Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жоғары оқу орындары – нарықтағы талаптарға сай, озық дағдыларды меңгерген мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Демек оқу орнына қабылдау жүйесіне ерекше мән берілуі керек. Соған байланысты еліміздегі жаппай тестілеу тәсілі қаншалықты тиімді екенін әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып сараптап көрдік.
Мектеп бітірген әр түлек үшін ұлттық бірыңғай тестілеу – маңызды сын. Себебі олардың ендігі қадамы, таңдаған мамандығы мен жоғары оқу орнына түсу-түспеуі жинаған ұпайына тікелей байланысты. Оқуға қабылдаудың бұл жүйесі елімізге 2004 жылы енгізілген. Одан бері тест форматы бірнеше рет өзгертілді. Атап айтқанда, 2017 жылы кейбір міндетті пәндер мен тест құрылымы қайта жасақталса, кейінгі 3 жылда сұрақтың мазмұны мен тестің өткізілу тәртібіне байланысты жаңашылдықтар орын алды. Ал биыл міндетті «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінің тапсырма саны 5 сұраққа азайса, бейіндік пәндердің сұрағы 35-тен 40-қа көбейеді.
Ал тест тапсыру уақыты 4 сағаттан 3 сағат 30 минутқа қысқарды. Форматы жетілдіріліп, өзгеріске ұшырап жатқанымен, жаппай тестілеу бәрібір жаттанды жүйе екені белгілі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Қазір ҰБТ фильтр сияқты жұмыс істейді. Талапкерлердің білімін «жақсы» не «нашар» деп қана сұрыптайды. Бірақ не үшін нашар және не үшін жақсы екенін айтпайды», деп жүйенің кемшілігін атап өткені есімізде.
Әрине, тестілеу жүйесі әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған дәстүрлі формат. Бұл – оқуға қабылдаудың бірінші және екінші түрлеріне сәйкес келетін тәсіл. Яғни мектеп бітірген түлектердің білімі аймақтық немесе ұлттық деңгейде орталықтандырылған жүйемен бағаланады. Мысалы, әлем елдерінің арасында Қытай, Сербия, Танзания, Ирландия осы тәсілді пайдаланады.
Ал дамыған елдердің көбі қабылдаудың үшінші түрі талапкерлердің танымдық қабілеттерін бағалауға басымдық береді. Мәселен, Швецияны, АҚШ-ты, Ұлыбританияны айтуға болады. Швецияда оқуға түсу үшін әуелі мемлекеттік мекеме өткізетін Швед академиялық қабілеттілік тестін тапсырады. Содан кейін үміткер кәсіптік қабілеттілік бойынша сынақтан өтеді. Сондай-ақ орта мектептегі бағалары да есепке алынады. Кез келген университет грант орындарының кем дегенде үштен бірін емтиханнан жинаған ұпайы негізінде, тағы бір бөлігін орта мектептегі бағалары негізінде үлестіреді. Ал АҚШ пен Ұлыбританияда талапкерлерді әрбір мекеме өздері бағалайды. Онда орталықтандырылған жүйе жоқ. Көп оқу орны SAT секілді стандартталған тест нәтижелеріне қарайды. Сонымен қатар орта мектептегі үлгерімін ескереді. Бұған қоса эссе, ұсыныс хат, сұхбаттасу, портфолио сияқты сыни дағдыларға негізделген емтихан түріне баса мән береді.
SAT – тест тапсырушылардың мектептегі білімін және ол білімді қаншалықты қолдана алатынын анықтауға бағытталған сынақ. Сол арқылы талапкерлердің мәселелерді қаншалықты талдап, шеше алатыны анықталады. Айта кетейік, SAT нәтижесін пайдалануға біздің елде де рұқсат етілген. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сәйкес оқуға түсушінің SAT reasoning және SAT subject сертификаттары бар болып, бейіндік пәндері сәйкес келген жағдайда оны ҰБТ ұпайына ауыстыра алады. Қосымша Қазақстан тарихы пәнінен ұлттық бірыңғай тестін тапсырады.
Жалпы, қабылдау саясаты – жоғары білім мен қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі. Бүкіл әлемде жоғары білім қолжетімді болып келе жатыр. Болжам бойынша 2025 жылы студенттер саны 150 млн-ға жетуі ықтимал. Бұл 1975 жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Яғни білім экономикасында жұмыс күшін даярлаудағы білімнің маңыздылығы артып отыр. Сондықтан көптеген университет қабылдау саясатын жетілдіруге, сапасын арттыруға ұмтылады.
Жоғары оқу орнына қабылдау кезінде нені ескеру керек деген сауал төңірегінде пікірталас әлі көп. Сол себепті ортақ бағалау жүйесі қалыптаспаған. Мысалы, Францияның жоғары мектебі немесе Жапонияның Токио университеті сияқты әлемдегі кейбір элиталық оқу орындары академиялық жетістікті жоғары бағаласа, АҚШ-тың кейбір оқу ордалары студенттердің академиялық қабілетін ғана емес, олардың көшбасшылық әлеуетін де маңызды деп есептейді.
Айталық, QS World University Rankings рейтингі бойынша екінші орында тұрған Стэнфорд университеті іріктеу кезеңінде талапкерлердің академиялық үлгеріміне, интеллект қабілетіне, қоғамдағы белсенділігіне, жеке қасиеттеріне, мектептегі оқу үлгеріміне мән береді. Сондай-ақ 500-600 сөзден тұратын эссе жазуды, мұғалімдер тарапынан ұсынысхат тапсыруды, ACT немесе SAT тестінің нәтижесін ұсынуды міндеттейді. Дәл осы рейтингте үшінші орында тұрған Гарвард университетіне оқуға түсу үшін де ACT немесе SAT тестін тапсыру талап етіледі. Бұған қоса талапкердің тарапынан мотивациялық хат жазылуы керек. Содан кейін ашық әңгімелесу кезеңі бар. Ал бесінші орында тұрған Оксфорд университеті талапкер өтінім жібергеннен кейін қандай тестілеу түрін тапсыратынын хабарлайды. Одан әрі ағылшын тілі деңгейін, сыни ойлай алу қабілетін білу мақсатында үміткердің эссе жазуы, портфолио жасауы, әңгімелесу кезеңінен өтуі міндеттеледі.
Жалпы, алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының қабылдау саясатына көз жүгіртетін болсақ, көбінің ұсынысхат, жеке мәлімдеме, эссе, арқылы талапкерлердің жеке қасиеттерін сараптап, олардың ізденімпаздығы, сыни ойлай алуы, интеллектуалды қызығушылығы, жетістігі, ерекше таланты, көшбасшылығы, табандылығы, қиындықтарды жеңу қабілеті секілді сапалы талаптарға жүгінетінін байқаймыз. Бұған қоса мектептегі үлгеріміне де ерекше мән беретін көрінеді. Демек шетелдерде жоғары оқу орнына түсерде қойылатын талаптар мектеп кезеңінде қалыптасады. Ал біздегі жүйеде мектептегі білім аса бір рөл ойнамайды. Ұлттық бірыңғай тест тапсырғандар бағы мен біліміне қарай ұпай алып, жоғары оқу орнына түсе береді. Байқасақ, бізде мектеп бітіруші түлектердің жеке қасиеттері мен қабілеттеріне мүлде мән берілмейді екен. Сондықтан ҰБТ ұтымды шешім дей алмаймыз. Алайда министр Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде жоғары оқу орнына қабылдау үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің орнын баса қоятындай сынақ түрі әлі жоқ. Әзірге ҰБТ форматын барынша халықаралық SАT стандарттарына жақындатып икемдейтін амал бар. Бұған 3 жыл бұрын қадам жасалып та қойды. Кембридж университетімен бірігіп, 5 мың жаңа мазмұндағы сұрақ дайындалған. Олар биыл енгізіледі деген жоспар бар. Дегенмен жаппай тестілеу тәсілінен гөрі алдыңғы қатардағы университеттердің тәжірибесін ескерген жөн секілді.