Кеше мәжілісмендер А.Қалықов, Ү.Шапақ, Б.Смағұлов, Т.Адамбеков және Н.Шаталов №2 Өндіріс «Құрылысмет» ЖШС (НОММ зауыты) ұжымымен кездесті. Кәсіпорын шахта жабдықтарын, электр дәнекерленген болат құбырларды шығарады. Кәсіпорын қызметкерлерінің саны 500 адамнан асады.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының реформаларын орындау бойынша ақпараттық жұмыс, сондай-ақ «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасының пункттерін орындалуын іске асыру.
Кездесуде тазарту құрылыстарын жаңарту, өндірісті жаңғырту, кәсіпорындағы ескірген жабдықтарды жаңарту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Мәселен, кездесу барысында Шахтинск қалалық мәслихатының депутаты Мақсат Тоқанов қаладағы тазарту құрылыстары бойынша бірқатар мәселе бар екенін айтып: «Қазіргі кездегі құрылымдар ескірген және енді пайдалануға жарамсыз. Сізден республикалық қолдау сұраймыз», деді.
«Бұл мәселе тек сіздің аймағыңызда емес, Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласындағы Сарышаған қаласында да бар. Бүгінгі таңда жауапты орындаушы жаңғырту жоспарына сәйкес алдын ала ТҚК жүргізді, ЖСҚ әзірленді, 1,2 млрд теңге көлемінде бюджет бөлінді. Сұрағыңызды бақылауға алып, мәселенің шешімін табуын соңына дейін қадағалаймыз», деп сендірді депутат Бауыржан Смағұлов.
Мәжілісмендер бетпе-бет әңгіме барысында қойылған барлық сұраққа жауап беруге тырысты. Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері кері байланыс үшін алғыстарын білдіріп, алдыңғы кездесулерде көтерілген мәселелер мен өзекті сұрақтарды есіне алды. Оң шешілген сұрақтар да бар, мысалы, сол кезде көтерілген автопаркті жаңарту және маршруттарды ұлғайту мәселесі толық қолға алынған.
Қарағанды облысы