Таным • 14 Қаңтар, 2024

Абай әлеміне саяхат

464 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы алуан түрлі танымдық ой – жұмбақтармен өрнектелген.

Абай әлеміне саяхат

Белгілі өлкетанушы қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қалибек Алтыбаевты мен өткен ғасырдың соңғы жылдарынан бастап таныспын. 1993 жылы Алматыдағы «Өнер» басмасынан 55 000 данамен жарық көрген «Сан сұраққа саяхат» кітабы­ның алғы сөзін жазған едім. Содан бері сынаптай сырғып, отыз жыл уақыт өтіпті. Қ.Алтыбаевты бұл күн­де Зай­­сан тарихының қазы­налы ше­жірешісі деп айтуға әбден болады. Оның қаламынан туған «Шыра­ғың мәңгі сөнбейді», «Сынап­тай сырғыған жылдарым», «Атамекен Зай­сан», «Зайсан» фотоаль­бо­мы, «Тегін білу – текті­ліктің тірегі», «Ұстаз – елдің тірегі», «Май­дан, тыл ардагерлеріне тағзым», «Қа­ратал ауыл окру­гінің бүгіні мен өткені», «Абылай ханның шеп бұзар батыр­ларының бірі – Бай­мұрат Бәйімбетұлы», «Баба­дан қалған байтағым» (2 томдық), «Мыр­заш батыр» кітаптарында ауданның әр кезеңдегі тарихы мен сол тарихта азды-көпті із қал­дырған мыңдаған адамның, қол бастаған батырлардың, ел баста­ған билердің, патша заманындағы бо­лыстары мен байларының, сол заманның кәсіпкерлері мен кө­пестерінің, бала оқытқан молдалары мен алғашқы мұғалімдерінің, балуандары мен шешендерінің, құсбегі мен саятшылары, Зайсан­да алғаш қызыл кірпіштен ғима­рат салған шеберлері, ел басқарған азаматтары, ғалымдары мен қа­ламгерлер, өнер тарландары ха­қында қызықты мағ­лұматтар мен соны деректер ұсынады. Сондай-ақ осы өңірді мекенденген елдің бас­тан кешкен зобалаңы, Зайсан уезі, Зайсан қаласы, 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, Алаш үкіметінің Зайсандағы жұмыстары, азамат соғысы, коллективтендіру, алапат ашаршылық, қысымға шыдама­ған халық­тың шетелге үдере кө­шуі, 1937 жылғы қуғын-сүр­гін құрбандары, екінші дүние­жүзілік соғыс, тыл­дағы еңбек майданы, ауыл шаруашылығы, оқу, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар, Ауған соғысы, Чернобыль апаты, Желтоқсан оқи­ғасы, зілзала – бәрі-бәрін сабақ­тастыра отырып тәуелсіздікке әкеп тірейді. Кеңес одағы ке­зін­де өмірді алға бастырған ең­бек майталмандарының, соғыс арда­герлерінің, ұстаздар мен дәрі­гер­лердің, бүгінгі заманның кә­сіп­­керлерінің өмірі туралы қы­зық­ты мағлұматтарға, Зайсан та­ри­хының қыры мен сырына қа­ны­­ғасыз. Қ.Алтыбаевтың шы­ғар­­маларында аудан бойынша қам­тымаған саласы жоқ. Бұл кітап­тар – болашақта аудан тарихын зерттеушілерге, бүгінгі мен ертеңгі күннің талапты жастарына мол мұра. Автор мұнымен шектелмей қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаған Ұлы данышпан Абай Құнанбаев­тың шығармашылық мұрасын, өмірі­не байланысты құнды деректерді, М.Әуезовтің «Абай жолы» романын пайдаланып, кроссвордтың сан-салалы тәсілдерін қолданып 7 кітап шығарды. Адамның бо­йындағы қабілетті шыңдауда та­нымдық туындылардың алатын ор­ны ерекше. Әйгілі француз фи­ло­софы әрі зерттеушісі Дени Дидро: «Ештеңе оқымаған адам, ештеңе ойламайды да» деген ғой. Ал ақ­қан жұлдыздай қысқа ғұмырында ұлы істер атқа­рып үл­герген Шоқан Уәли­ханов жүрегін жа­рып шыққан ға­жайып ойын былай­ша бейнелегені мә­лім: «Халықтың ке­­меліне келіп өр­кен­­деуі үшін, ең алды­мен, азаттық пен бі­­лім керек». Өте кө­­­ре­­гендікпен ай­­тыл­ған осынау асыл сөздің мәні мен ма­ғынасы бү­гін­мен тура үнде­сіп жат­қандай. Жас­тар­дың, әсіресе жет­кін­шек өрендердің ой-өрісі мен дү­­ние­­танымының кеңе­­йіп, білім аясы­ның мейілінше өсуі­не танымдық ойын­дардың, яғни сөз­жұм­бақтың ықпалы зор.

