Олимпиада • 17 Қаңтар, 2024

Жәутіков жүлдегерлері

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХ халықаралық Жәутіков олимпиадасы мәресіне жетті. Дәстүрлі білім додасына әлемнің 10-нан астам елінен 700-дің үстінде оқушы қатысып, бақ сынасты.

Жәутіков жүлдегерлері

Олимпиада жеңімпаздарын құттық­таған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев еліміздің білім саласы үшін айтулы іс-шараның кейінгі 20 жыл ішінде дарынды жас математиктер буынының қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті. «Халықаралық Жәутіков олимпиадасы талантты оқушылар үшін білім бәсекесіне айналды, қазақ мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытуға жол ашты. Қатысушылардың әрқайсысы математика және физика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтижелер көрсетіп, өз елінің туын мақтанышпен көкке көтерді. Көрнекті ғалым-математик, академик Орымбек Жәутіков есімімен аталатын олимпиада алаңында күні бүгінге дейін әлемнің көптеген елінен келген оқушылар бақ сынауымен қатар, білім саласындағы жаңа дағдыларды игеруге, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды», деді министр.

Республикалық физика-математика мектебі директорлар кеңесінің төр­ағасы Берік Қаниевтің айтуынша, олимпиаданың үш пәннен өтуі дәс­түрлі іс-шараның ерекшелігін көрсе­тіп, жас буынның интеллектуалды дең­гейінің дамуына барынша ық­пал етіп жатыр. Қазылар алқасының төр­ағасы, Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұ­ма­ділдаев атап өткендей, Жәутіков олимпиадасының бүгінде географиясы кеңейді. Физика-математика ғылымын оқушылар арасында насихаттаумен қатар, мамандандырылған мектептердің тәжірибе жинауына, олимпиадалар өткізудегі, сондай-ақ білім мен мәдени байланыстарына жол ашты.

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Арме­ния, Оңтүстік Корея, Қытай және Амери­кадан келген мамандар зияткерлер додасына төрелік етті. Жақсы нәтиже көрсеткен қатысушыларға математикадан – Нұрлан Қаппаров атындағы, физикадан – Әділет Имамбеков, информатикадан – Илья Сегалович атындағы сыйлықтар табыс етілді.

Үш пәннен қатысқан 344 қаты­су­шы ХХ Халықаралық Жәутіков олим­пиа­дасының жүлдегері атанды. Бас жүлде Санкт-Петербург қаласынан келген №239 президенттік физика-математика лицейінің командасына бұйырса, I орын­ды Мәскеудегі В.Ф.Овчинникова атын­дағы «Екінші мектеп» иеленді. II орын­ды Тбилисиден келген Л.В.Комаров атын­дағы №199 математика және физика арнайы мектебінің және Долгопрудный қаласындағы П.Л.Капица атындағы «Физтех-лицейі» бөлісті. III орынды Минскідегі БГУ лицейі, София қа­ласындағы Sofia High School of Mathe­matics, Долгопрудный қаласындағы П.Л.Ка­пица атындағы «Физтех-лицейі» және Ал­матыдағы Республикалық физи­ка-мате­матика мектебі иеленді.

Олимпиадада ел оқушылары 109 медаль жеңіп алды. Оның 10-ы – алтын, 43-і – күміс, 56-сы – қола медаль.

 

АЛМАТЫ