Шымкент • 11 Қаңтар, 2024

Шаттық толы маңайы

95 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2023 жылы Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Оқу­­шы­лар сарайының ашылғанына 80 жыл толды. 1943 жылы ір­ге­сі қаланған мекеме мегаполис былай тұрсын, тіпті респуб­ли­­ка­дағы мектептен тыс білім беретін бірегей ұйымның бірі са­на­­лады.

Шаттық толы маңайы

Қазіргі таңда Оқушылар сарайы Түркістан облысы мен Шымкент шаһары оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мекеме озық тәжі­ри­белі ұйым ретінде 2017 жылы респуб­ли­калық қосым­ша білім беру сала­сы­ның «Алтын қоры» кіта­бына енген. 80 жылдық тарихында дарын­ды­лар ордасы 200 мыңнан астам бала мен жас­өс­пі­рім­ге қосым­ша білім берген, кәсіби машық қалып­тастырып, ұрпақ тәрбие­сінің көсегесін көгертуге зор ықпалын тигізді. Бүгінгі таңда қосым­ша білім берудің барлық дер­лік бағытын қамтыған мекемеде 124 үйірме жұмыс істейді. Онда бес мыңға жуық бала білім алып жатыр. Осылайша, ұйым оқу­шы­лардың бос уақытын тиімді ұйым­дас­тыруға үлкен үлес қосып отыр.

Былтыр жыл соңында Оқу­шы­лар сарайының 80 жылдығына орай «Мерейлі мекенге – 80 жыл» атты ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өтті. Одан бөлек мекеменің фойесінде «Ұлттық құндылық – ұлы рух» тақырыбында қолөнер және бейнелеу өнері көрмесі, картинг, авиамодельдеу, гобелен мен былғары қолөнерінің жұмыстары таныстырылды. Киіз үйде ұлттық тағамдардан дастарқан жайылып, Оқушылар сарайының «Сарай сазы» ұлттық-этнографиялық ансамблі мерекелік концерт қойды. Келген қонақтар мекеме ішін аралап, түрлі бағыттағы үйірмелерге экскурсия жасады. Сондай-ақ «Мерейлі мекенге – 80 жыл» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шара­ға қонақтармен бірге Шым­кент қаласының әкімі Ғабит Сыздық­бе­ков те арнайы қатысты.

«Сіздер еліміздің болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етіп келесіздер. Оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ой-өрісін дамытуда және олардың бойына отаншылдық, еңбексүйгіштік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді дарытудағы еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тынымсыз ізденістеріңіз бен жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесінде шымкенттік өрендер республикалық, халықаралық дең­гейдегі өнер, спорт және білім сайыстарында үздіктердің қата­ры­нан көрініп жүр. Сондықтан жұ­мыс­тарыңызға шығармашылық табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз әрқа­шан­ сенім­деріңізді ақтап, абырой биі­гі­нен­ көрініңіздер», деді қала әкімі.

Сонымен бірге ғылыми-тә­жіри­белік конференция барысында қонақтар мекеме тура­лы бейнебаянды тамашалады. «Бақытты балалық бастауы» тарихи-жылнамалық драмасында Оқушылар сарайының ашылуы туралы, аты аңызға айналған «Айгөлек» халықтық балалар би ансамблінің шығармашылық өмір жолы жа­йында, балалар қоғамдық ұйымының жұмысы жөнінде, сондай-ақ «Шаттық толы маңайы – Оқушылар сарайы» атты тақырыпта көрініс сахналанды. Бұдан бөлек концерттік бағдарламада «Айгөлек» халық­тық балалар би ансамблі, «Ерке­тай» би ансамблі, дәстүрлі ән үйір­мелері, «Алтын ғасыр», «Балдәурен» вокалды топтары, ІІ қалалық «Шымкент дауысы» байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті. Өз кезегінде Шым­кент қаласы мәслихатының төраға­сы Б.Нарымбетов, білім басқар­ма­сының басшысы Н.Шәмшиева, ардагер ұстаздар Ж.Керімбекова, Г.Беляева, «Айгөлек» ансамблінің түлегі А.Төлембаева мен респуб­ли­калық мектептен тыс мекемелер­ден келген қонақтар ұжымға ізгі тілегін арнады.

Шымкент қаласының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бас­шы­­сының міндетін уақытша атқарушы Мұратхан Ақбердиев Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы. Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі». Демек баланың санасына білім мен білікті, мейірім мен қанағатты, өзге де адамзат бойындағы асыл қасиеттерді бұғанасы қатпаған сәтінен бастап сіңіру маңызды. Тарихы 1943 жылдан бастау алатын Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайы – еліміздегі байырғы мектептен тыс мекемелердің бірі. Бүгінде тәрбие ошағы жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің нәтижесінде қо­сым­ша білім беру саласында айтар­лық­тай жетістікке жетіп отыр. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісін­де­ ұлттық педагогика бастауларын назарға алып, балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды сіңіруге үлес қосып келе жатқан Оқушылар сарайының ұжымы өзінің мақсатқа бағыттаушылығы, жасампаздық қуаты, шығармашылық ізденісі мен жоғары кәсіби деңгейі арқылы қойылған міндеттерге қол жеткізуде тек биіктен көрініп келеді» делінген министрдің құттықтау хатында.

Жалпы, конференция бағдар­ла­масында пленарлық отырыс, шеберлік сыныптары, секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Пленар­лық отырыста Оқу­шы­лар сарайының директоры Б.Мустафаев мекеменің тарихына шолу жасап, ұйымның құрылу, қалыптасу кезеңіне, сондай-ақ даму жолына, жеңісті де жемісті сәттеріне тоқталып өтті. Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Психологиялық қолдау» орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.Айтжанова психология ғылымының заманауи міндеттері туралы, ал мекеменің «Ақсу» сауықтыру лагері жөнінде Ш.Асылбекова арнайы баяндама жасады. Іс-шара барысында қосымша білім берудің түрлі бағытын қамтыған озық тәжірибелі үйірме-секцияларда шеберлік сыныптары өтті. Сонымен бірге үйір­мелердің іс-тәжірибесі негізінде респуб­ликалық «Қосым­ша білім және тәрбие» журналында жария­лан­ған мақалалар мен озық іс-тәжірибелер 4 та­қы­рып­тық секция жұмысында талқыға түсті.

 

ШЫМКЕНТ