Құқық • 21 Қаңтар, 2024

Бұлғын аулаған да жазадан бұлтармайды

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан орманды, таулы өңір болғандықтан, жортқан аң, ұшқан құсқа бай. Балығы тайдай тулаған өзен-көлдері де аз емес. Алайда, заңсыз аңшылық құрып, бей-берекет ағаш жығатын, су айдындарына ау тастайтын қаскөйлердің де аяғы тыйылмай тұр. Облыс полиция қызметкерлері 2023 жылы 1300-ден астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактісін анықтаған екен.

Бұлғын аулаған да жазадан бұлтармайды

ФОТО: top-news.kz

Браконьерлер жеке баю мақ­сатында табиғатқа ғана емес, жалпы адамзатқа зиян кел­тіре­тін­дерін бір сәт ойлай ма екен?

Құқық қорғау органдары ұсынған статистикалық деректерге көз салсақ, 2023 жылы табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері 1 845 рейдтік іс-шара өткізіп, табиғатты қорғау заңнамасына сәйкес 1300-ден астам құқық бұзушылықты анық­тапты. Оның елуге жуығы қылмыстық құқық бұзушылық екен. Аз емес.

Полиция қызметкерлері балық ресурстарын, заңсыз аңшылықты және «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерінің айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Тергеліп, нүктесі қойылған қылмыстық істер сотқа жолданып, кейбір браконьерлер тиісті жазасын алып та үлгерді.

Мәселен, Алтай ауданының 57 жастағы тұрғыны 3 бұлғынды заңсыз аулағаны үшін бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді. Сонымен қатар осы ауданның 30 жастағы тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Богатырево аулындағы Бұқтырма өзенінің арнасында «Қызыл кітапқа» енген таймень балығын аулаған екен. Глубокое ауданының Черемшанка ауылында сирек кездесетін жабайы сарымсақ өсімдігінің 4000-ға жуық данасын жинап, Риддер қаласына сату үшін барған облыстың төрт тұрғыны бас бостандығын шектеудің түрлі мерзіміне (1 жыл және 3 жыл) сотталғаны және бар. Келтіріп отырған бұл фактілер басқаларға сабақ болса екен.

Осы орайда полицейлер аза­маттарға заңсыз аң аулау үшін жауапкершілік көзделгенін қатаң ескертеді. Ескертіп қана қоймай, экологияны сақтауға, табиғат пен жануарлар әлемін қорғауға шақырады.

 

Шығыс Қазақстан облысы