Құрылыс • 18 Қаңтар, 2024

Құрылыс заңсыз, компания қамсыз

193 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарағандыда қалаған жеріне құрылыс салатындар қайдан шықты? Заңсыз салынған бірнеше дайын үй дауға қалып отыр. Өткен жылы тұрғын үй салудан көш басындамыз деп, бөркімізді аспанға атқан едік. Алайда құжаты жоқ әлгі үйлерге ақша салып қойған ағайынның көңілі алаң.

Құрылыс заңсыз, компания қамсыз

Айдың-күннің аманында 298 пәтер иесі әне-міне далада қалайын деп тұр. Тұрғын үйлері облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен рұқсат етілмеген құрылыс ретінде танылды. Енді қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Хан» және «Al-Farabi» тұрғын үй кешендерін құрылыс салушы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап, 30 жұмыс күнінде өз қаражаты есебінен сүруге тиіс.

Бұл күні кеше басталған әңгіме емес еді. Бұған дейін де бұзылуы мүм­кін екендігі айтылып, ескертілген-ді. Мұн­дағы негізгі мәселе – сараптама қоры­тындысының жоқтығы болып отыр.

Жарнама арқылы үлескер тартқан компания иелеріне әкімшілік сипаттағы жаза да қолданған. Сол кездің өзінде құрылысты тоқтату туралы сот шешімі шықса да, «мұрнын шүйірген». Жұмыстарын әрмен қарай жалғай берген. Компаниялардың тығырығынан тұрғындардың не үйі, не күйі жоқ...

«Al-Farabi» тұрғын үй кеше­нінің тұрғыны Сәуле Әбілова үйін кеңейтпек болып, ескі пәтерін сатып, жаңа үйіне 14 млн теңге салған. Бұл сомма – пәтер құнының жарты бағасы. Мұнымен қоса, үйінің жөндеу жұмыстарына басқа банктен несие алған.

«Сот шешімі негізсіз әрі әді­летсіз. Барлық инстан­ция­ға жүгінуге ниеттіміз. Сот үй­ді бұзып, қоныстанған адамдарды қыстың көзі қырауда далаға шығарып тастау туралы шешім қабылдады», дейді басы дауға қалған дайын үйдің тұрғындары.

Сонымен соттың шешімі облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген тексеріс нәтижесіне байланысты болып тұр.

– Тексеру барысында «Сәу­лет, қала құрылысы және құ­рылыс қызметін мемле­кет­тік реттеу» туралы заңға сәй­кес, тұрғын үй кешендері бекі­тілген жобалау құжат­та­масынсыз, оларды жүзеге асы­руға мемлекеттік сәулет-құ­рылыс бақылау органдарына құрылысты бастау туралы хабар­ламасынсыз, жобаны сарап­таусыз, техникалық және сәулеттік қадағалаусыз құ­рылыс-монтаждау жұмыстары жүр­гізіліп жатқаны анықталды. Сондай-ақ пәтерлерді сатып алу-сату бойынша алдын ала жасалған келісімдер бойынша 250 үлескерден қаражат тартқан, бірақ олар жергілікті атқарушы органнан қаражат тартуға рұқсат алмағаны анықталды, – дейді облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі.

«Al-Farabi» тұрғын үй кешенін салушы компания «Building СК» ЖШС үлескерлер ал­дын­дағы міндеттемелерді орын­дау үшін тұрғын үй кеше­нінің құрылысын жалғас­тыр­ғанын айтады.

– Рұқсат құжаттарын алып үлгереміз деп ойладық. Құры­лыс­тың сапасына сенім­дімін. Техникалық сараптамаларды аккре­диттелген компаниялар жүр­гізді. Үй сапалы салынған. Сот шешімі күтпеген жағдай бол­ды. Жауапкершіліктен қаш­пай­­мыз, міндеттемелерді орындаймыз. Алдағы уақытта біз сот шешіміне шағымданамыз, қа­ла басшылығы жәрдемдесуге да­йын, – дейді компания өкілі Абылайхан Әмірбеков.

Қала әкімі Мейрам Қожухов үлес­керлермен кездесуінде соттан үйді сүруді кейінге қал­ды­ру­ды сұраймыз депті.

– Заң бойынша бірінші инстанциядағы сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Қазір апел­ля­цияға беру үшін талап-арызын дайындау керек. Осы уақыт аралығында құрылыс салушылармен кездесіп, құжаттарды дайындау қандай сатыда екенін білеміз. Себебі үй салынып қойды. Мемлекеттік құрылыс сараптамасын тағайындауды талап етеміз. Үй сүрілмейді деп сенейік. Бәрі сараптама дайын болғаннан кейін белгілі болады. Сотта үлескерлердің атынан үйді сүруді кейінге қалдыруды сұрайтын боламыз, – дейді қала басшысы.

Бар үміт – апелляциялық шағымда. Сот мемлекеттік сараптама тағайындауға келіссе, үй сүрілмейді.

Жоғарыдағы тұрғын үй ке­шен­дері ғана емес, рұқсат құ­жат­тарының толық пакетінсіз салынып жатқан облыс орталы­ғындағы 70 тұрғын үй кешенінің 11-і – түрлі заң талабын бұзумен тұрғызылған.

– Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінің құжат­тары толық емес. Жоға­рыда аталған үш тұрғын үй кешені бойынша бұл түпкілікті шешім емес, апелляция мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Ме­нің ойымша, құрылыс салушылар оны пайдаланады. Ал «Тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі туралы» заңның мақсаты – сіздердің салымдарыңызды қор­ғау, сақтандыру. Әр адам құ­рылыс салушы туралы ақпарат­ты тексеруі керек. Құры­лыс компаниясында көп нәрсеге сендіруі мүмкін. Сондықтан ақпаратты мейлінше тексеру керек, – дейді облыстың мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақы­лау басқармасының басшысы Сержан Аймақов.

Сөзінің дәлелі ретінде құры­лысы рұқсатсыз жүріп жат­қан «Қарқаралы» тұрғын үй ке­ше­нінің күні кеше түсірілген суреттерін де ұсынды.

– «Buildary» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдарын­да құрылысты тоқтату туралы соттың шешімі болса да, жұмыстарын жалғастыруда. Жарнамаға сенбеңіздер. Егер осы үйге үлескер ретінде қара­жат салып қойсаңыздар, қайта­рып алуға тырысыңыздар. Се­бе­бі бұл үй бұзу жөнінде сотқа бара­тындардың ішінде бірінші тұр, – дейді басқарма басшысы С.Аймақов. – Қаншама ком­па­ниялар тұрғын үйлерді заң­сыз салып жатыр. Талайын үлес­кер­лердің қаражатын заңсыз алғаны үшін жауапқа тарттық» деген ақпарат қашанда болсын беріліп отырды. Одан бөлек, басқарманың ресми сайты да бар. Бірақ Instagram, Facebook-тегі жазылушыларымыз өте аз. Сайтқа да адамдар сирек кіреді. Биылдан ақпарат тарату жа­ғы­нан жұмыс ұстаны­мы­мыз­ды түбегейлі өзгертеміз. Күн сайын нақты уақыт режімінде, заңды белден басып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құ­рылыс компаниялары туралы ақпаратты беріп отырамыз.

Мұнымен қоса, басқарма басшысы «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендерін салып жатқан компанияларға 2022 жылғы мамырда әкімшілік шаралар қолданғанын айтады. Іргесін енді ғана көтер­геннен-ақ, дабыл қағып, проку­ратураның ұсынысы бо­йын­ша айыппұл салған. Тағы бір айдан соң құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шыққан. Жоғарыда атап өтке­німіздей, шешімді көзіне ілмеген компания жұмысын тоқтат­па­ған. Басқарма полиция департа­мен­ті­не сот шешімін орындамады деп арызбен де жүгінген.

«Полиция департаменті әкім­шілік айыппұл салды. Бірақ құрылыс тоқтамаған соң Әділет департаментіне сот орындау­шысы жұмысын тиісінше атқар­ма­ғаны үшін ша­ғым­дан­дық. Ол жақтан «Құ­рылыс жұмыстары тоқта­ты­луға тиіс үйлерді салып жатқан компаниядан жұмыстың тоқтатылғаны туралы хат ал­дық», деген жа­уап келді. Біз қол қусырып қарап отырмадық. Хат жіберіп, құқық қорғау органдарынан көмек сұрадық», дейді С.Аймақов.

Басқарма өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей брифинг өткізумен қатар, заң­сыз құрылыс жүріп жатқан жерден бейнероликтер жасап, халыққа таратуды көздеп отыр. Басқарманың әрекеті әзірге – осы.

Не десек те, Қарағандыдағы заңсыз құрылыстың зардабын «жаңа баспанаға қол жеткіземіз» деген қарапайым тұрғындар көріп отыр.

 

Қарағанды облысы