Әлемдік аренада жүргізілетін екіжақты немесе көпжақты келіссөздерде бір жерден шалыс кетсең, мемлекеттің іргесі шайқалып, қабырғасы сөгіліп түседі. Бұл тұста біздің үлкен артықшылығымыз, Президент Қ.Тоқаев – сыртқы саясатты өте жетік білетін, он жыл Сыртқы істер министрі болған, БҰҰ-да қызмет еткен әлемдік деңгейдегі халықаралық дипломат. Сондықтан сыртқы саясат саласындағы ауқымды жұмыстарды атқаруда Мемлекет басшысының әлемдік дипломатиядағы абырой-беделі мен мол тәжірибесі белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.
Мемлекет басшысы сұхбатта ұлт мүддесін қорғау, оны ілгерілету, орнықты дамуға қолайлы жағдай қалыптастыру үшін еліміз салиқалы және прагматикалық сыртқы саясатты жалғастыратынын баса айтты. Оның ішінде Президент еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарын да нақты айқындап берді.
Президент қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды екеніне аса мән берген. Осы орайда Қазақстан – Қытай қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келетініне тоқталып өтеді. Өйткені Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен заманауи мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан Шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану еліміз үшін аса маңызды екенін ұмытпауымыз керек.
Сұхбатта Қ.Тоқаев жақын көршіміз Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн екенін баса айтып отыр. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Президенттің айтуынша, осы жылы Ресеймен екіжақты ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беріледі.
Сондай-ақ Президент 2024 жылы еліміздегі халықаралық деңгейдегі үлкен іс-шараларға ұйытқы болуға тиіс аса маңызды міндеттерді белгілеп берді. Қазақстан өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйым мен бірлестікке төрағалық етеді. Сонымен қатар биыл елімізде бірқатар ауқымды халықаралық саммит, форум өтеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, ұлт мүддесін ескере отырып, биыл да сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыратынымыз көңілге үлкен сенім ұялатады.
Гүлсім ЕҢСЕПОВА,
Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі