– Біздің басты міндетіміз – жаңа заман ғылымының мол жетістіктерімен қаруланған, мәдени дүниетанымы, көзқарасы қалыптасқан бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу. Сапалы білім берумен қатар еңбекке баулу, үйрету аса маңызды. Экономика қарқынды дамыған қазіргі қоғамға еңбекке тез бейімделіп, өзіндік білім ала алатын, өзін-өзі тәрбиелеп, дамытуға бейім белсенді, шығармашыл жас буынды қалыптастыру керек. Ғылым мен білімнің, ақпараттық технологиялар мен техниканың қазіргі даму дәуірінде көркем қолөнердің құндылығын дамыту, болашақ жастардың санасына сіңіру маңызды деп санаймын. Ал жеке тұлға қалыптастыруда оқушы бойына ізгі қасиеттерді сіңіруді көздейтін қолөнер жобасының рөлі зор, – дейді А.Бейсенбаева.
Мұғалім балаларды «Online Shop» жобасымен айналысуға бейімдеп жүр. Бұл жоба еңбекке, мамандық таңдауға психологиялық және практикалық дайындық жасау мақсатында қолға алынған. Аталған жоба бойынша жасалған оқушылардың қолөнер бұйымдары @koloner_arshaly инстаграм парақшасында жариялап, сатылымға қойылады. Сатылған бұйымның 50 пайызы оқушыларға, 1 пайызы қайырымдылыққа, қалғаны қажетті заттар алуға жұмсалады. Бұл жоба оқушыларға кәсіби тұрғыдан өзі-өзіне қолайлы білім беру кеңістігін жасауға септігін тигізіп жатыр. Оны оқушылардың күн санап артқан қызығушылығынан, жобаға қатысушылар санының көбеюінен байқауға болады. Тіпті кейбірі өзінің шағын кәсібін бастап та үлгерген. Бұл сөзімізге 7-сынып оқушысы Әсел Мұхамадиярованың шеберлігін шыңдап, моншақтан түрлі сәнді сөмкелер жасап, оны өзі ашқан инстаграмдағы жеке онлайн дүкенінде сатып жатқаны дәлел бола алады.
Жұмысына бейжай қарамайтын А.Бейсенбаева өзінің білімді де білікті, шығармашыл, шебер шәкірттерімен бірге аудандық, облыстық, республикалық көрме-семинарларға қатысып, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Жақында педагог елордада ұйымдастырылған «Бұлақ көрсең көзін аш» ашық есік күнінде моншақтардан бұйымдар тоқу бойынша шеберлік сабағын өткізді. Әрі тәжірибесінің жаңалығы мен шығармашылық ізденісі үшін «Үздік кәсіби бағдаршы» аталымын жеңіп алған.