Солардың қатарында Ахмет ауылының тұрғыны Нұржан Кәкібаев бар. Ол сүт өнімдерін шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер үш жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Енді кәсібін әрмен қарай жетілдіріп, сүт өнімдерін шығармақшы. Негізгі бағыты – ірімшік.
– Ірімшік жасауды әкемнен үйрендім. Табиғи өнім әрқашан сұранысқа ие. Бұрын біз тек өзімізге әзірлейтінбіз. Содан ой келді. Қолымыздан келіп тұр. Басты тауарды қорадағы малымыз беріп тұр. Міне, аудан әкімінің грантымен ірімшік және басқа да сүт өнімдерін әзірлеп, сататын боламыз. Грант қаражатына қажетті жабдықтар сатып алуды және үйдің жанына шағын контейнер орнатуды жоспарлап отырмын. Астанаға сатуды да ойластырып жатырмыз. Ауылымыз Елордадан небәрі 60 шақырым жерде орналасқан, –дейді Нұржан Кәкібаев.
Баршын округіне қарасты Қарақасқа ауылының 25 жастағы тұрғыны Сымбат Сәлімбекова Нұра ауданы әкімінің грантын ұтып алды. Өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуын тәмамдаған. Жас кәсіпкер ешкі сүтін өндірмек.
«Менде үшінші топтағы мүгедектік бар. Ұлымды дүниеге әкелген кезде өзім емізе алмадым. Қазір екіге толды. Оның да мүгедектігі бар. Сондықтан балама мұқият күтім керек. Бір жылға дейін көптеген қоспаларды қолданып көрдік. Баламда аллергия болды. Гипоаллергенді тағамдар да бізге сәйкес келмеді. Ұлым үшін басқа ауылға көштік. Өйткені ол жерде ешкі сүті сатылады. Балама жақты, ұлым тез салмақ жинады. Осыдан кейін менің ойыма ешкі өсіріп, сүтін өндіру келді. Бизнес-жоспарымды құрып, міне, грант алдым. Осы қаражатқа сауатын аппарат пен 10 ешкі сатып аламын», дейді Сымбат Сәлімбекова.
Мұнымен қоса, Нұра ауданы әкімінің гранттарын биогумус, түйіршіктелген құрама жем өндіру, шаштараз ашу, жиһазды химиялық тазалау, автокөлік жуу, нан-тоқаш өнімдерін өндіру бойынша цехты кеңейту, дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсету бойынша бизнес-жобалар алды.
Биылғы әкім грантына 10 миллион теңге бөлінді. Мемлекет қаражаты бірнеше жобаға жол ашпақшы. Өз кезегінде жас кәсіпкерлер әкімдікке алғысын жаудырып, алдағы уақытта нәтиже шығарып, шағын бизнестері арқылы ауданның әлеуетін арттырамыз деген уәде берді.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы