Авторлар: «Сөз өнерінің шыңы – көркем әдебиет. Әдебиеттің дамуы сол халықтың әдеби-эстетикалық ой-пікірінің, сұлу сөзге деген сыншылдық көзқарасының дамуымен тікелей байланысты. Тұнық табиғаттың аясында еркін өмір сүрген қазақ халқы сөз өнеріне ерекше мән берген. Адамды сөзіне қарай бағалаған», деп тұжырымдай отырып, Әбу Насыр әл-Фарабиден Бақыт Сарбалаұлына дейінгі тұлғалардың, ғалымдардың, әдебиетшілердің таңдаулы ой-пікірлерін жинақтаған.
Үш томдықта халық эстетикасынан бастау алған қазақ әдеби сынының алғашқы кезеңнен бүгінге дейінгі жолы, ізденісі, сабақтастығы мол материалдар ұсынылған.
Заман жаңаруымен кезең, заман, дәуір көркем әдебиетке жаңа талап қояды. Бір кездегі социалистік-идеологиялық таным мен талап қағидатының өзгеруі әдебиетттануға әдіснамалық тың серпіліс әкеліп, ұлттық дәстүр мен әлемдік әдебиеттану ықпалдаса түсті. Шынайы шығармашылық үрдістерді зерделеу күн тәртібіне шықты.
Қазір талғам мен зерттеудің табиғи даму жолын таңдаған қоғамымызда еркіндік пен ізденіс көп. Осы тұрғыдан қарағанда, ғылыми топ әдебиеттану мұраларын орайлы сараптаған. Кеңестік 1930-1950 жылдардың талдаулары оқырманды бейжай қалдырмайды. Антология материалдарында саяси өмір мен мәдени өмір арасындағы шетін мәселелер, арда тұлғалардың батыл ізденістері, әлем тәжірибесіне деген ынта-ықылас, түрлі конъюнктура, схемашылдық мәселелері заманына сай қарастырылған.
Антология жоғары оқу орындарының бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламасында оқып жүрген талапты жастарға, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым зерттеушілеріне, руханият тарихына қызығушы жалпы оқырманға арналған.
Сабыр Шәріп,
PhD