ыва

Сөзжұмбақтың түрлері де көп. Олар – кроссворд, чайнворд, криптограмма, анаграмма, ребус, шарада, викторина т.б. Бұлардың қата­рына психологиялық, логикалық, жат­тығулар мен түрлі ой-жұмбақтар да жатады. Әрине, алғырлыққа, ұш­қырлыққа, тап­қырлыққа, тиянақ­ты­лыққа баулитын бұл қызық­ты да шытырман ойындарды құрастыру оңай емес. Таным­дық ойындармен түбегейлі айналысып жүр­гендерді көптеп кездестірмейтініміз де сон­дықтан. Сол санаулылардың бірі – Қ.Алтыбаев соңғы ширек ғасыр бірыңғай бір тақырыппен «Абай – абайтану» әлемімен шұғылданып, Абайды сөзжұмбақпен өрнектепті. Оған дәлел – «Абайдың алып айдынынан», «Үш кемелдің шалқарынан», «Абайды оқы, ойлан, тап», «Абай әлемі», «Абай», «Ұлы Абай шығармалары арқылы өрнектелген 100 тұңғыш», «Абай әле­міне саяхат» атты кітаптары. Мен Қ.Алтыбаевтың 2022 жылы жарық көрген «Абай әлеміне саяхат» атты кітабын зерттеп, зерделеп бірнеше мәрте оқып шықтым. Шығарма төрт бөлімнен тұрады. 1) Абайды оқы, ойлан, тап; 2) М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша; 3) Абай әулеті; 4) Қазақ сөзжұмбағының әліппесі. Туындыға 29 матау сөз (кроссворд), 28 сөзден сөз (анаграмма), 27 тізбе сөз (чайнворд), 4 бағдар сөз (сканврод), 64 сан сөз (криптограмма) топтастырылыпты. Танымдық жұмбақтардың 152 түрі қамтылып, 3 088 сұрақ топ­тастырылыпты. Бір рет қойылған ­сауал екінші рет қайталанбапты. Сан сала­лы сөзжұмбақтарға Абайдың 50 туындысынан үзінді және М.Әуезов­тің «Абай жолы» романынан Барлас ақынның, жігітектің, көтібақтың басшы адамдары Бөжей, Байсалдың жас Абайға берген баталары, әжесі Зере­нің ақылы, қазақ халық поэзиясының алы­бы Жамбылдың арнау сәлемі, абыз қария Дәркембайдың елдің атқа­мі­нер зиялылары Серке, Айтқазы, Бе­геш тағы басқалардың Абайға арнал­ған айшықты кестелі сөздерінің өр­нек­телуі кемел тұлғаны асқақтата түседі.

Бұл сөзжұмбақтар мектеп оқушы­лары мен сту­денттер, жалпы көпшілік қауым үшін Абай мұра­сын танып-білуге, терең меңгеруге көп пайдасын тигізеді. Бүгінгі қоғамда интел­лектуалды ұрпақ тәрбиелеуде жас­тардың жан-жақты білім алуы мен логикалық ойлау қабілеттерін шыңдап дамытуға өз үлесін қосатын си­рек еңбек. Абайдың шығармала­ры күрделі, оны мейлінше түсі­ніп, тереңіне бойлау кез келген оқырманға оңай жүк емес. Абай әлеміне саяхат – Абайдың алып айдыны. Үлкен әлемнен сүзіп алынған: ұлы ақынның шығармалары, туып-өскен жері, ата-тегі, нағашы, қайын жұрты, замандастары, өскен ортасы, ақын шәкірттері, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы түгелдей қамтылған. Абай туралы пікір айт­қан қоғам қайраткерлері, зерт­теуші ғалымдар, ақын туралы шығарма, арнау жазған ақын-жазу­шылар, ақын бейнесін сом­даған актерлер, өлеңдеріне музыка жазған сазгерлер, шығар­ма­ларына суреттер салған қыл­­қалам шеберлері, ақынға ес­керт­­­кіш орнатқан мүсіншілер, ән-жырларын орындаған әнші-әр­тістер тағы басқа жүздеген өнер адам­дары туралы мағлұматтар ен­гізілген. «Абай әлеміне саяхат» кітабы – әр оқушының, әр оқытушы, мұғалімнің қолын­да, әр оқу орындары мен өзге кітапха­наларда болар оқу, көмекші, ке­ңесші кітап.

Сонымен қатар бұл кітап ма­те­риалдары әдебиеттік оқулық, хрес­томатиялар мен өзге құрал­дар­ға ендіріп отыру да мол сеп­тік­ті болмақ. Абай және М.Әуе­зов шы­ғар­машылығы өтетін класс сабақтарының әрқай­сысын осы кітап сұрақтарымен түйіп, ойын­дық тәсіл арқылы қорыту үшін оқу­лықтарға енгізудің берері мол болмақ. Ал кеш, кездесу, жарыс, байқау ойындарына тигізер құ­ралдар да бұл кітап мате­риал­дарын сырт айналып өт­песі белгілі болар. Сонымен қа­тар «Абай әлеміне саяхат» кіта­­бы – жеке адамға арналған тұң­­ғыш, тың, тәрбиелік мәні зор еңбек. Абай әлеміне кроссворд жанры арқылы соқа салған, 2014 жылы жарық көрген «Абай әлемі» кітабы Қазақстан КИнЭС ре­кордтар кітабына кір­ді. Қия­лы қал­ғымаған, келешек­ке ұм­тыл­ған жас өрендерді білім­ге, ұш­қыр­лық­қа тәрбиелеп-бау­луда игілікті іс­терімен танылған абыз қария Қалибек аға сексеннің сең­гіріне алқынбай, абыроймен кө­тері­ліп отыр. Авторға мықты ден­сау­лық тілеп, ел-жұрттың құрме­ті­не, ұрпақ қызығына бөлене бері­­ңіз дейміз.

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

жазушы

 

АСТАНА