Қоғам • 17 Қаңтар, 2024

«Бүтіндей бір тауды меншіктеп қоршап алған». Депутат қарулы күзет қойылған жайылым туралы айтты

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге және  Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, жайылым жайын қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz төменгі Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүтіндей бір тауды меншіктеп қоршап алған». Депутат қарулы күзет қойылған жайылым туралы айтты

Фото: adyrna.kz

«Тау жаратылыстың жарты бөлшегі дейміз. Бірақ ел-аман жұрт тынышта бір таудың өзін меншіктеп алыпты дегенді естідіңіздер ме? Үшқоңыр тауын бәрі біледі. Тұмса табиғаты керемет сол тау бүгінде сай-саласымен қоса бір азаматтың ғана жеке меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолға блок-бекет қойылған, бастан аяғына дейін қауырланған топ күзетеді. Сол тауды көзіммен көріп, етегіндегі елмен етене тілдескен соң депутаттық сауал жолдап отырмын. Біріншіден, бұл тау «Іле Алатауы ұлттық паркіне» қарайтындақтан, парктің күзетшілері қарауыл болмай ма? Әлде бұл тау «Дүние агро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба?  Жан баласын жуытпай айналасын қоршап, мұздау қаруланған күзет қою – барып тұрған бассыздық», деді депутат.

Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малдарын жая алмай пұшайман күйге түскенін айтты. Мәжіліс депутаты «Аманат» партиясының жер тапшылығын шешу үшін құрылған «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан аса жер қайтарылғанын, оны ішінде Қарасай ауданынан 1400 гектар жайылым ел игілігіне берілгенін атап өтті. Бірақ елге қажетті жайылымның шұрайлы жерінің барлығы да қоршаудың ішінде қалып қойғанын жеткізді.

«Осылайша жұрт өз жеріне кірмек түгілі, жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпейді. Сорақысы «Дүние агро» ЖШС-не 2004 жылы Үшқоңыр үстіртінде орналасқан 100 гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Заң талаптары бойынша арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқы жоқ. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сонда ҚР заңына шекесінен қарайтын бұл неғылған шектен шығу деген халықтың базынасына не айтамыз?», деді депутат.

Үшқоңыр үстіртінде бірнеше компания 13 597 гектар жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Алайда алпауыттармен алысуға жергілікті әкімдік, аудан прокурорларының пәрмені жетпей дәрмені құрима деген күдігі басым екенін айтты.

Осыған Үкімет, Бас прокуратура баса назар аударып, арнайы комиссия құрып, мәселеге тиісті құқықтық баға беруі тиіс екенін ескертті. Президенттің ел игілігіне қайтарылуы қажет жайылымдық жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындау маңызды екенін еске салды.