Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Өзгерген Өскемен өрнектері

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Классицизм стилінде бой көтерген сүйекті ғимараттар баз баяғы қалпында болғанымен, Өскеменнің жалпы кескін-келбеті сонау 50-жылдармен салыстырғанда көп өзгерген. Оны Оралхан Бөкей атындағы кітапханада өтіп жатқан «Өзгерген Өскемен» атты AR фотокөрмеден тамашалауға болады.

Өзгерген Өскемен өрнектері

Көрермендер мольберттегі көне суреттерге қалта телефонына көшіріп алған «MAGICAL PICTURE» мобильді қосымшасын жақындатса, қаланың ежелгі және бүгінгі көріністеріне бір сәтте куә болады. Қарап отырсақ, Өскемен көп өзгерген. Қаншама жаңа ғимарат бой көтеріп, даңғылдар, көшелер салынды. «Елу жылда ел жаңа» деген осы шығар. Өзгерген Өскемен мен көне шаһарды салыстыра қарап жүрген оқушылар мен студенттер көп мұнда. Олар қаланың тарихы туралы кітаптармен де танысты. Топтастырылған тарихи кітаптарда Өскеменнің іргесі 1720 жылы қаланды дегенмен, одан арғысын да тереңдете зерттеуіміз керек. Петр патшаның бұйрығымен қала емес, Ертіс пен Үлбінің қосылған тұсына қамал салынған шығар. Ал оған дейінгі Ертіс бойы иен жатпағаны белгілі.

«Қалада өтіп жатқан көрмелерден қалмауға тырысамыз. Ал бұл жолғы AR форматындағы фотокөрме ерекше екен. Ерекшелігі сол, осыдан 50-60 жыл бұрын түсірілген фотосуреттерге қарап, бүгінгі жеткен жетістігімізді бағамдауға болады. Қала үлкейген, гүлденген. Есесіне ауылдарымыз тозып кетті. Ауылдық жерде де осындай көрме жасаса деп ойлаймын», дейді 3-курс студенті Ділназ Ермек.

Иә, әсіресе шекарадағы, шалғай­дағы ауылдардың кешегі суреттерін жинақтап, бүгінгісімен салыстырса, көрер­мен дамудың кері кеткеніне куә болар еді. Айта кетерлігі, «Өзгерген Өскемен» фотокөрмесі ай соңына дейін тұрады. Көремін десеңіз, кітапхана есігі айқара ашық.

 

ӨСКЕМЕН