Денсаулық • 17 Қаңтар, 2024

Қоғамдық иммунитет алынбас қамал ма?

159 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жұқпалы аурулардың қаупін коронавирус инфекциясы күшіне мінген шақта түсінгендей болдық. Бұл ретте дерттен сақтанудың амалы вакцина алу екенін ұғынғанымызбен, екпе туралы алыпқашпа әңгімеге иланғандар да табылды. Мұның салдары қоғамдық иммунитет қалыптастыруға кері әсер етті. Неге десеңіздер, ғалымдар вирусқа қарсы вакцинаны жаппай салдыру арқылы жұқпалы індетті ерте тұсаулауға болатынын әу баста ескерткен. Кешегі қызылша ауруының да бірден-бір емі осы вакцина еді.

Қоғамдық иммунитет алынбас қамал ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

QazVac құрамы өзгереді

Вакцина белгілі бір вирусты инфек­цияға қарсы иммунитет қалып­тастыруға көмектеседі. Мысалы, коронавирус пандемиясы тұсында вакцина салдырғандар сырқаттың салдарын барынша жеңіл еңсерді. Тұрғындарға вакцинаның бір емес, бірнеше түрі ұсынылды. Қысылтаяң шақта шектеу шараларынан кейін әуе рейстері тоқтап, маска, дәрі-дәрмек тапшылығы сезілді. Көп ұзамай өзіміздің отандық вакцина айналымға шықты. Шетелдік вакцинаны салдырмағандар «QazVac»-қа сенім артты. Осыған қарамастан вирусологиядан хабары жоқ антиваксерлер ел арасында жалған ақпарат таратудан жалтармады. Мұның салдарынан вакцина алғандар мен алмағандар екі топқа бөлінді. Тіпті, бір сәт вакцинаны ғұмыр бойы зерттеп келе жатқан ғалымдар мен білікті дәрігерлердің пікірі тасада қалып қойғандай болды. Шын мәнісінде, отандық денсаулық сақтау саласы өз халқын құрдымға батырады дегенге қалай сенуге болады?! Бетін аулақ, елімізде эпидемиялық жағдай әр кез тұрақты болсын дейміз. Әйткенмен бүгін басылған жұқпалы вирустар ертең қайта күшіне мінбесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан отандық ғалымдар «QazVac» вакцинасының құрамына өзгеріс енгізіп, тиімділігін арттыруды дұрыс санайды. Мұның анық-қанығын «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің бас директоры Ерғали Әбдірайымов айтып берді.

– Бүгінде отандық ғалымдар әзірлеп, өндіріске енгізген «QazVac» вакцинасына қосымша клиникалық зерттеулер жүргізіліп келеді. Яғни коронавирусқа қарсы қабілеті тексеріліп жатыр. Біз вирус­тың соңғы штамдарына қарай вак­ци­на құрамын өзгертуіміз қажет. Бұл – күрделі шаруа. Технологиялар өзгер­мегенімен, штамның құрамы өзгерді. Қазір Алматы қаласындағы медициналық орталықта клиникалық сынақты бастадық. Оған жүздеген адам қатысады. Сынақ нәтижесі бойынша көрсеткіштер жоғары болады деп күтеміз. Неге десеңіздер, технология бойынша біз вакцинаны тұтастай қолданамыз. Вирусты ыдыратып, бөлмейміз. Тек химиялық әдіспен өлген вирусты вакцина құрамына қосамыз. Бұл вакцинаның тиімділігін арттыруға тиіс. Сарапшылар коронавирус індеті әлі кездеседі деген болжам айтып отыр. Біз сол үшін де вакцинаның штамдық құрылымын өзгертуге қатысты қабылданған шешімді дұрыс санаймыз, – дейді Е.Әбдірайымов.

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі құ­рылып, мамандардың жұмысқа кіріс­ке­ніне небәрі жылдан асты. Осы ара­лық­­та шетелдік бір емес, бірнеше компаниямен келісімшарт жасаған. Бұл холдингтің отандық өндіріске жетекші инновациялық технологияларды енгізуге ниетті екенін аңғартады. Сондай іс-шара­лардың біріне Мемлекет басшысы да қатысты. Келешекте шетелдік ком­па­ниялармен ынтымақтас­тық оң нәти­же беріп, холдингтің биологиялық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етумен қоса биофар­мацевтикалық нарықты дамытуға негізделген мақсат-міндеті орындалады дегенге үміт басым.

 

Вакцина кеше пайда болған жоқ

Негізі фармацевтикада әрбір вакцина­ны сақтау, тасымалдаумен қатар қолдану тәртібі бар. Мұны дәрігерлер жақсы біледі. Себебі вакцина кеше пайда болған жоқ, бұрыннан бар. Өзге мемлекеттер секілді бізде де кейбір вакциналар эпидемиялық жағдайға байланысты егу кестесіне енгізіледі. Туберкулезге қарсы вакцина осыдан шамамен 30 жыл бұрын нәрестелерге, мектеп жасындағы балалармен қатар ересектерге салынатын. Кейінгі жылдары эпидемиялық ахуал біршама тұрақталған соң балалар осы вакцинаның екі дозасын ғана алып келді. Нәресте туған кезде және мектепке барардың алдын­да туберкулезге қарсы ревакциналау жасалды. Енді былтырдан бастап 6 жасар балаларға БЦЖ жасаудың қажеті жоғы анықталыпты. Яғни егу кестесінен алынып тасталған. Айта кетерлігі, атал­ған вакцина өкпеге емес, миға өтуі ықти­мал туберкулезден қорғайды екен. Жұқпалы аурулардан қорғайтын әрбір вакцина тыңғылықты тексеруден өткен. Қауіптенудің қажеті жоқ. Керісінше, вакцина салмағанның салдары күрделі болуы мүмкін. Елге тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналар жеткізіледі. Яғни ғалымдар вакцинаның зиянсыз екенін растайды. Сосын вакцина өндіруді қолға алған мемлекет екпені, ең алдымен, өздері қолданады. Бізде вакцинаның егу кестесі Конституцияға, Денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сүйене отырып нақтыланады. Әрі әрбір 18 жасқа толмаған бала ата-анасының жазбаша рұқсатымен ерікті түрде салдырады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығындағы филиалдың директоры Айнагүл Қуатбаевадан нақтылап сұраған едік.

– Елімізде егу кестесі бойынша салынатын вакциналардың көбі Еуропадан келеді. Қазіргі егу кестесіне сәйкес пер­зент­ханада сәбилерге екі вакциналау жасалады. Оның бірі туберкулезге қар­сы вакцина болса, екіншісі – В вирус­ты гепатитіне қарсы екпе. В вирусты гепа­­титіне қарсы вакцинаны жасына тол­маған балалар араға екі айдан салып үш рет алады. Мұның тиімділігі өте жоғары. Нәтижесінде, кейінгі жылдары балалар арасында В вирусты гепатитінің бірлі-екілі ғана жағдайы кездесіп жатыр. Оның өзінің белгілі бір себептері бар. Мы­салы, бала вакцинаның бірін алып, екіншісін алмаған болуы мүмкін, – дейді А.Қуатбаева.

Егу кестесіндегі вакциналарды негізгі және эпидемиялық жағдайларға байланысты салынатын деп екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі жоспарлы түрде әр баланың жасына, жағдайына қарай салынатын болса, екіншісі тұмауға, А вирусты гепатитіне, сібір жарасы, коронавирусқа, обаға, құтырмаға қарсы салынады. Мұның ішінде қызылшаға қарсы екпе – негізгі вакциналар тобында. Қызылша, қызамық, паротитке салынатын вакцина комбинерленген аралас вакцина саналады. Үндістаннан жеткізілетін екпенің тиімділігін біз ғана емес, әлемнің көптеген елі растаған. Себебі бір ғана вакцинамен үш аурудың алдын алуға болады. Бұл вакцина күнтізбеге сәйкес баланың 12-15 айында, сонымен қатар мектепке барарда салынады.

 

Қызылшаның беті қайтар емес

Қызылша ауруы жасқа толмаған бала­ларды да әуре-сарсаңға салды. Ста­тис­тикаға жүгінсек, қызылшамен ауыр­ғандардың 80 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Оның ішінде вакцина салдыруға қарсылық білдірген және денсаулығына байланысты медициналық қарсы көрсетілімі бар балалар кездес­кен. Бүгінде 5 жасқа дейінгі балалардың қызылшамен ауруына тағы бір себеп – қоғамдық иммунитеттің қалыптаспауында. Мұны дәрігерлер айтуындай-ақ айтты. Ата-аналарды бала­ның денсаулық құқын шектемеуге ша­қырды. Вакцина салдырмаған балалардың ата-анасы түгел антиваксерлер деп айтудан аулақпыз, оның ішінде тұрмыстың қамымен жүріп мән-жайды аса елемегендер көп. Ал баласы сырқаттанып, ауру­ханаға түскенде «неге вакцина сал­дыр­мадық екен» деген сұрақ кім-кім­нің болса да ойына келген шығар. Иә, қызыл­ша, қызамық, паротит ауруының өзіне тән асқыну белгілері бар. Оның ішінде қызылша ауруының салдары аса қауіпті.

