ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МОЛ
Қаржы вице-министрі Берік ШОЛПАНҚҰЛОВПЕН әңгіме
Тендерлік сатып алу әдісінің орнына бүгінде электронды мемлекеттік сатып алу енгізілгендігі белгілі. Жаңа жүйенің артықшылықтары туралы бұрын да газетімізде жарияланған болатын. Соның нәтижесінде қызығушылық танытқандар мен оны қолданушылар саны артып келе жатқандығын ескере отырып, электронды мемлекеттік сатып алу туралы тағы да кеңірек ақпарат бере кетуді жөн көрдік. Қаржы вице-министрі Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ төменде осы мәселелер жөнінде әңгімелейді.
– Берік Шолпанқұлұлы, алғашқы сұрағымыз электронды мемлекеттік сатып алуды енгізу не бергендігіне байланысты болмақ?
– Бүгінде электронды сатып алуға қызығушылық танытатындар көбею үстінде, сондай-ақ оған қатысушылар қатары да уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда жаңа сатып алу жүйесі қандай пайда әкелді немесе не берді дегенге келсек, тіл ұшына алдымен оралатын жауап – мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатудың арқасында оған қатысушылар үшін әкімшілік тосқауылдардың айтарлықтай кемігендігі. Ал мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларының жемқорлық жасауға жол ашатын, оған бейім жақтары мейлінше азайтылды. Мысалы, жаңа “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңына сәйкес биылғы жылдан бастап баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырылатын сатып алуларды электронды пішімге міндетті көшіру көзделген. Бұл ретте заңмен баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған, сатып алуды веб-портал арқылы жүзеге асырған жағдайда шекті баға ұсыныстары (400 АЕК) алып тасталады. Тағы бір пайдасы – заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану нәтижесінде қағазбастылықты азайтып, мемлекеттік бюджеттің қаржысын елеулі түрде үнемдеуге қол жетіп отырғандығын баса атап өткім келеді.
– Мемлекеттік сатып алу туралы соңғы ақпараттарды қайдан алуға болады? Соңғы тапсырыстар мәліметі мен сатып алу, басқаша айтсақ, қалай жүргізіледі?
– Бұл үшін бізде арнайы веб-портал ұйымдастырылған болатын. Сайттың толық атауы – www.goszakup.gov.kz. Бұл веб-порталды Қаржы министрлігінің тапсырмасы бойынша “Зерде” холдингіне кіретін Электронды коммерция орталығы әзірлеп шықты. 2008 жылдың сәуірінде тәжірибелік пайдалануға енгізіліп, жаңа ақпараттық жүйеде тапсырыс берушілер мен өнім өндірушілер, өнім жеткізушілердің мұқтаждарын біріктіруге бейімделген “Электронды үкіметтің” жалпы түп қазығының ажырамас бөлігі болып табылады. Веб-портал “бір терезе” қағидаты бойынша іске асырылады. Мұнда біріншіден, тапсырыс берушілер алдағы сатып алулар туралы хабарландыруларды, жылдық жоспарларды және өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындыларын орналастырса, екінші жағынан, әлеуетті өнім берушілерге бүкіл елімізде болатын алдағы сатып алулар бойынша барынша толық ақпаратты алуға, кез келген сәтте қатысу үшін өтініш беруге, қажет болған жағдайда, мемлекеттік сатып алу өткізілгеннен кейін олардың қорытындыларын көруге мүмкіндік береді. Жүйеде өткізілетін іс-қимылдардың қауіпсіздігі мен айқындығы электронды-сандық қол қоюды пайдалану арқылы қамтамасыз етілді. Сайт қолданушысында осындай қол қою болған жағдайда жүйе оны автоматты түрде таниды және оларға жаңа сатып алуларға қолжетімділік береді. Бұл функция Ұлттық растау орталығымен бірігу арқылы іске асырылған.
– Веб-портал туралы жеткілікті түсіндіріп өттіңіз. Ал енді оны қолданушылардың көрсеткіші туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда портал ең көп қолданылатын қазақстандық интернет-ресурстардың біріне айналып отыр. Онда 2010 жылдың 16 наурызындағы көрсеткішке жүгінсек 48 160 адам, яғни қатысушы тіркелген көрінеді. Оның 19 955-і өнім беруші болып отыр.
