Руханият • 15 Қаңтар, 2024

Қонаев тағылымы

593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көзі тірісінде-ақ ерен еңбегі еленіп, халық көсеміне айналған Дінмұхамед Қонаевтың орны бөлек. «Құдайдың сүйген құлы сол емес пе, Кемеңгер ұл Қонаев Дінмұхамед» деп ақындар жырға қосса, жұртшылықтың «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауы сом тұлғаның ел жүрегінен елеулі орын алғанының айнымас айғағы.

Қонаев тағылымы

Дінмұхамед Қонаевты жас ұрпаққа таныстыру мақсатында әртүрлі жинақтар жарық көріп келеді. Былтыр ғана «Ол кім?» се­риясы бойынша «Мазмұндама» баспасынан «Дінмұхамед Қонаев кім?» атты кітапша жарық көр­ген еді. Жинақта Димаш Ахметұлының өмірі мен қыз­меті жайлы балалар білуге тиіс мәлі­меттер жан-жақты қамтылған. Кітапша авторы Серікбол Хасан жинақтың балалар үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Бұл кітаптың мақсаты – бала­ларға Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолын, екі рет үкімет, екі рет мемлекет басқарған еңбегін түсінікті етіп жазып шығу болатын. Іргелі кез­десулері мен үлкен өндіріс орын­дарын салуы секілді тарихи оқи­ғаларды да қамтуға тырыстық. Жал­пы, бұл жинақ – Қонаевтың екі кітабы, басқа да тұлға жө­нін­де естелік кітаптарды шолып­ оқып шығып, сол кітаптар­дың негі­зін­де балаларға лайықтап қайта жа­зыл­ған дүние. Жалпы мұны ерекше жаңалығы бар зерт­теу кітап емес, балаларға ар­нал­ған танымдық кітап­ша деп айт­сақ болады. Жалпы, «Ол кім?» сериясы бойынша төрт кітапқа авторлық еттім», – дейді автор.

Ал белгілі қаламгер Ораз Қау­ғабай «Қонаевтың 12 қасиеті» кіта­бында әл-Фараби даналы­ғы бойынша кемеңгер патшаға тән «12» қасиеттің дегдар тұлғаның бо­йында тү­гел тоғысқанын таратып жазады.

– Әл-Фарабидің даналы­ғын­да кемеңгер басшы өзінің сүйек-сыны, сыртқы тұлғасы арқылы ерек­ше көрінуі керек. Яғни ол адам өте сымбатты «мінсіз, мүсін­дей әдемі, иманжүзді болуға тиіс». Ди­мекең жаратылысынан кө­рікті, бойшаң және жүзінен нұр тө­гіліп тұ­ратын иманжүзді кісі еді. Кеңестік дәуірдегі мемле­кет қайраткерлерінің ішіндегі ең сымбатты, бой жағынан да, ой жағынан да ерекше бөлек тұлға Димекең екені белгілі. Екінші қасие­ті туралы Әл-Фараби ол адам «өзі­не айтылған сөздің бәрін те­рең тү­сінетін және істің жай-жағ­дайына сәйкес жан- жақты тез ұғып алатын аса зерек болуы керек» дейді. Ди­мекеңнің зерек­тігі мен бәрін біліп, сезіп тұратын айрықша қа­сие­ті жө­нінде қасында жүр­ген серіктері қа­зірге дейін таң­дана айтады,– дейді автор кітабында.

Сонымен қатар жинақта Д.Қо­наевтың Қапшағай су қойма­сын салудағы батыл шешімі, Медеу шатқалына байланысты тәуе­кел­дері, халқы үшін бәріне баруға даяр шынайы ұлт перзенті екені кеңі­рек жазылған.

Ақиқат қартаймайды. Ол бо­ла­шаққа жаңа, саф күйінде жетіп өзінен қазына таратпақ. Біздің­ше, Қонаев қазынасы – әлі толық ашыл­­маған, тиісінше зерделенбеген бекзат дүние.