– Қызылша ауруы бұрыннан бар. Аурудың емі былай тұрсын, дәрігерлер жоқ заманда бір отбасында 5-6 кішкентай болса, түгел ауырған екен. Сонда қызыл­ша­мен бұрын ауырған балаларда вирустың салдары жеңіл өткен. Қызылшаға дейін әжемнің 6 баласы болыпты. Сол 6 баланың төртеуі бір бүркетпеде қайтыс болған. Сонда әжем балаларын бірінен соң бірін жерлеп жүргенде бір баласы аман қалыпты. Ол кез өзім де баламын ғой, әжемнен қайсы балаңыз аман қалды деп сұрадым. Сонда «кіші, емізулі балам аман қалды» деп жауап бергені есімде. Қазір ойланып қарасам, әжеміздің өзі қызылшаның бір бүркетпесінде ауырып, жазылған болуы керек. Сол антидене балаға беріліп, жанын сақтап қалып отыр. Алтын құрсақты ана кейін тағы бірнеше сәбиін дүниеге әкелген. Ескі заманда қызылшаның бүркетпесінде қазақ даласында көптеген бала шетінеп, шетінемегені небір сырқатқа шалдығып жатты. Өкпесі сыр беріп, аурушаң болған балалар да көбейген. Кейінгі кездері ғалымдар қызылшаның адам ағзасынан шықпайтыны туралы ақпарат айтып жатыр. Арудың беті қайтқанымен, вирус ағзада өмір сүре береді. Жылдар өте вирус өзіне қолайлы жағдайда адамның миы­нан бір-ақ шығады деседі. Сондықтан елімізде бір жылдары өршіп, кейін басылған вирустарды елеусіз қалдыруға болмайды, – дейді А.Қуатбаева сөзін түйіндеп.

Жуырда Денсаулық сақтау министр­лігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орта­лығының басқарма төрағасы Манар Смағұл қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақтала бастағанын айтты.

– Қызылша – аса жұқпалы вирустардың бірі. Елдегі эпидемиялық ахуалға тоқтал­сақ, былтыр 29 648 қызылша жағдайы тіркелген. Оның 79%-ы – балалар арасында, 4%-ы – жасөспірімдердің арасында, 17%-ы ересектердің арасында анықталып отыр. Биыл қаңтардан бастап 1 900 қызыл­ша жағдайы тіркелген. Жағдайды тұрақ­тандыру мақсатында жоспарлы тәртіппен және қосымша жаппай иммундау аясында вакциналау жүргізіліп жатыр. Бүгінде азаматтарды жоспарлы егумен қамту 94%-дан асып отыр. Қазір қызылша бойынша жағдай тұрақтала бастады. Эпидемияға қарсы іс-шаралар әлі де жалғасады, – дейді М.Смағұл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегі бойынша қызылша әлемнің 80 елінде жойылды деп жарияланған. Қы­зылшаға қарсы вакцина алатындардың қатары төмендеген. Әйткенмен былтырдан бері қызылша бірнеше мемлекеттің халқын әбігерге сала бастаған. Мысалы, 2022 жылы әлемнің 150 елінде 150 мыңнан аса қызылша жағдайы тіркелсе, былтыр 167 елде 415 мыңнан аса науқас анықталған. Статистика көрсеткендей, нау­қас­тар саны биыл күрт көбейген. Абы­рой болғанда, қазір елдегі жағдай біршама тұрақталған сыңайлы. Қызылшаның басылуына вирустық инфекциялармен күрес­тегі тәжірибе де септессе керек. Бірақ жағдай тұрақталды екен деп қол қусырып отырған жарамайды. Дәрі-дәр­мек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отан­дық өндірісті өрістетуге бағытталған мақ­сат-міндеттерді кейінге қалдыруға бол­мас. Сонымен қатар елде өндірілетін вакци­налардың қатары көбейсе дейсің. Өйткені халық шетелдік емес, өзіміздің отандық медицинаға көбірек сенім артады әрі бұл қадам экономикалық жағынан тиімді.