Пікір • 21 Қаңтар, 2024

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында алдағы бес жылды әлеуметтік-экономикалық бағыттарда ауқымды істер атқарылатын кезең деп бағалап отыр. 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді арттыру көзделген. Бұл еліміздің экономикалық қуатын, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септеседі.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мұның алғышарттары қатарында экономиканы әртараптандыру, оны монополияның қармағынан босату, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту т.б. ерекше атап өтуге болады.

Президент Үкімет тарапынан мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдауды назардан тыс қалдырмайтынын, оның жүйелі түрде шешу жолдары қарастырылып отырғанын айтты. Тұрмыс тауқыметі арқаға аяздай батып, банктерден тұрмыстық жағдайға байланысты кредит алып, оны өтей алмай жүрген жандарға көмек ретінде кешенді жұмыс­тар қолға алынды және бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бұл орайда Президент: «Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағда­йы­на және еліміздегі қар­жы жүйесінің тұрақтылығы­на тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жар­лық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұ­ның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым», деді.

Сұхбатта ішкі саяси тұрақ­ты­лық, сыртқы саясаттағы ба­ғыт-бағдар, өзге де жұрт­­шылық көкейінде жүр­ген түйт­кілді мәселелер талқы­лан­ған. Қасіретті қаңтар оқи­ғасының туындауының себеп-салдарлары, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығып тұрған кезеңінде еліміздің ұстанымы айқындалған.

Ішкі тұрақсыздық туын­даған сәтте мемлекеттік билік әлсіреп, сыртқы күштер­дің түрлі сипаттағы әрекет­тері күшейіп, елдің тәуелсізді­гіне қауіп төнетіні тарихтан белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық дамуды, саяси тұрақтылық­ты қамтамасыз етудің маңыз­ын атады. Ал бұл жалғыз Президенттің қолынан келетін іс емес. Оны ел-жұрт болып қолдау керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Қай салада болсын жұртымыздың жұдырықтай жұмылатын кезі келді. Ой мен іс-әрекетте де озық болар кез туындап тұр. Президент сұхбатынан біз осындай байлам жасадық.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

А. Байтұрсынұлы атындағы  Қостанай университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы