Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

Қоғам талқылаған заң қуатты

204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада Президенттік орталық пен Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстелде депутаттар мен сарапшылар Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтылған идеялар мен бастамаларын іс жүзінде қалай іске асыру керектігін талқылады.

Қоғам талқылаған заң қуатты

Президент сұхбатында ішкі және сыртқы саясаттың, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық сая­саттың басымдықтары егжей-тегжей баяндалды. Әсіресе мақала­да әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету басты орынға қойылды. Басты қызметі депутаттарға заң шығару бастамасын іске асыру, заң жобасын әзір­леу, заңнамалық тиімді­лігін талдау­ға көмек көрсетуге бағытталған Пар­ламентаризм институты бүгінде Мемлекет бас­шысының реформаларын құқық­тық қамтамасыз етуге көңіл бөліп отыр. Жиынның мақсаты да сол – осы саладағы әзірлемелер мен зерттеулердің нәтижелерін саралап, ортақ ой-пікірлерді талқылау.

Дөңгелек үстел жұмысын ашқан Парламентаризм институты­ның директоры Қанатбек Сафинов жиын­ның маңыздылығына тоқтал­ды. «Басқосумыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас­та­ма­шылық еткен құқықтық рефор­маларды іс жүзінде іске асы­руға арналып отыр. Бүгін ай­тыл­ған сараптамалық талдаулар мен ортақ ой-ұсыныстар аса қажет. Себебі Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ай­тылған тезистер заң шығару үде­рісі­нің негізі болуға тиіс», деді ол.

Парламент Мәжілісінің Аграр­­лық мәселелер жөніндегі коми­­тетінің төрағасы, «Ауыл» пар­тия­сының төрағасы Серік Егіз­баев Президенттің сұхба­тын «Мемлекет пен қоғамның даму векторлары көрсетілген бағдарламалық мақала» деп атады. Осылай деген ол белгілі бір проблемалар байқалатын ел­дің аграрлық секторын дамытуға тоқталу қажеттігін жет­кізді. Мы­салы, «Ауыл» партия­сы бас­шысының айтуынша, елдің ІЖӨ-де ауыл шаруашылығының үлесі небәрі 4,2 пайызды құрайды. Депутат импортталған жеміс-жидек көкөністерінің жергілік­ті нарық­тағы үстемдігіне де қынжылыс білдірді. Салдары­нан олар бәсеке­лестікке төтеп бере алмады және елдің оңтүстігін­дегі жылыжай шаруашылық­тары жабылды. Оның айтуынша, Үкіметтің шаруалар алдында субсидиялар бойынша 155 миллиард теңгеге берешегі бар. Жинақталған проблемаларды шешу үшін Парламент депутаттары, атап айтқанда, «Ауыл» партиясының фракциясы «Отбасы банкіне» ұқсас Агробанк туралы заң жобасына бастамашылық жасайды. Бұл шара аграрлық секторды кредиттеуді жақсартатынын атап өтіп: «Президент Қ.Тоқаев қыркүйек айында 2029 жылға қарай елдің ІЖӨ-ні екі есеге арттыру туралы міндет қойды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, экономикамыз дамудың оң үрдісін сақтап отыр. Былтыр ІЖӨ 4,9 пайызға өсті. Нақты мәнде бұл – 75,5 триллион теңге. Экономиканың өсуін одан әрі көрсету үшін уақтылы қабылданған заңдар қажет. Бұл орайда Парламент пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеп жатыр», деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Мемлекет басшысы­ның сұх­батында көрсетілген сая­си ре­фор­малардың маңызды қоры­тын­дыларына тоқталды. «Қоғамда саяси реформалардың қаншалық­ты тиімді екендігі және одан әрі өзгерістер бола ма?» деген сұрақтар бұрыннан пісіп жетілген. Президент сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді. Әри­не, реформалар тез болмайды. Дегенмен бүгін біз реформалардың іске асырылып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, Парламент, мәслихаттар, әкімдер депутаттарын сайлау жүйесі жақсарды, Парламент пен Есеп беретін үкіметтің рөлі күшейтілді», деді депутат. Алайда заңнамалық жұ­мысты одан әрі жақсарту жұмыс­тары алға басуға тиіс. Бұл үшін Парламентте аналитикалық зерттеулер жүргізу, мамандарды тарту және тәжірибе алмасу үшін арнайы алаңдар құру маңызды болып отыр.

«Барлық пікірталас көшеде емес, Парламентте өтуі керек. Пар­­ламент барлық дамыған ел­дер­­дегі­дей жұртшылықтың пікі­рін жет­кізу және ең тиімді шешім­дер қабылдау құралы болуға тиіс», деп қорытындылады сөзін депутат.

Қабылданатын заңдарды қоғам өзі талқылауға тиіс. Әйт­песе, өзгере беретін заңдар өміршең болмайды. Бұл орайда Пар­ламентаризм институтының сарапшылары қоғам, жалпы ел үшін болашақ заңнамалық актілер мұқият ойластыру қажеттігін атап өтті. Сөз соңында Президенттік орталық директорының орынба­сары Серік Сыдықов орталық отан­дық және шетелдік сарапшы­лар үшін елдің саяси және әлеумет­тік-экономикалық өмірінің өзекті мәселелерін талқылайтын тұрақты диалог алаңына айналатынына сенім білдірді.