Университет • 16 Қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 90 жыл

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы датаға орай университетте мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 90 жыл

Қара шаңырақтың мерейтойы осы оқу орнында еңбек етіп, еліміздің білім, ғылым саласына айрықша үлес қосқан ғалымдарды, оқытушыларды марапаттау рәсімімен басталды.

Осы орайда универсиетет ұжымына құттықтау жолдаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Әлемнің екінші ұстазының есімін иеленген қара шаңырақ ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер  университет ұжымының табанды еңбегінің арқасы деп бағамдаймын. ҚазҰУ-дың 90 жылдық торқалы тойы 100 жылдық тұғыры биік ғасыр тойына ұлассын», деп атап өтті.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Ғани Бектаевтың құттықтауы оқылып, вице-министр Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сөз сөйлеп, университет мерейтойының маңыздылығына тоқталып, қара шаңырақтағы ғалымдардың жетістігі туралы айтып өтті.

ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев оқу орны ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мерейлі белеске университет үлкен табыстармен жеткендігіне тоқталды.  Осы орайда университет ғалымдары медальдармен, Алғыс хаттармен марапатталды.

«ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 230-орында. QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. 90 жылдық тарихы бар университетте 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде 11 ҚР ҰҒА  академигі, ҚР Жоғары мектебінің үш академигі, Жоғары мектебі Ғылым академиясының ­ сегіз академигі, жеті ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. Биыл 32 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Кез келген университет мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегімен, түлектерінің сапасымен өлшенеді. ҚазҰУ түлектерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар жеткілікті. ҚазҰУ-да жылдар бойы қалыптасқан белгілі қайраткер тұлғалардың, мықты оқытушы-профессорларымыздың ғылыми мектептері қалыптасқан. Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, жаңа бағытта дамыта беретін болады. Қазір 25 мыңнан астам студентіміз бар. Студенттеріміз АҚШ, Еуропа, Азияның озық университеттерінде білімін жетілдіруде. ҚазҰУ әлемнің 650-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді. 2023 жылы Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің  филиалын ашу туралы келісілді. Филиал 12 қазанда ашылды», деді ректор өз сөзінде.

д

ҚазҰУ 2022 жылы зерттеу университеті мәртебесін алғаннан кейін ғылымға басымдық бере бастады. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге жуық өсті. Қазіргі таңда 8,5 миллиард теңгенің гранттық жобалары орындалып жатыр. 2023 жылы ҚазҰУ ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды.

2024-2027 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі өтеді. Әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысы жүріп жатыр.  Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк жоспарланған. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай, ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарланып отыр. Бұл жобаны ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп іске асырады. Робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсететін орталық биылғы жылдың екінші тоқсанында ашылады. Бұдан бөлек ҚазҰУ-да Қытай үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 1800 (1800 Тфп) жүзеге асыратын суперкомпьютерге қаражат ҚХР үкіметі есебінен бөлініп, ҚазҰУ-да орнатылады.  Бүгін мерейтойға орай, химия және химиялық технология факультеті жанынан гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.