Тұлға • 15 Қаңтар, 2024

Ақылды ізгілікпен ұштастырған

517 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алты алаштың тарихында есімі алтын әріптермен жазылған біртуар тұлғалар аз болмағаны белгілі. Ал ардақты азаматтардың атын дәріптеп, өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсете білу қазіргі жастардың негізгі міндеттері мен парызына айналуға тиіс. Сондай шоқтығы биік, өр мінезді, елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның бірі – қоғам қайраткері, ғалым Мырзагелді Кемел.

Ақылды ізгілікпен ұштастырған

Көзі тірі болса ағамыз жетпіс бес­тің белесін бағындырар еді. Саналы ғұмырында халымыздың руханият саласына үлес қосып, еліміздің экономикалық дамуы үшін тер төккен осы ғалым-қайраткердің еңбегі зор. Ол қатардағы инженерден бастап, халықтың қалауы мен қолдауы арқылы Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты болды. Қанша биік қызметтер мен мінберлерде жүрсе де, өмірлік ұстаным еткен қарапайымдылық пен адамгершілік құндылықтарын бойынан жоғалтқан жоқ. Тағылымы мен танымы мол, еңбек жолында талай асулар мен белестерден өтіп, еліміздің өңірлік экономикалық және әлеуметтік дамуына септігін ти­гізді. Елімізде 8 заңның қабылдануына тікелей қатысып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына қажетті тың ғылыми зерттеу­лер жүргізген. Экономика ғы­лы­мында – 14, руханият саласында 26 еңбекті жарыққа шығарды. Сондай-ақ мемлекеттік басқару, агроөнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығындағы коопе­рация, аграрлық және жер рефор­ма­лары, қоршаған ортаны қорғау, эко­­номиканы мемлекеттік реттеу мен із­­гілікке, имандылыққа, білім-бі­лікке, ақыл-парасатқа үндейтін таным­дық-көсемсөздік еңбектері бар. Осы еңбектерін маңызы мен мазмұны халық­тың керегіне жараса деп тер төкті.

Еліміздің нарықтық экономикаға көшуін, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты зерделеп сипаттап көрсете білді. Сол кездегі қиын жағдайда тәуелсіз мемлекетті қалай құру керектігін, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үдерісін, тең құқықты демократиялық елге айналудың негізгі алғы шарттары мен қадамдарын көрсетті. Себебі экономика – саясаттың да, мәдениеттің де ажырамас негізгі бөлшегі. Экономика – мемлекеттің, қоғамның, әрбір нақты адам мен оның отбасы өмірінің негізі. Өйткені экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болсын шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін елде қуатты, осы мәселелерді шешуге қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылықтар – еркіндік пен демократия, халық игілігі деген құбылыстың өзі бос сөзге айналады.

Мемлекеттік басқару және эконо­мика­ның болашақта дамуы туралы еңбектерінде цифрлы технология және дағды экономикасын құру үлкен эко­номикалық және технологиялық да­мытуға басымдық беру керектігін айт­қан. Білікті маман даярлау, мем­ле­­кеттік бағдарлама негізінде әлемдік стандарттарға сәйкес жоғары оқу орын­дарын құру керектігін айтып та, жазып та қалдырды. «Қазақ еліндегі мем­лекеттік басқарудың қалыптасу эволюциясы» атты еңбегінде еліміздің егемендік алуы, дамуы, ашық әрі әділетті мемлекет құру туралы баяндайды.

Өзі қызмет еткен Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетіндегі экономика факультетінде отбасының қаржыландыруымен Мырзагелді Кемел атындағы дәрісхана ашылды. Кабинетте ағамыздың өмірлік ұстанымдарынан сыр шертетін құнды мұралары, жүріп өткен жолы, еңбектері, фотосуреттер, тағы да басқа құнды деректер сақтаулы тұр. Шәкірттері мен ізденуші студенттер үшін кез келген сәтте Мырзагелді Кемел туралы ақпарат алып, ой танымын кеңейтуге зор мүмкіндік екені анық.

15 қаңтар – М.Кемел ағамыздың туған күні. Осы күнге орай жыл са­йын университетте студент, магис­трант, докторанттар мен еліміздің зия­лы қауымының қатысуымен дөңгелек үстел, конференция өтіп тұра­ды. Осындай іс-шарада ғалым, ұстаз­бен бірге иық тіресіп жұмыс істеген әріптес, замандас құрдастары тың ақ­параттар айтып, қызықты әңгімелері туралы сөз қозғаған болатын. Сондай әң­гіме­ден үзінді келтірейік. «...Ағамыз Мақ­тарал ауданында кеңшар директоры болып қызмет етті. Жер алып, 3-4 гектар аумаққа қауын-қарбыз егіп, күзде жиын-терім кезінде көрші сов­хоздан трактор шақыртып, қауын-қарбызды Зиба апамыз екеуі жинап, тарактор тіркемесіне тиеп б­азарға апарып саттық», деп айтқаны есімізде. Ағамыздың қарапайымдылығы мен еңбекқорлығын, адалдығын, елдің, мемлекеттің мүлкін артық пайдаланбау, адамды жұмсау, оны пайдаланып қалу деген ой, іс-әрекет мүлдем жоқ. Ағамыз бір сөзінде «Мен ашық әрі де­мократ әке болдым. Жалпы, отба­сымда тәрбиені ұл-қыздарыма да солай беремін. Тапқан табысымды жарым Зиба екеуміз ортаға қойып, балалардың керегін алып беріп, үнемдеп жаратуға, тиімді пайдалануға үйреттім», деп айтқаны бар. Мырзагелді Кемел ағаның шәкірті болып, қасында жүріп байқағаным жалқаулық, жағым­паз­дық, жемқорлыққа жаны қас. Тек білуге, ізденуге, меңгеруге, білгенін үйре­туге тәрбиелейтін, жаны таза, ашық адам еді. Мені өз баласынан кем көрмеді, екі күн хабарласпай қалсам «Ереке» деп бай­ла­нысқа шығып, «Үйге кел, Зиба апаң сұрап жатыр», деп шақырып алатыны бар. Сондағы әңгімесінде үнемі ақ пен қа­­раны айыруға, адал еңбек етуге, та­банақы, маңдай термен өсіп-жетілуге, ең­­бексүйгіштікке баулып, баласындай тәр­­бие­леп, ғылым жолындағы әкем болып кетті.

Марқұмға арналған іс-шаралар алдағы уақытта кең көлемде ұйымдас­тырылып, республикалық «Мырзагелді Кемел оқуларын» өткізу жоспарланып отыр. Жастар арасында ұлағатты тұлғаның еңбектерін насихаттап, есімін одан әрі асқақтата түсері анық.

Мен үшін Мырзагелді Кемел орны бөлек ғалым, ұстаз, жазушы болып қала береді. Өйткені өмірімде алғаш оқыған кітаптар осы кісінің есімімен тығыз байланысты. «Абзалдық әліппесі», «Ақыл қалта» атты аудармаларында өмір әрі адам психологиясы туралы кең көлемді зерделенген ақпараттар мен білім көзі жинақталған. «Ақыл қалта» кітабы бұрын жарық көрген «Абзалдық әліппесінің» жалғасы саналатынын атап өткен жөн. Қаламгердің «Абзалдық әліппесі» атты кітабында ғибратты ойлары, толғамдары керемет көрсетіліп, баяндалған. Еңбекте адамгершілік, ақыл, мінез, ар-ұят, иман, білім-білік, отбасы, достық мен махаббат, еңбек және бақытқа жету мәселелері жан-жақты талданады.

«Ақыл қалта» кітабы оқыған жанды ойландырмай қоймайтын өсиет-өнегеге толы таптырмас туындылар деп сенімділікпен айта аламын. Түйіндей келе айтарым, Мырзагелді Кемел қазақ тарихындағы аты үлкен әріппен жазылатын ұлы тұлғалардың қатарында шоқтығы биік ғалым, жазушы, ұстаз әрі елге үлкен еңбегі сіңген қайраткер болып қала береді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артында өнегелі іс қалдырып, халықтың рухани дамуына үлес қосқан ардақты тұлғаның аяулы есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

 

Ерғали ӘБЕНОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті менеджмент кафедрасының доценті, PhD