– Берік Шолпанқұлұлы, веб-порталды пайдалануды көпшілік біле бермесі анық. Немесе электронды мемлекеттік сатып алуды түсінбей жүргендерге үйрету жұмыстары жүргізіле ме? Түсіндіру жұмыстарымен таныстырып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз. Кейбір ынталы, әлеуетті тапсырыс берушілер немесе өнім өндірушілер, жеткізушілер арасында қалай тіркелуді білмейтіндер болмайды емес, кездесіп жатады. Әсіресе, жергілікті жерлерде, аудандарда ондайлар көбірек. Қаржы министрлігі сатып алудың жаңа жүйесін енгізу барысында бастан-аяқ, тұрақты түрде өңірлерге шығып түсіндіру жұмыстары мен семинарлар өткізіп келе жатыр. Оған қоса мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы барлық қолданушылар Интернет желісі арқылы қатысушыларды қалай тіркеу жөніндегі нұсқаулықтармен, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысындағы өнім жеткізушілер мен ұйымдастырушылардың жұмыстарымен таныса алады. Веб-порталдың жемісті жұмыс жасауы үшін және оның ыңғайлылығын одан әрі арттыру мақсатында техникалық қолдау қызметі ашылды. Портал қолданушылары ол арқылы таңғы 09:00-ден бастап кешкі 19:00-ге дейін өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУДЫҢ ҮДЕМЕЛІ ҮЛГІСІ
Қоғам дамуының ертеңін айқындаған Елбасының биылғы Жолдауындағы “2020 Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол” бағытымен өңірде жүзеге асырылатын “Бизнестің жол картасы” бағдарламасымен елді индустрияландырудағы жұмыс жүйеленген. Аталған сала бойынша облыста жалпы сомасы 60,3 млрд. теңгелік 14 инвестициялық жоба қолға алынса, оның 303 млрд. теңге болатын 2 жобасы республикалық индустрияландыру картасы арқылы жүзеге асырылмақшы. Ал, өңірді индустрияландыру картасына 12 инвестициялық жоба қосылып, жобаларды іске асыруға 57,0 млрд. теңге қаражат жұмсалатындығы айқындалыпты. Үдемелі индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу мақсатындағы үдемелі даму бағытындағы жобалардың алтауы биылғы жартыжылдықта толыққанды іске асырылуы тиіс. Демек, ағымдағы жылы пайдаланылатын жобалар тізіміне жалпы құны 15,3 млрд. теңге болатын сегіз жоба енгізілсе, өткен мерзімде аталған жобаларға тиісті қаржының 8,4 млрд. теңгесі игеріліп, белгіленген мерзімдегі қолға алынған жұмыстардың тиянағы келтірілгенін айтуға болады.
Жұмыс ауқымы тиімді жалғасқан жағдайда бірінші шілдеге дейін алты жоба толыққанды ел игілігіне ұсынылмақшы. Олардың қатарында Алматы шаһарының айналасында азық-түлік белдеуін құруға қатысты Текелідегі көлемі 3,65 гектар “Green House – Зеленый дом” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай құрылысы бар. Мұнда құрылыс жүргізу мен құрастыру жұмыстары аяқталып, қажетті жабдықтар толық жеткізіліп, жұмысты бастау үшін бәрі дайын. Осыған қосымша майбұршақтан май шығаратын зауытты пайдалануға беру бағытындағы соңғы жұмыстар аяқталып, Балпық би кентіндегі өндіріс іске қосылып, алғашқы өнім тұтынушыға жол тартты. Ал, сүт өнімдері өндірісін іске қосу жұмыстары толық бітіп, жұмысшылар соңғы сынақтан өткізу, тұтынушыны экологиялық жағынан таза сүт өнімдерімен қамтамасыз ету жақын күндері жалғастырылмақшы. Жұмысшылар арнайы дайындықтан өтіп, зауыт өніміне деген сұранысты қанағаттандыруға күш-мүмкіндікті жұмылдыру үшін қарбалас тірлік кешуде.
Ел игілігіне ұсынылатын жобалардың қатарында Жамбыл ауданы, Қопа стансасындағы табиғи тастарды өңдейтін “TASKOM KZ” зауыт құрылысы бар. Нысан техникалық жағынан сауатты жасалып, жұмысын бастауға әзірлігін көрсетсе, мұнда шикізат көзі жеткілікті. Аталған жобалардағы құрылыс ғимараттарының айналасын көріктендіру, абаттандыру жұмыстары да жалғастырылуда.
Жетісу жеріндегі экономикалық дамуға өзіндік үлесі бар Еңбекшіқазақ ауданындағы инфузионды ерітінділерге арналған бір реттік жүйе өндірісіндегі құрастыру жұмыстары тәмамдалса, Қаратал өзеніндегі су электр стансасының құрылысы шілде айында тәмамдалып, тұтынушы игілігіне ұсынуға күш-мүмкіндік жұмылдырылған. Өңірдің экономикалық дамуында ерекше орны бар аталған жобалар бойынша жүздеген жұмыс орындары ашылып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына оң ықпал ететіндігімен ерекшеленетінін айтқан жөн.
Құнды жобалардың қатары мұнымен шектелмей, Талғар ауданында “ЮСКО Логистикс Интернешнл” көп салалы логистикалық кешені мен “Илно Групп” иілген болат профильдер өндірісі зауыттарын екінші жартыжылдықта пайдалануға беру үшін жұмыс жалғасып, құрал-жабдықтармен қамту жайы да қатар атқарылуда.
Халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатындағы республикалық индустрияландыру картасы ауқымында 8 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда да жоспарлы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Оның төртеуі бірер жыл бұрын басталса, қазіргі кезде “Қорғас” шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы, Балқаш ауданындағы “Өтес Био Азия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңы мен Қорғас-Жетіген темір жол желісін айтуға болады.
Экономиканы әртараптандыру бағытындағы Балқаш жылу, Мойнақ су электр стансалары мен Алматы-Қорғас автожолы, “Алма” 500 кВ қосалқы станса жұмыстары еңбек өнімділігі мен ел экономикасының кешенді дамуындағы маңызды нысандар екені даусыз. Балқаш жылу электр стансасының құрылысы биыл басталатынын ескерсек, Жетісу жеріндегі индустрияландыру картасындағы маңызды бағыттардың тиімділігін көруге болады. Аталған нысандар бойынша жобалардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жұртшылық оған сеніммен қарауда. Демек, “Жол картасы” бағдарламасы елдің индустриялық дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызып отырғанын көреміз.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.