Сараптама • 17 Қаңтар, 2024

Жаһандық сын-қатерлер

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

15-19 қаңтар аралығында Швейцарияның Давос қаласында жаһандық форум өтіп жатыр. Форумға әлемнің 120 елінен келген 2 800 делегат қатысуда. Оның ішінде 60 елдің мемлекет басшысы мен БҰҰ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халықаралық валюталық қор сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары және 40-қа жуық үкіметтік емес ұйымның өкілі бар. Биыл күн тәртібінде әлемдегі геосаяси шиеленістер, экономикалық жағдай, жасанды интеллекттің дамуы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі тұр. Осы орайда, оқырман назарына Бүкіләлемдік экономикалық форум жариялаған 2024 жылдағы жаһандық сын-қатерлер туралы есепке шолуды ұсынамыз.

Жаһандық сын-қатерлер

Есеп әлемнің білім беру, мемлекеттік басқару, бизнес, ха­лықаралық қауымдастық, аза­­маттық қоғам саласындағы 1 500-ге жуық сарапшының пікірі негізінде дайындалған. Жаһандық сын-қатерлер қысқамерзімді келешекте 2 жыл ішін­де­гі және ұзақ мерзімде алдағы 10 жылдықтағы өзектілігі бойынша, ал санаттарына қарай экономика, қоршаған орта, геосаясат, әлеумет, технология бағыт­тарына жіктелген.

Қоғамдық пікірді қалып­тас­­тыруға ықпал ететін жал­ған ақпараттың, сонымен қоса, бұр­маланған, қолдан жасал­ған ақ­параттың таралуы 2024 жыл­дағы жаһандық сын-қатер­лер­дің тізімінде алғашқы орында тұр. Жалған ақпараттың салдарынан қоғамдық-саяси жіктелу ушығып, сайлау үдерісіндегі легитимділік мәселесі көтеріледі және мемлекеттің ақпарат көзі ретіндегі рөліне сенім дең­ге­йі төмендейді. Осы орайда, Қы­тай­дың жасанды интеллект қол­­данылған ақпаратқа арнайы белгі қоюды міндеттеуі жал­ған ақпаратты анықтауды же­ңіл­дететін орынды шешім ре­тінде қарастырылады. Жалған ақпа­раттың таралуы мен әлеу­меттік жіктелу бірін-бірі еселеп ушықтыра алады. Саяси институттарға қоғамдық сенім дең­гейі төмендеп, ұлттық келісім әлсірейді.

Есепте көрсетілгендей, Украи­на мен Таяу Шығыстағы қақ­ты­ғыстың әрі қарай жалғасуы, Тайвань мәселесінің ушығуы ірі державалардың геосаяси тартысын арттырып, ресурстардың әр бағытта бөлінуі, әлемдегі гума­нитарлық дағдарыстарды кү­шейтеді. Мамандардың пайымдауынша, аталған үш аймақта да жетекші державалардың мүд­десі бар: Таяу Шығыстағы мұнай қоры мен сауда жолдары, Шығыс Еуропадағы тұрақтылық пен күштер тең­герімі, Шығыс Азиядағы техно­ло­гиялардың жеткізу тізбегі. Геосаяси тұрақсыздық әлемдік нарықта белгісіздік тудырып, мемлекеттердің ақша-несие сая­сатына ықпал етеді. Жоға­ры пайыздық үстеме мен қымбат­шы­лық тұтынушылардың эко­но­микалық мүмкіндіктерін шек­тейді.

2023 жылы орнаған ең ыстық ауа райы биыл да жалғасып, құрғақшылық, орман өрттері мен су тасқыны қайталанады. Сондықтан мемлекеттер үшін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болады.

Ал ұзақмерзімді келешек­тегі сын-қатерлердің арасында қоршаған орта мен техно­ло­гия­лық даму мәселесі алдыңғы қатарға шығатыны көрсетілген. Жер шарындағы климаттық өзге­рістер мәжбүрлі миграция қау­пін арттыратынын байқауға болады.

Есепте аталған сын-қатер­лер­мен 4 бағытта күресу ұсынылған: жергілікті деңгейдегі шешімдер, серпінді жобалар, ұжымдық әре­кет пен шекарааралық ынты­мақ­тастық.

Жергілікті деңгейдегі ше­шім­дерді жүзеге асыруға мем­лекет­тердің инфрақұрылымға инвестиция құйып, орман өрт­терімен, су тасқынымен, ауа райының ысуымен күресу жолдарын қарастырып, құрылыс жұмыстарына жаңа ережелерді енгізу тетіктері жатады. Мысалы, пандемия кезінде аурухана төсек­терінің, жедел терапия бө­лім­шелерінің жеткілікті болуы вирустың жергілікті дең­гейдегі таралу ауқымына тікелей әсер етті. Екпе бойынша ере­же­лерді сақтау полиомиелит сияқты жұқпалы аурулардың кең таралуының алдын алады. Сонымен қатар жалған ақ­па­раттың ықпалын төмендету үшін тұрғындарды ақпаратпен қамтамасыз ету мен сауаттандыру аса маңызды.

Серпінді жобалардың пай­да болуы ғылыми зерттеу­лер мен жаңалықтар, сын-қатерлерге деген тың көзқарасты білдіреді. Пан­демия кезінде мем­ле­кет­тер­дің вакцина жасап шыға­ру­ды қолдауы сәтті ше­шім­дер­дің бірі болды.

Ұжымдық әрекет дегеніміз әріптестік негізінде жүзеге асатын емес, керісінше, жекелеген адамдардың, компаниялардың, елдер­дің бір мезеттегі әрекет­тері: жанар-жағармаймен жү­ретін көліктерді азайту, адам құ­­қықтары, еңбек және қор­ша­ған ортаны қорғау стандарттарын сақтау. Мысалы, сейс­ми­калық апат қаупі бар Жапо­нияда тұрғындардың апат жағ­да­йындағы әрекеті шешуші рөл атқарады.

Шекарааралық ынты­мақ­тастыққа халықаралық келі­сім­дер­ді сақтау, қақтығыстардың алдын алу, билогиялық, химия­лық, ядролық қару қолдану мүм­кін­ді­гін шектеу, дағдарыс қаупі бар мемлекеттерге қаржы­лай көмек беру арқылы қолдау жа­тады.

Давос форумы есебінде көр­се­тілгендей, қазіргі әлем жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, климаттың өзгеруі, геосаяси шиеленістер мен демо­гра­фиялық дүмпу әсерінен құ­ры­лымдық өзгеріске ұшырап отыр. Сондықтан жаһандық сын-қатерлермен күрес жолында жо­ғарыда аталған төрт бағыт өз деңгейінде жоғары маңызға ие.

 

Еркебұлан ҚУАНБАЙ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы