Әлем • 18 Қаңтар, 2024

Ресей мұнайы және санкция салқыны

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресей мұнайы төмпештеген сайын төбеге ұмтылатын доп секілді. Санкция салынған сайын еңсесі көтеріле түскендей. Әрине, баяғы еуропалық тұтынушылардың қарасы күрт сиреді. Оның есесіне Азияның өзінен-ақ алпауыт импорттаушылар табылып отыр. Әрі-беріден соң Азияға жатпайтын кейбір елдердің өзі арзан орыс мұнайын сатып алғанды қолай көреді. Санкт-Петербург тауар-шикізат биржасының мәліметтері бойынша ресейлік мұнай бағасын бақылау нәтижелеріне сүйене отырып, орыс «қара­майына» шекті баға түріндегі санкциялар 2023 жылдың қарашасына дейін тиімсіз болды деп тұжыруға болады.

Ресей мұнайы және санкция салқыны

Экономиканы қолданбалы зерттеу­лер орта­лығы (AERC) жақында жария еткен шолуында желтоқсандағы мұнай бағасына талдау жасап, өткен жылдың наурызынан бергі оқиға­лар­ды зерделейді. 2023 жылдың желтоқ­са­нында ресейлік мұнай бағасының Brent маркілі мұнай бағасынан асып түсу үдерісі тоқтады. Ресей мұ­найы барреліне 60 доллардан асып тұр­ға­нына қарамастан өткен жылдың соңғы айында Brent-ке дисконтпен саудаланды. Санкт-Петербург тауар-шикізат биржасының дерегіне қарасақ, желтоқсанда ресейлік мұ­найд­ың орташа бағасы барреліне 73,30 доллар болып, Brent мұнайының фьючерстерінен бар­реліне 4,20 дол­ларға төмен қалып­тасты.

«Ресейлік мұнай динамикасы­на қарасақ, оның орташа баға­сы 2023 жылы желтоқсанда қыр­күйек­пен салыстырғанда 31,5 па­йыз­ға төмендеді, бірақ әлі де 2023 жылдың наурыз айының орташа бағасынан жоғары бағамен саудаланады. Brent маркілі мұнай фью­черс­теріне келетін болсақ, ол да өткен айлармен салыстырғанда 2023 жылғы желтоқсанда қарашамен салыстырғанда 5,12%-ға, қазанмен са­лыстырғанда 13,4%-ға және қыр­күйек­пен салыстырғанда 18%-ға дер­лік арзандады. Бірақ тұтастай алғанда, Brent мұнай фьючерстері 2023 жылдың 17 қарашасынан бастап ресейлік мұнайға қарағанда қымбатырақ сау­даланды: ресейлік мұнайға максималды жеңілдік 2023 жылдың 14 жел­тоқ­санында 12,24 доллар дең­гейінде тіркелді», дейді сарапшылар.

Дегенмен желтоқсанда ресейлік мұнайдың барреліне 60 доллардан асыра саудаланғанын қайталай айтқы­мыз келеді, дейді AERC.

«Желтоқсанда ресейлік мұнай ең аз дегенде барреліне – 67,23 доллардан, ең жоғары дегенде – барреліне 91,21 доллардан сатылды. Brent мар­кі­лі мұнай фьючерстері ең аз дегенде – барреліне 73,24 доллардан, ең жоғары дегенде барреліне 81,07 доллардан саудаланды. Бұл жағдайға 2023 жылдың қарашасында Ресей мұнайын тасымалдайтын халықаралық теңіз тасымалдаушыларына АҚШ санкция­ла­рының күшеюі ықпал етті ме? Ақпарат агент­тіктерінің деректері бұл сұраққа оң жа­уап береді: ресейлік мұнай тасымалдайтын танкерлер әлі тежеліп тұр. 5 млн баррельге жуық ресейлік мұнай Үндістанға барар жолда тоқтап қалған. АҚШ санкциясына ілігіп кетеміз бе деп қауіптенген ірі грекиялық теңіз компаниялары да Ресей мұнайын тасымалдаудан бас тартқан», деп мәлім­дейді AERC.

Дегенмен санкцияларды күшей­тудің бұл әсері қаншалықты ұзаққа созылады? Сарапшылар па­йымынша, 2023 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында ресейлік мұнай бағасының көтерілуіне Ресей­дің мұнай жеткізудің 75%-ын балама жолдар арқылы, батыс сақтан­ды­руын пайдаланбай жүзеге асыруы себеп болды. Бұл ретте олар сақтан­ды­руды қажет етпейтін, қолданылған танкерлерді сатып алып, солармен мұнай тасыды. Сонымен бірге бар­реліне 60 доллардан аспайтын баға шегін орнатудың негізгі ықпал ету тетігінен айналып өтті.

«Осы жағдайлардың өзінде Ресей мұнайының басты импорттаушылары саналатын Үндістан мен Қытай тара­пынан ресейлік мұнайға деген сұраныс өсе түсті. Бұл елдерге бағытталған экспорт Ресейдің жалпы мұнай экспортының 90 па­­йызын құрады. Ресей АҚШ-тың жаңа санкцияларын «айналып өтудің» жолдарын қайта табатынына күмән жоқ, өйт­кені көптеген ел қара алтынды же­ңіл­дікпен сатып алуға қуанышты болар еді. Бұл ретте шекті 60 доллар сол күйі сақталмады, ресейлік мұнай дисконттың өзінде барреліне 60 доллардан жоғары сатылып жатыр. Бұл – Ресей бюджеті үшін өте қолайлы», дейді.

Зерттеулер орталығы ресейлік мұ­­найға салынған санкциялар үш жа­һандық экономикалық проблеманы туындатты деп есептейді:

  • Халықаралық мұнай саудасын­дағы ашық­тық­тың төмендеуі;
  • Осы ресурсты қайта бөлудегі ха­лық­аралық бұрмаланулар мен тең­герім­сіздіктер;
  • Мұнай бағасының тым қатты құбылуы.

Мұндай жағдайдан пайдаға шы­ғып отырғандар – Brent-ке қатысты дисконтпен ресейлік мұнайды импорттап отырған елдер. Мысалы, Түркия арзан ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін импорттауды арттыру есебінен 2 млрд доллар үнемдеген. Ақырында түрік экономикасындағы сауда балансының тапшылығы қыс­қа­рып, түрік лирасына деген қысым төмендеген.

«Бұл ретте Ресей бюджетінің кіріс бөлігін қысқарту мақсатында мұ­най бағасына ең жоғарғы шекті ен­гізу­дің мақсаты өзін ақтаған жоқ: 2023 жылғы қаңтар-қарашада Ресей федералды бюджетінің мұнай және газ кірістерінің 22,8%-ға төмендеуі мұнай және газға жатпайтын кірістерді 25,6%-ға ұлғайту есебінен өтелді. Нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-қарашадағы Ресей бюджетінің жалпы түсімдері 2022 жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 4,8%-ға өсті. Мұнай бағасының түсуіне байланысты 2023 жылдың қарашасында Федералды бюджеттің мұнай және газ кірістерінің аздап төмендеуі байқалды. Алайда жыл соңында ресейлік мұнай бағасы ғана емес, Brent бағасы да төмендеген болатын», делінеді AERC шолуында.