Пікір • 12 Қаңтар, 2024

Ұлт бірлігіне бастайтын қадам

183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген мазмұнды сұхбатында елімізді жаңа бағытта дамытуға қатысты ойларын ортаға салып, маңызды мәселелерді көтерді.

Ұлт бірлігіне бастайтын қадам

Президент елімізде атқарылып жатқан жаңа реформаларға шолу жасап, алдағы бағыт-бағ­дар­ла­ры­мен бөлісті. Қазіргі уақытта мем­ле­ке­тіміздің барлық саласында елеулі өзгерістер болып жатыр. Қай­ғылы қаңтар оқиғасынан кейін Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, билік пен халықтың арасында ашық диалог орнады. Жаңа құрамда «еститін Үкімет» жасақталып, әлеу­меттік салада қордаланып қал­ған түйінді мәселелер жүйелі ше­шімін таба бас­тады. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.

Еліміздің әр өңірінде жайлы мектептер бой көтеріп, мәдениет ошақ­тары жаңарып келеді. Бұл ретте «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан үлкен визит-орталық салынып жатқанын айта кеткім келеді.

Президент сұхбатында бұ­ған дейінгі халыққа арнаған Жол­даулары мен Ұлттық құрыл­тай отырысында көтерілген мәселелер әлі де өзекті болып отыр­ғанын айтты. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан қоғамын қалыптастыру бағытындағы ауқым­ды жұмыстарды іске асыру жалғаса беретініне баса назар аударды.

Биыл еліміз сыртқы саясатты дамытуға қатысты маңызды іс-шара­лар­ды үйлестірмек. Атап айт­қан­да, еліміз Шанхай ынты­мақ­­­тастық ұйымына, Ұжым­дық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына, Азия­да­ғы өзара іс-қи­мыл және сенім шара­лары жө­ніндегі кеңеске, Түркі мемле­кет­тері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-тү­лік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Биыл елімізде Дүниежүзілік көш­пе­лілер ойыны өтеді. Бұл – Түркі әлемін жақындастыратын, тамырлас елдердің рухани ынты­мақ­тастығын жандандыратын үлкен бастама. Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің мұра­гері саналатын бауырлас ха­лық­тардың мәдени-гумани­тар­лық байланысын арттыру өте маңызды.

Тәуелсіз еліміз үшін маңызды оқиғаның бірі – Жошы ұлысының іргесі қаланғанына биыл  800 жыл толады. Осы тарихи датаға орай Президент мемле­кет­тілігіміздің тамыры тым те­реңде жатқанын айтып, тарих­ты ғалымдарға кең ауқымды зерт­теу­лерді қолға алуды тапсырды. Бұл зерттеу жұмыстарына «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарихшы, археолог ма­мандары да атсалысады.

Президент: «Тарих – біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр» дей келе, «Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді», деп атап өтті.

Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» деген пікір айтты. Шынында да, Мемлекет басшысының бұл сөзі барша отандастарымыз ұстанатын басты қағидаға айналуы керек. Бұл бағытта «Есік» мемлекеттік та­рихи-мәдени музей-қорығы мем­л­е­кеттің тарихи-мәдени құн­ды­лықтарын зерттеп, сақтауда жүйе­лі жұмыс атқара береді.

 

Гүлмира МҰХТАРОВА,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры