Спорт • 16 Қаңтар, 2024

ФИФА жылдың үздік футболшысын анықтады

656 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) The Best FIFA Football Awards салтанатты марапаттау рәсімін өткізді. Мерекелік іс-шара Лондонда ұйымдастырылды. Кеште үздік футболшылар анықталды, деп жазады Egemen.kz fifa.com порталына сілтеме жасап.

ФИФА жылдың үздік футболшысын анықтады

Фото: fifa.com

The Best FIFA Football Awards марапаттау кешінде 36 жастағы Аргентина құрамасының капитаны, «Интер Майами» футбол клубының ойыншысы Лионель Месси жылдың ең үздік ер футболшысы атанды.

Ол ұйым ұйытқы болатын осы кештің басты аталымында қатарынан екінші жыл, кәсіби мансабында үшінші рет үздік деп танылды. 

Марапатты табыстаушылар үздікті анықтау барысында Мессидің 2023 жылы Францияның «ПСЖ» құрамасы мен  «Интер Майами» сапында Leagues Cup турнирінің жеңімпазы болғанын меңзеген. Ол осылайша футбол тарихындағы ең титулды ойыншы болды. Бұрын бұл атақ «Барселонадағы» бұрынғы әріптесі Дани Алвеске тиесілі еді.

Алайда Месси марапаттау рәсіміне қатыспады. Оған тиесілі жүлдені үздікке жеткізу үшін салтанатты жиынның жүргізушісі, бұрынғы әріптесі Тьерри Анри алды.

Осы аталымда үміткерлер қатарында «Манчестер Ситидің» норвегиялық шабуылшысы Эрлинг Холанд пен француздық «ПСЖ» жұлдызы Киллиан Мбаппе болған еді.

Ал ФИФА нұсқасында әлемнің үздік әйел футболшысы номинациясын 25 жастағы испаниялық ойыншы Айтана Бонмати жеңіп алды.