Басқарма мүшесі — Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор