Иә, «Оқпан» атты романы мен «Дерт» повесін кезінде әдеби орта жылы қабылдап, оқырман тарапынан да өз бағасын алған туындылар екенін білеміз. «Қайсар ғұмыр» атты радиодрамасының орны бөлек. Әсіресе ертеректе «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Кісікиік» атты мақаласы кеңестік кезеңдегі құқық қорғау саласының кемшіліктерін әшкерелеп, қоғамды дүр сілкіндірді. Оңласын Әмірқұловтың есімі сол кезеңде жан-жақты танылып үлгерген еді.
Ол әлдеқандай әңгіме бастар алдында рахаттана күліп алады. Сәлден кейін онымен бірге өзің де жадырап сала бергеніңді байқамайсың. Ақкөңіл, аңқылдақтығына қоса баладай аңғалдығы тағы бар. Ең бастысы, ол ешкімге жоқ деп айта алмайтын адам еді. Ал жасаған жақсылығына алғысыңды білдірсең, жүре тыңдайды. Тіпті мән бермейді. Тек басқаларды риза қылу үшін өмірге келген жан тәрізді. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің құқық бөліміндегі журналистік қызметі, адам құқығы жайында сөз қозғаса, соңы таусылмас хикаяттарға ұласады.
Оңласынның маған да зор шапағаты тиген. Бірақ оны өзі сезбей кеткен сияқты көрінеді де тұрады. Кездесе қалғанда сол оқиғаны ылғи есіне салатын едім. Мән бермейді. Ұмытып қалған шығар деймін. Әлде біреуге жасаған жақсылығын міндетсінбейтін қарапайымдылығы ма екен? Ол жағы маған күні бүгінге дейін түсініксіздеу.
Сексенінші жылдардың орта шені. «Жалын» баспасында редактор болып істейтінмін. Ол жылдары публицистикалық жанрда жазылған авторлар топтамасы жиі ұйымдастырылады. Солардың біріне жауаптымын. Өңдеу, сұрыптау барысында көп шығармалардың ішінен О.Әмірқұлов деген автордың мақаласы салмақтылау көрінді. Риза көңілмен қол қойып, өндіріске жібердім. Кітап шыққаннан кейін ғана Оңласынмен таныстығымыз басталды. Бірден ежелгі досындай өзімсініп, ағыл-тегіл шешіліп қоя берді. «Тым ақкөңіл адам екен-ау!» деймін ішімнен. Құқық қорғау тақырыбына жазған мақалалары мен фельетондары, әділетсіздікке қарсы күрес жайына келгенде тіпті екпіндеп кетеді. «Социалистік Қазақстан» газетіндегі басшылары – Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Нүриден Мүфтаховтарды ұстаз тұтады. «Жалын» баспасының директоры Сейдахмет Бердіқұлов туралы да жылы пікірлерін төгіп-төгіп тастады.
«Жалын» баспасындағы үй кезегім тақап қалған. Өзім пропискада тұратын жерге ауылдағы шешемді тіркете алмай жүргенмін. Қалалық ішкі істер басқармасындағы осы мәселесімен айналысатын бастықсымақ құжаттарымның шекесіне «төрт шаршы метр жетпейді» деп көрсетіп, аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжат қызметкері «Бәленбаеваның назарына» деп қол қойып, шығарып салған.
Кеңестік кезеңде Алматы – жабық қала. Төлқұжат тіркеуіне тұру – қазақтар үшін қиямет-қайымның өзі. Бірде, сөз арасында осы жайында айтып қалып едім, Оңласын: «Ол кісіні мен жақсы танимын. Кеттік», деді. Салып ұрып І Алматы жақтағы аудандық партия комитетіне алып келді. Біздің барар жеріміз аудандық ішкі істер басқармасы еді ғой дегенімше болған жоқ, екінші қабаттағы Бәленбаеваның бөлмесіне кірдік. Орта жастағы әйел адам жылы қабылдады. Оңласын апыл-ғұпыл келген бұйымтайымызды баяндай жөнелді. Бастық әйел менің құжаттарымды қолына алысымен:
– Сіздер маған қателесіп келіп отырсыздар. Бұл құжат осы ауданның ішкі істер бөліміндегі менімен фамилиялас адамға жіберіліпті, – деді.
Аңтарылып қалдық. Жиған-терген қағаздарымның ішкі-сыртқы «сырын» Оңласынға егже-тегжейлі түсіндірмегеніме, буынсыз жерге пышақ ұрғаныма өкініп мен отырмын. Бірақ ол сасар емес. Әдеттегі аңқылдақ көңілімен өзімсіне жымиып:
– Онда сол кісіге бір ауыз өтініш айтыңыз. Сіздің сөзіңізді жерге тастамайды ғой, – деді.
Елге танымал «СҚ»-ның белгілі журналисі болғандықтан ба, әлде Оңласынның жеке басын құрметтегендіктен бе, ол кісі аудандық ішкі істер бөліміндегі фамилияласына телефон шалып, біздің қателесіп өзіне келгенімізді, дегенмен мүмкіндік болса көмектесіп жіберуін сұрады. Сөйтіп, мәселем аяқастынан шешілді. Қуанысып тарқастық. Бір жылдан кейін, екі бөлмелі пәтер кезегінде тұрған мен өзіммен бірге төлқұжат тіркеуіндегі шешемнің есебінен, сол қарсаңда дүниеге келген екінші сәбиімнің есебінен төрт бөлмелі пәтерге ие болып, бүкіл әулетіміз мәре-сәре болдық та қалдық.
Кездескен сайын Оңласынға: «Менің үйімнің бір бөлмесі өзіңіздікі. Үйдегі жеңгемізбен бірге кез келген уақытта келіп, қонып кетсеңізші» деймін. Қолымды қысып, мәз болады да, ағыл-тегіл басқа әңгімеге ауысады.
Әдетте, екі қазақ таныса қалса, орағыта келіп алдымен қай жақтан екенін біліп алады емес пе. Одан кейінгісі өзінен-өзі белгілі. Оңласын бір сөзінде Жамбылдан екенін айтқан. Мен оны Алматы облысының Жамбыл ауданы деп түсініппін. Яғни Сейдаға-Сейдахмет Бердіқұловтың жерлесі деп қабылдағам ғой. Жамбыл облысынан екенін таяуда ғана естідім.
«Осы Оңқаң мені де Сейдағаңның жерлесі немесе ағайындасы деп жүр ме екен?» деген оймен бір-екі рет туған өлкем Семей жайында, ол жақта өткен ауырлау балалық шағым туралы әдейі әңгіме қозғағам. Ол ұйып тыңдады да, сол баяғы ақкөңіл қалпынан таймады.
Осы ғұмырында қанша адамға аппақ көңілін жайып салып, қанша адамға жақсылық жасағанын білмеймін, бірақ бірде, жұмыссыз жүрген күндерінде дос-жаран, жерлес, ағайындарынан көңілі қалғанын да айтқан еді. Баяғы жақсылығына жақсылық қайтарып, достық парызымды өтейтін сәтім туды-ау деп жан-жаққа шапқылағанымнан ештеңе шықпады. Өкіндім. Өзімді қадірлейді, сөзімді қадірлейді деп жүрген сыйластарымның көбісі құрғақ уәдеден ары аса алмады. Оңқаңды жұмысқа орналастыра алмадым. Ренжідім, өмірге кейідім. Ақкөңіл, адал жандарды кезінде бағаламай, өмірден өткен соң өтірік өкситіндерге күйіндім. Кейінгі кезде ақкөңіл адамдардың алдында өзімді қарыздар сезінетіндеймін. Аңқылдаған біреулерді көрсем, Оңласын Әмірқұлов есіме түседі. Бақиға аттанған жанды да іздейтін кезің болады екен. Мына өмірде Оңқаңның орны ойсырап тұрғандай көрінеді.
Меніңше, бүкіл адами қасиеттің, ұлттық құндылықтың бәрі аппақ көңілден бастау алады. Онсыз азаматтық жайында сөз қозғаудың өзі артық сияқты.
Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