Мәселе • 11 Қаңтар, 2024

Мектеп кітапханашысы қамқорлыққа зәру

288 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әйгілі жазушы Лев Толстой кітап оқудың маңызы туралы: «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей», деп жазған екен. Алайда қазіргі «ақпарат ғасырында» қажетті мағлұматты ғаламтордан іздеушілер көбейгенімен, терең білім мен рухани тәрбиенің қайнар көзі – кітаптың оқырман қатары сиреп бара жатыр.

Мектеп кітапханашысы қамқорлыққа зәру

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркі­станда өткен Ұлт­тық құрылтайда: «Қазір еліміздегі мектеп кітап­ханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиеті­нің түрлі кезеңін және жанр­ларын қамтитын арнайы тізім жасалу­ға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген болатын.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі­нің Рес­публика­лық ғылы­ми-педа­го­­гикалық кітап­хана­сында «Ба­лалар кітап­хана­сы» бағдар­ламасына ұсы­ны­латын кітаптар тізімі жасалып, оған қазақ әдебиеті тари­хының барлық кезе­ңі мен жанрын қамтитын 1 770 шы­­ғарма енгізілген. Оның 76 па­йызы – отандық, 24 пайы­зы – әлем әдебиетінің інжу-маржандары. Оларды іріктеу үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдері мен мектеп кітап­ханашылары арасын­да жүргізілген сауалнама нәти­желерін ескерген.

«Балалар кітапханасы» бағ­­дарламасын жүзеге асырып, оқушылардың көркем әде­биетке қызығушылығын арттыру – мұғалімдермен қатар, мектеп кітапханашыларының да тікелей міндеті. Шынтуай­тында, олардың бұл бағытта бұрыннан атқарып келе жатқан істері де аз емес. Мәселен, мектеп кі­­­тапханашылары жаңа кі­тап­­тар­ды қабылдап, есепке алу, оқырмандарға беру, кі­тап­­хана қорының сақталуын қам­тамасыз ету және одан сапасы мен мазмұны жағынан ес­кір­ген әдебиетті шығару, оқу­шылар мен ұстаздарға қажетті оқу­лықтар мен әдістемелік құрал­дарға тапсырыс беру, дәстүрлі және электронды каталогтер құрастыру, та­қы­­рыптық картотека жасау, кітапхана күнделігін жүр­гізу, оқу-тәр­бие үдерісін ақ­параттық қамта­масыз ету, кітап көрмелері мен оқыр­мандар конференция­ла­рын, «Демалыста оқу» іс-шара­сын, экскурсиялар, конкурс­тар, шолулар, челлендж­дер ұйымдастыру сияқты жұ­мы­с­тармен ұдайы айналысады. Бұған қоса олар 2020 жылдың қараша айынан бас­тап «Оқитын мектеп – оқитын ұлт» арнайы жобасы аясында оқу-тәрбие жұмыстары­на мұғалімдермен қатар атса­лы­­сып жүр. Осыған орай өз­де­­рінің «Оқу мектебі» жобасын әзірлеп, іс-шараларды офлайн және онлайн форматта өткізіп келеді.

вв

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазіргі кезде мектеп кітап­ханашыларына үлкен талап қойылып отыр. Олар да мұ­ғалімдер сияқты біліктілікті арт­тыру курсынан өткендігі тура­лы сертификат алуға, пе­да­­гогикалық кеңестерде, ата-аналар жиналыстарында сөз сөйлеуге, бұқаралық ақ­па­рат құралдарында мақала жария­лауға, ұлттық білім беру деректер қорын толтыруға тиіс.

Біз тілдескен мектеп ди­рек­­торлары мектеп кітапханашы­лары көп жұмыс атқара­ды, жүк­темелері мәде­ниет са­ласын­дағы әріптес­тері­нікі­нен әлде­қай­да артық, алайда олар­мен салыс­тыр­ған­­да жалақы­лары едәуір тө­мен деген пікір айтты. Мұға­лім­дер мен мә­дениет саласын­дағы кітапханашы­лардың жала­қы­лары кезең-кезеңмен арттырылып отыр­ғанымен, мектеп кітапха­на­шы­лары мұндай әлеу­меттік қам­қорлықтан тыс қалған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл­ғы оқу жылында білім беру ұйымдарында 7822 кітапха­нашы жұмыс істеп жүр. Олар­дың 6840-ғы – мектептерде, 337-сі – қосымша білім беру ұйымдарында, 645-і – тех­никалық және кәсіптік бі­лім беру ұйымдарында. Ұлт­тық статистика бюросы­ның де­ректері бойынша 2023 жылы мемлекеттік білім беру ұйым­дары кітапхана­шылары­ның орташа айлық номинал­ды жа­лақысы 114 446 теңге, мә­дениет саласындағы кітап­ха­нашылардікі 174 387 теңге болған. Себебі азаматтық қыз­мет­шілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес білім беру ұйымдарының кітапхана­шы­лары «С – әкімшілік персонал» функциялық блогіне, ал мәдениет саласының кітап­ханашылары «В2 – басқа са­лалардың негізгі персона­лы» функциялық блогіне жат­қызылған. Мәдениет саласы­ның кітапханашылары ерекше еңбек жағдайлары үшін лауа­зымдық жалақысының 35 па­йызы мөлшерінде үстемеақы да алады.

Білім беру ұйымдарының кітапханашыларын мәдениет саласындағы әріптестеріне теңестіріп, В2 функциялық блогіне жатқызу және оларға да 35 пайыздық үстемеақы төлеу үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. Оқу-ағарту министрлігінің есептеуінше, бұл мақсатқа алда­ғы үш жылдық кезеңде бол­жам­ды қажеттілік шамамен 20,1 млрд теңгені құрайды, соның ішінде 2024 жылы – 5,9 млрд теңге, 2025 жылы – 7,1 млрд теңге, 2026 жылы – 7,2 млрд теңге.

Жалпы, мектеп кітапха­на­шы­ларын білім беру ұйы­мы­­ның негізгі персоналына жат­қызбай, әкімшілік һәм көмек­ші персоналға жатқы­зу­мен ке­лі­су қиын. Өйткені мек­теп кітапханасы – жай ғана кі­тап қоймасы емес, шын мәнінде зияткерлік орталық. Ал оның қызметкерлері – кітапха­на­­шы­лар шәкірттердің оқу сауат­тылығын арттыру және олар­ға рухани тәрбие бе­ру ісінен әсте де шет қалып жүр­ген жоқ. Бұл ретте орта білім беру көшбасшылары сана­ла­тын және өзге мектептерге үлгі ретінде ұсыны­лып отыр­ған Назар­баев зият­кер­лік мектептерінің кітапха­на­шыларына «педа­гог-кітап­ханашы» мәртебесі беріліп, оларға лайықты жала­қы төле­ніп отырғандығын да ескерген жөн.

Шынын айтсақ, қазіргі уа­қытта мәдениет саласының кітап­ханаларына барып, кітап алып оқитын оқырман онша көп емес. Әсіресе ауылды жер­­­­лердегі кітапханалардың қыз­­­­метін пайдаланушылар некен-саяқ. Соны көріп-біліп жүр­ген мектеп кітапхана­шы­­лары «Әділ­дік қайда?» деген сауалда­рын әртүрлі деңгей­дегі шенеу­ніктер мен депутат­тарға айтудай-ақ айтып жүр. Тек одан әзірге еш нәтиже шықпай тұр.