Пікір • 11 Қаңтар, 2024

Мемлекет құраушы ұлт: Мәртебе мен жауапкершілік

212 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ел Президенті таяуда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­батында ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыру, құн­дылықтар жүйе­сін жаңғырту қоғамдық жауапты іс екенін баса айтты. Бұл – Мемле­кет құраушы мәртебеге тікелей қа­тысты мәселе. Әлемде 2 мың­­нан аса ұлт, халық болса, солардың 193-інің ғана әлемдік қауымдастық мо­йын­даған ресми мемлекеті бар. Демек мемлекет құраушы ұлт болу – жер шарындағы әрбір он халықтың біреуіне ғана тиесілі зор бақыт.

Мемлекет құраушы ұлт: Мәртебе мен жауапкершілік

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Әр халық саны аз болсын, көп болсын мемлекетін өз жерінде құруды армандайды. Осы ұлы арман жолында зор күрескерлік көрсетеді. Мемлекет құруда шешуші рөл ат­қарған ұлт, сол аумақтағы барлық бас­қа халық өкілдерін біріктіріп мемлекет құрау­шы ұлтқа айналады. Неміс, француз, қытай, орыс, ағылшын секілді ұлттар өздеріне тие­сілі жерлерді біріктіріп, қуатты мемлекет құрды. Іргеміздегі көршіміз қытай ұлты мем­ле­кеттілігінің 5,5 мың жылдық тарихы бар.

Халықтар тәуелсіз мемлекет болу жо­лын­да күреседі. Сондықтан әлемдік әлеу­­меттік-саяси ойда мемлекет құраушы ұлт ұғы­мы объективті шындық ретінде қабыл­­данған. Бұл құбылыс – әлемдік үдеріс. Бар­лық мемлекеттерге тән шындық. Мы­са­лы, АҚШ-ты жаңа құрлықты игеруге кел­ген түрлі халық өкілдері бірлесіп құрап отыр.

Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақытта елі­міз­дің саяси ойы мен билік қаты­настарында мемлекет құрау­шы қазақ ұлты екені ай­шық­­талып айтыла бермейді. Бұрынғы би­лік қазақ халқының мемле­кет құрушы миссия­сын көр­гі­сі келмеді. Қазақ ұлты­ның бірегейленіп, тас түйін әлеу­мет­тік күшке айналып ке­туінен қауіптенді. Осылай болуын өз билігіне қауіп деп есептеді. Мемлекет құраушы миссия қазақ ұлты емес, Қазақстан хал­­қына телінетін ниет ұдайы бі­рін­ші кезекке шығып тұрады. Бұл – қазақ ұлтының тарихи миссиясын, кеңестік жүйе күй­регеннен кейінгі егемен мем­лекет болудағы шешуші қайрат­кер­лі­гін тұмшалау, қоғамдық-саяси шындықты бұрмалау.

Бұрынғы билік белсенді, саналы, мемлекет құраушылығы жасампаз қазақ ұлтының топтасуын қаламады. Билікке аморф­ты, шашыраған, бірлігі нашар Қазақстан халқын қуаттау, ор­тақ ұлтсыз әлеуметтік топты қол­дау пайдалы болды. Себебі Қа­зақ­стан халқы полиэтностық, поликонфессиялық әлеуметтік құрылым ретінде ортақ мақсат-мұраттар платформасында қазақ ұлты сияқты біріге алмайтын еді.

Билік қазақ ұлты өзінің мемлекет құраушылық функцияларын толыққанды орындай алмауы үшін оны ішінен бөлшектеуге тырысып бақты. Олигополиялық топтар әлеуметтік поляризацияны қуаттаса, ұлттық бірегейленуді әлсіреткен діни бөлініске қатал бөгет қойылмады. Түрлі суб­мә­дениет жастарды тоздырды. Халықтың санасын әлсірету мақ­сатында оған нашарланған бұқаралық мәдениет таңылды. Халықтың біршама бөлшегі ресейшіл, біршамасы батысшыл, біршамасы қытайшылдық саясатты жақтай бастады. Діни ра­дикалистік ағымдар ислам та­за­лығы идеясын жалаулатып, дәстүрлі қазақи дүниетанымға, мәдениетке шабуылын күшейтті.

Еліміз қазіргі жаңаша даму кезеңінде қазақ халқының мемлекет құраушылық міндеттерін, функ­­цияларын толықтай іске асыруына мүдделі болуы шарт. Бұл қадам – ел дамуы­ның ­жаңа ты­нысын ашады. Ел­дегі басқа халықтар, диас­по­ралар – барлығы қазақ ұлты­ның мұрат-мақсаттары, ұлт­тық құндылықтары мен ұлт­тық идея­лары платформасында топтасқанда ғана ел халқы тас түйін, жасампаз, қуатты әлеуметтік күшке айналады.

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп данышпан Абай бекер айтпаған. Бұл сөзде үлкен салмақ пен зор жауапкершілік бар. Абай «қазақ, жік-жікке бөлінбе, ортақ ұлттық мақсаттармен топтаса біл» деп отыр. «Дінмен, тілмен, таппен, мәдениетпен бөлшектенген халық ешқандай табысқа жетіп, мем­ле­кеті гүлденбейді» деп отыр. Демек мемлекет құраушы ұлт болу үшін қазақ халқының тілдік, мә­дени, діни, әлеуметтік біре­гей­лен­уі, ортақ ұйысуы қа­жет.

Мемлекет құру мұратын орын­дау жолында қазақ ұлты қа­лай топтасып, біртұтас күшке айналады деген заңды сұрақ туындайды. Ең алдымен, тілдік бірегейлену мақсаты орындалуы керек. Қазақ­стандағы 20 млн халықтың 13 млн-ға жуығы қазақ, олар ел хал­қының 70 па­йыздан астамы. Демократия қағидаттарына сүйенсек, мемлекет халқының басым көпшілігін құрап отырған қазақ халқының тіліне қоғамдық қатынастардың барлық саласында басымдылық берілуі – әділеттілік. Өкінішке қарай, еліміздің ақпарат пен мәдени саласында «орыс әле­мінің» тегеуріні басым. Халық қазақша, билік орысша сөйлесе олар қалай бірігіп ортақ күшке айналады? Мемлекеттік тілдің толыққанды түрде өзіне тән барлық функциясын дамытатын кезі келді. Бұл үрдісті тежеуге болмайды. Қазақ тілінің дамуын тежеу – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына тежеу болатынын түсінсек керек. Қазақ тілінің орта мектептер, жоғары оқу орындары, банк жүйесі, басқаруда толыққанды қолданылуы ел халқының тіл­дік топтасуын күшейтеді. Қа­зақ тіліне қарсылықтың, мен­сінбеушіліктің қандай да болсын түрлеріне шек қою керек.

Мемлекет құраушы ұлттың дінге бөлінуі – үлкен қауіп. Бұл –Қазақстанды бағындырып ұстау­ды көздейтін сыртқы күштер үшін пайдалы құбылыс. Діни алауыздық күшейген са­йын қазақ халқының рухани топтасуы, бірігуі әлсірей береді. Ол біртұтас, сыртқы жауға қарсы тұратын әлеуметтік күш болудан қалады. «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кебін киюіміз әбден мүмкін. Сондықтан халықты бөлшектеп отырған вахабистік, салафиттік, тәңіршілдік, т.б. діни ағымдармен тиімді мемлекеттік күрес қажет. Қол қусырып отыра берсек, діни ағымдар халықты бір-бірімен жауықтырып тынары анық. «Домбыра харам» деген сөзді қазақ қызы айтып отырса, мұны біз үлкен қауіптің нышаны деп түсінеміз. Ұлттық құндылықты мұндай қорлау бұрын-соңды болмаған шығар. Осының барлығы – діни бөлінушіліктің кесірі. Көп қазақ өз дәстүр-салттарынан безініп отыр­ғаны ақиқат.

Мың жылдан астам ұлттық дәстүр­­мен үйлесімді кіріккен ата дініміздің жолын қазақ қоғамы қолдауы қажет. Біздегі діни дәс­түр қазақ домбырасын, әнін, аңыз-әпсаналарын, ұлттық ойын­дарын, салт-санасын, дүние­та­нымын мансұқтамаған. Баба­лар­дың осындай тамаша рухани жетістігі бүгін де орайлы жалғасуы керек. Бізге саяси­лан­ған емес, дәстүрлі мұ­сыл­мандық қажет. Дәстүрлі дін қазақ халқына ізгілікті құн­ды­лық­тармен жарасымды өмір ке­шу­ді үйреткен. Қаншама қиын­дықты, аштықты бастан кеш­кен қазақ халқы кеңестік репрессияға ұшыраған қаншама халықты қабылдап, құтқаруы ұлттық құн­ды­лықтармен үндесуінің арқа­сы екені ақиқат.

Қазақ халқында әзірше «америка халқының ұлттық мүд­десі» деген сияқты АҚШ хал­қын топтастыратындай ортақ пси­хо­ло­гиялық сезім қалып­тас­пай тұр. Өкінішке қарай, Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси топтасуы нашар. Мемлекет құраушы ұлт­тың азаматтары отаншыл, патриот болуы маңызды. Қазіргі кезеңде халықтың көбі жеке басының қамын ғана ойлайтын дәрежеге түсті. Жастар елін тас­тап, шетелден жақсы өмір іздеуді көбейтті. Ел болашағы үшін билік осы тағдыршешті мәселенің күр­меуін табуды ойластырғаны жөн. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайтыны» ақиқат. Сон­дықтан билік қала мен ауылда жастарға қамқорлық жасаудың кешенді шараларын қолға алуы керек. Бизнес ашуға жеңіл кредиттер беру, оқудың ақшасын төлеу, жас отау тіккендерге үй беру, нәрестелерге көрсетілетін жәрдемақыны өсіру сияқты шаралар жастардың еліне, Отанына, мемлекетіне деген құрмет пен сенімін күшейте түсетіні бел­гілі. Мұндай игі істерден қар­жыны аямау керек. Себебі бұл шаралар ел болашағына жұмыс істейді.

Халық отыз жылдан астам созылған авторитарлық билікке жағынудан, оны үздіксіз марапаттаудан моральдық деградациялану деңгейіне түсті. Қо­ғам­дағы сөз бен істің ал­шақ­тануы, кедейлік пен байлық жігінің тереңдеуі, халықтың тең жартысының кедейленуі рухани маргиналдану үдерісін күшейтті. Жаңа Қазақстанда осы ауытқу құбы­лыстарын ауыздықтайтын шаралар жүйесін іске асыруымыз керек. Отбасылық кланның, олигархтар мен олигополиялық топтардың халық байлығын тонап, шетке шығарған қаржыларын елге қайтарып, қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттау, сөз жоқ, қазіргі би­лікке абырой әкеледі. Жүз мил­лиард доллардан астам ұр­ланған ақша елге қайтарылса, әділетті Қазақстан құру іс-шараларының маңызды бастамасы болар еді. Халық әлеуметтік әділеттілік қа­ғидаттарының үс­тем болатынына сене бастар еді. «Қайтқан малда қайыр бар» демекші, қайтарылған қомақ­ты қаржы халықтың билікке жоғалт­қан сенімін орнықтырар еді.

Мемлекет құраушы ұлт болу үшін қазақ халқы әлемдік эконо­ми­калық тәртіптерден өз орнын табатын жағдайға келуі міндетті. Неміс экономисі, социо­­логі Клаус Шваб Батыстың да­мыған мемлекеттері төртінші индустриалдық революцияны басынан кешіп жатыр деп есеп­­тейді. Постиндустриалды қо­ғам тұжырымдамасының не­гізін салушының бірі Арнольд Тоинби ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бері қарай дамыған елдер постиндустриалды қоғамда өмір сүріп келеді деп баға бе­реді. Мұндай қоғамдардың басты ерекшеліктері адам факторы (білімі, кәсіпті меңгеру шеберлігі, жаңашылдығы, тәртібі, т.б.) негізгі пайда көзіне айналады. Экономикалық, әлеуметтік ин­фра­­құрылым жетістіктерін ха­лықтың басым көпшілігі пайдаланады. Мұндағы шешуші әлеуметтік топ – орта тап. Орта тап ел халқының, 40-70%-ын  құраған жағдайда тұрақты әлеу­мет­тік-экономикалық даму болады. «Халықтық капитализм» қо­ға­мы дегеніміз – осындай қо­ғам.

