Аймақтар • 17 Қаңтар, 2024

Үнемдегеннің үлесі көп

123 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сырдария арнасы кейінгі жылдары елді алаңдатып-ақ тұр. Бұрнағы жылдары жазда солып аққан өзен қыста толып, лықсыған мұз арнадан асып, жұрт әбігерге түсіп жататын. Қазір ол ұмытылды. Торғай миын қайнатар жазда жылғасы жылтырап қалса, қыста да бұрынғы жағалауына жете алмай жүр. Осыдан да көлден балық сүзгендер мен несібесін жерден тергендер «Балықшы күнде – арманда, егінші жылда – арманда» дегеннің кебін киіп отыр.

Үнемдегеннің үлесі көп

Екімыңыншы жылдар басында көктем шыға қала маңындағы саяжайлар мұз үстінен жүгірген қызыл судың астында қалатын. Іле-шала өзенді жағалай қоныс­танған аудандардан да дабыл түсіп жататын-ды. Дарияның Қы­зылорда қаласын жанай ағатын 16 шақырымдық бөлігіндегі бөгеттің әр тұсы жылма-жыл сыр беріп, жағалауды бекем­деу жұмыстарына мекемелер қызметкерлері мен оқу орын­дарының студенттері жұмыл­дырылатын кезеңдер де есте. Ақиқатын айту керек, сірескен мұздың көбесі сөгіле жұмысы қарбаласып кететін төтенше жағдай саласы мамандарының арқасында адам шығыны болған жоқ. Зардап шеккендердің материалдық шығыны облыстық, республикалық бюджеттерден бөлінген қаржылар есебінен өте­ліп келді. Қазір мұның бірі де жоқ.

Дегенмен де әр қыста жылдағы әдет бойынша су тас­қыны кезеңіне дайындық ұдайы пысықталып отырады. Жуыр­да Үкімет басшысының төраға­лығымен өткен отырыс­та облыстағы әзірлік барысы баян­далды. Аймақта Су ре­сурс­тары және ирригация, Эколо­гия және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министр­ліктерімен бірлесіп, су тасқынының алдын алудың шаралары қабылданған. Өзен арнасына күнделікті бақылау жүргізіліп, қауіпті учаскелерге арнайы техникалары бар жауапты мекемелер бекітілген. Қажетті материалдық-техникалық қор да толық жасақталып тұр.

Облыстағы «2021-2023 жыл­дарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасына 17 іс-шара енгізіліп, қазір 8-і толықтай аяқталыпты. Жол картасындағы жергілікті бюджеттен жоспарланған 6 жоба түгел орындалды.

Бүгінгі қалпында айналасын қарғын су басып кетеді деген қауіп жоқ. Дегенмен де Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өзен бойындағы қауіпті учаскелерді бақылауды кү­шейтіп, тәулік бойы кезек­шілікті жалғастыру тапсырылды. Су басу аймағына жақын орналасқан елді мекендерде инертті материалдар қорын шоғырландырып, қа­жет болған жағдайда инже­нерлік жұмыстарды ұйым­дастыру міндеттелді. Облыс­тық төтенше жағдайлар депар­таменті авариялық-құт­қару қызметтері мен күш-құрал­дардың дайын­дығын үнемі әзір­лікте ұстап, мо­ниторингті жалғас­тырып отыр. Облыс аумағында мұз жү­ру жағдайын бақылап отырған мамандар дерегінше Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 300 текше метр су жіберіліп жатыр. Оның 100 текше метрі вегетациялық кезеңге дайындық үшін Көксарай су реттегішіне қабылданады.

Биыл қыс жылы болған­дықтан, дарияның оңтүстік бө­лігіндегі өзен арнасында мұз жоқ. Солтүстікке қарай жыл­жыған мұз Сырдария ауданы аумағында байқалады. Ал Жалағаш және Қармақшы аудандары аумағында оның орташа қалыңдығы 15-17 см, Қазалы мен Аралда 30 см болып тұр. Мамандар су деңгейі жылдағыдан төмен, ұстасқан мұз жұқа болғандықтан, су тасқыны қаупі жоқтығын айтады.

Шардарадан жоғары Тоқ­тағұл, Әндіжан, Бахри Точик және Шарбақ су қоймаларындағы жағ­дай да мәз емес. Шардараның өзінен былтыр осы уақытта да­рияға секундына 1000 текше метр тасталса, биылғы көлем 300-ден сәл асады.

– Шардарада былтыр осы уақытта 4 млрд текше метрден асып толып тұрса, қазір 2,5 млрд текше метр болып тұр. Оған жо­ғары ағыстан секундына 766 тек­ше метр су түсіп жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов.

Былтырғы вегетация кезе­ңінде облысқа Шардарадан 3,8 млрд текше метр су бөлінген. Бірақ осының өзі жырымшыланып, егісі судан қала жаздаған талай шаруаның шарасын тауысты. Биылғы көлем осы көктем айларында белгілі болады. Жылдан жылға жалғасып келе жатқан бұл тапшылық суды үнемдеп пайдаланудың кезі әлдеқашан жеткенін көрсетіп тұр.

– Су ресурстары және ирригация министрлігі бастамасымен суды үнемдеудің түрлі жолдары іздестіріліп, саланы цифр­ландыру қолға алынып жатыр. Министрлік ұсынысымен осы күні өңірлерде 2024-2026 жыл­дарға арналған кешенді жоспар дайындалды. Оның ішінде біздің облыста аустралиялық компания көмегімен Қызылорда сол жаға магистралды каналындағы құрылғыларды автоматтандыру бар. Сонымен қатар бес жылдық цифрландыру бағдарлама аясында республикалық меншіктегі 16 магистралдық каналды автоматтандыру жобасы енгізіліп отыр, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Әлібекұлы.

Болжамдар биыл су жағ­дайының оңай болмайтынын көрсетеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы дерегінше, былтыр 10 канал тазаланып, насос қондырғылары алынған. Биыл 21 коммуналдық канал қазылады деген жоспар бар. Осының барлығы – тапшы судың тамшысын да ысырап қылмай, үнемдегеннің үлесі көп болатынына жұрттың көзін жеткізудің қамы.

 

Қызылорда