Бес томдықтың ерекшелігі сол – әр томның атауы бар. Бірінші том «Табалдырық» деп аталады. Мұнда ғалымның 1979-1991 жылдары жазған еңбектері топтастырылған. Бұларда тарихи тұрғыдан Қазақстан мәдениеті, ұлт интеллигенциясының рөлі, республикадағы ауыл-аймақ тағдыры, демографиясы зерделенген.
Екінші том «Тағдыр» деп аталады. Бұл томда Қазақстан тарихының өзекті тақырыптары, соның ішінде ХІХ-ХХ ғасырлардағы елеулі оқиғалар мен тұлғалар еңбегі талданады.
Үшінші томның атауы – «Тұлға». Мұнда Ұлы даланың қырыққа жуық тұлғасының мұрасы мен ұлттық тарихтағы орны байыпталады. Қызық деректер мен тың пайым-тұжырымдар Отан тарихындағы «ақтаңдақ» кезеңдерді аша түседі. Айталық, бізге заңгер ретінде осы томдағы Салық Зиманов туралы мақаласы ерекше ұнады.
Төртінші «Тарту» аталатын томда автордың Тәуелсіздік тұсындағы зерттеулері топтастырылған. Ұлт тарихындағы бетбұрысты оқиғалар мен өзгерістер алғышарты мен нәтижесі баяндалады.
Ғалым жинағының бесінші томы ертеңгі ғалымдар үшін пайдалы құрал дерлік. Мұны «Хангелді Әбжановтың шеберлік мектебі» десе де болады. Бұл томға автордың еңбектері мен естеліктеріне қоса замандастарының ол туралы әр жылдары жазған ой-пайымы, ықылас-ниеті енген.
Белгілі тарихшы-профессор Гүлнар Кәкенова Хангелді Махмұдұлы туралы: «Оның ұстанымынан, зерттеуінен, адамшылығынан нағыз интеллигент екені байқалып тұрады. Ол өз-өзімен үйлесімдікте өмір сүреді», деп жазған екен. Көптомдықпен танысқан оқырман осы пікірдің ақиқатына көз жеткізеді.
Еркебұлан Нұғыман,
заң ғылымдарының кандидаты