Бәсекеге қабілетті мемле­кет құру жолында елімізде осы тұрпатты экономикалық құ­ры­лым болуы керек. Мемлекет құ­рау­шы қазақ халқының алдын­дағы экономикалық міндет – пост­индустриалды қоғам құрып, индустриалдық революцияның төртінші сатысына көтерілу. Басқаша болған жағдайда Қазақ­стан әлемдік өркениет көші­нің соңында қалып, дамыған елдерге шикізат пен арзан жұмыс күшін беруші болып қала береді. Экономикалық бәсекедегі жеңі­лістер түбінде мемлекет тәуел­сіз­дігіне қатер төндіруі әбден ықтимал.

Билік те, халық та экономи­каның шикізаттық сипатын жеңіп, өндіруші экономикаға айнал­дыруға мүдделі болуы мін­детті. Қазақстан әлем­дік на­рыққа сапалы астық өнім­дерін, етті, сүтті, майды ұсы­нуға қабілетті. Агрокешен өнім­де­рін дамыған елдердегі сапа деңгейіне көтеру барысында еліміз постиндустриал­ды қоғам орнату міндеттерін де шешуге қабілеті болады. Қа­зақстан барлық өнім түрін өндіре алмайды. Сондықтан экономиканы тұрақтандыру барысында нені өндіре алатынын нақты шешіп алуы керек.

Постиндустриалық қоғам құру міндеті тек экономиканы дамытумен іске аспайды. Еркін экономикаға тән еркін саяси жүйенің құрылуы шарт. Олар бірін-бірі толықтырып, ықпалдасумен ғана алға жылжып отырады. Авторитарлық саяси жүйелердің экономикаға тұсау болатын тұстары жетер­лік. Сондықтан мемлекет құрау­шы ұлт ретінде қазақ халқы конс­ти­туциялық міндет – демо­кра­тиялық, құқықтық, әлеумет­тік және зайырлы мемлекет құру үдерісіне ерекше белсенділікпен атсалысуға міндетті.

Елдің ішінде де, сыртта да қазақ ұлтының мемлекет құ­рау­шы рөлін толыққанды ат­қа­­руына қарсы күштер бар. Олар тас түйін болып саяси-әлеу­мет­тік топтасқан қазақ хал­қы­­нан қорқады. Өзара бақ­та­лас, діни, тілдік бөлінген әлсіз, топтаспаған қазақ халқы­ның та­биғи байлықтарын, ресурс­та­рын тонап, мүддесін аяққа таптау оңай. Көршілес басым державалар қазақ халқының ұлт­тық, экономикалық мүдделері жо­­лындағы күрескерлігін қа­ла­­майды. Сондықтан қазақ хал­­­қы­ның саяси мәдениетінің күшеюі, ұлттық бірегейленуінің ны­­ғаюы­на қарсы түрлі қитұрқы шара мен әрекет жасала беретінін бір сәт естен шығаруға болмайды.

Мемлекет құраушы ұлт мәрте­бесі – аса жауапты міндет. Қазақ халқы тәуелсіз даму барысында осы ұлы миссияны өз қолына алды. Мемлекет құраушы миссия­сы саясат, экономика, мә­де­ниет пен әлеуметтік жүйеде бар­лық саланы қамтиды, ықпал етеді. Халқымыздың ұлттық біре­гей­ленуі, тілдік, діни, сая­си, идео­ло­гиялық топтасуы ар­қы­лы мемлекет құраушы миссия­сын, өзіне жүктелген осы ұлы істі дұрыс атқарса, еліміз әлемдік қоғам­дас­тықта дамыған мемлекетке айналады.

 

Сайын БОРБАСОВ,

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы