Фото: repost.uz
Осы жылы 26 шілде - 11 тамыз аралығында Франция астанасы Парижде жазғы Олимпиада ойындары өтеді.
Бұл сайыста бокс сайыпқырандары 7 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Әзірге бокстан Қазақстан құрамасында ерлер арасында Қамшыбек Қоңқабаевта ғана Париж Олимпиадасына жолдама бар.
Ал бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев биылғы Олимпиада да жүлдесіз оралмайтын спортшыларын атады. Тілші сұхбат соңында Толқын бапкерден: «Биылғы Олимпиадада кімдерге үміт артасыз?», деп сұрады.
«Қазіргі мақсатымыз – Олимпиада лицензиясын толық иемдену. Содан кейін ғана медальдың жайын ойластыруға болады. Әлбетте, барлығының жолына үмітпен қараймыз. Дусматовтың Олимпиадада топ жаратындай қабілеті бар. Жалолов та білгенінен жаңыла қоймас. Абдуллаев та жерге қаратпайды деп сенеміз. 80 килода өнер көрсететін Хабибуллаев та жаһандық жарыста жарқ ете қалса дейміз. Париж олимпиадасына дейін екі лицензиялық жарыстан бөлек Болгариядағы «Странджа» кубогіне қатысамыз», деді Толқын Қылышев.
Өзбек боксының бүгінгі бағдары мен беталысы туралы газетіміздің бүгінгі санында жарық көрген Алмас Манаптың «Толқын Қылышев, бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері: Бізге қазақ боксының мықты болғаны керек» мақаласынан толық оқи аласыз.