Президент • 22 Қаңтар, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бірлігіміз – әралуандықта

202 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Рим Папасының шақыруы­мен Қасиетті Таққа ал­ғаш­қы ресми сапарымен барды. Кездесуде Қазақстан Пре­зи­денті адамзаттың игі­лігі жо­лындағы қажы­мас қай­раткерлігі мен қа­жыр­лы күш-жігері үшін Католик шір­­кеуінің Жо­ғар­ғы Пон­ти­фикіне ризашы­лығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бірлігіміз – әралуандықта

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жоғары деңгейдегі кездесу

– Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғалары­ңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көп­теген отандасымыздың жүре­гінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бү­гінде өркениет­тер тоғысындағы көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, барлық дін өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосып келеді.

– Біз «бірлігіміз – әралуан­дықта» қағидатына негіздел­ген бейбітшілік пен ұлттық диалогтің өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.

– Сіздің ұстанымыңызды толы­ғы­мен құптай отырып, біз көп­теген айырмашылығымызға қара­мастан, бейбітшілік идеяларын, мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалог­ті, әртүрлі дінді ұстана­тын адамдардың игілігі жолын­дағы дамуды ілгерілету үшін баршамызға бірлік керек екеніне сенімдімін. Ізгі ниет білдіруге уақыт жеткілікті, келіссөздер жүр­гізуге кеңістік те бар, даналық таны­туға әлі де мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақ­ты қатынастар аясында Қазақ­стан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негіз­делген Қасиетті Тақпен ара­дағы бұрыннан келе жатқан серік­тестік байланыс­тарды жоға­ры бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ белсенді саяси диа­лог жүргізіліп отырғанын, құ­қық­тық базаны ретке келтіру, кеңейту үшін дәйекті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Қазақстан Президенті әлем­дегі теке-тірестер мен алауыз­дық ошақтарын тоқтатуға бағыт­талған белсенді күш-жігері үшін Рим Папасы Францискке ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһан­дық қауіпсіздік архитектура­сына нұқсан келтіруде, сон­дай-ақ халықтарды үлкен қай­ғы-қасіретке ұшы­ратып, эко­но­микалық қиын­дықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақ­тайтын мемлекет ретінде жа­һандық бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қолдауға іс жүзін­де елеулі үлес қосып келеді. Біз әлем­нің түрлі қақтығыс ошақ­­тарын­дағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Понтифик бейбіт­ш­ілік пен келісімді қамта­масыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына ризашылығын жеткізіп, Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімді­лік, ба­уыр­ластық идеяларын дәріптеу ісін­де Қасиетті Тақпен ынты­мақ­тас­тыққа ниетті екенін растады.

 

Түсіністікті нығайтатын алаң

Рим Папасы Францисктің ресми қабылдауынан кейін Пре­зи­дент Қасиетті Тақтың Мем­ле­кет­термен байланыс жөнін­дегі хатшысы Пол Ричард Гал­лахермен кездесті.

Қасиетті Тақтың хатшысы­мен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Фран­­цискпен өте мазмұнды әрі нә­ти­желі жүздесу болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ватиканның дәйекті қол­­дауының арқасында Қазақ­­стан өткізіп жатқан Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары­ның съездері діни қауым­дар ара­сын­­да өзара түсіністік пен құрмет­ті ны­ғайтатын маңызды алаңға айналды.

гаг

Президент Католик шіркеуі басшысының елімізге жасаған тарихи сапарының бейбітшілікті наси­хаттау, бірлікке шақыру тұрғысы­нан символдық мәні болғанын еске салып, бұл сапар тек Қазақстандағы католик қауымының емес, өңірдегі басқа да дін өкілдерінің арасында кең қолдау тапқанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Қасиетті Тақпен білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салалары бойынша өзара байланысты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ғалымдарының Ватикан кітапханасы мен Апостол архивіндегі тарихи материалдарды тегін зерттеуіне мүмкіндік бергені үшін архиепископ Пол Галлахерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Президент Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Ватикан Bambino Gesu педиатрлық госпиталі арасындағы ынтымақтастықты құптады.

вро

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікті, өзара құрметті нығайту үшін этносаралық және конфессияаралық келісімге бейілді екенін тағы да растады.

Кездесу соңында Президент Қасиетті Тақтың басшылығын Астанадағы Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары­ның кезекті съезіне қатысуға шақырды.

Ватиканға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сикстин Капелласын, Әулие Петр мен Павелдің Капелласын (Паолина Капелласы) және Апостол сарайындағы Король залын аралап көрді. Президент экскурсия барысында Микеланджело мен басқа да көрнекті шеберлердің өнер туындыларын тамашалады, сондай-ақ Ватиканның бай тарихымен танысты.

 

Азық-түлік тапшылығы – жаһандық мәселе

Италияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барып, ұйымның бас директоры Цюй Дунъюй­мен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюй­мен кездесуде жаһандық азық-түлік қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етудің және аг­роөнер­кәсіп кешенінің орнықты дам­уын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынты­мақ­тас­тығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

– Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің елі­міз дәнді да­қыл­дар өсіру жөнінен ал­дың­­ғы қатарда. Би­дай экспортының кө­лемі шамамен 6 мил­лион тоннаға жете­ді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мем­лекеттің қатарына кіре­міз, – деді Президент.

апро

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлер­дің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурс­тарын оңтайлы және тиімді пайда­лану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.

Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды.

– Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақ­станның басымдықтары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелио­рациялауға және су ресурстарын басқаруға қа­тысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қол­дау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Пре­зи­дент елімізде FAO-ның Орталық Азия­дағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу соңында Президент маз­мұнды әңгіме-дүкен құрғаны үшін FAO басшылығына ризашылығын білдіріп, оны алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

 

Гуманитарлық дағдарысты тоқтату маңызды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Римге ресми сапары аясында БҰҰ Дүние­жүзілік азық-түлік бағдар­ламасы­ның Атқарушы директоры Синди Маккейн­мен кездесу өткізді.

Президент бүгінгі кездесу жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған Қазақстан мен аталған ұйым арасындағы серіктестікті талқылауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

ро

Мемлекет басшысы еліміздің жаһан­дық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөнін­дегі Ислам ұйымы секілді басқа да ха­лық­аралық ұйымдар аясында гумани­тар­лық көмек көрсету бойынша жүзеге асырып жатқан шаралары жайында айтты.

2023 жылы Қазақстан алты мемлекетке 9,2 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Еліміз Газа секторындағы күрделі ахуалды ескере отырып, Палестина халқына қайырымдылық шарасы ретінде 1 миллион доллар бөлді және 2 рет гуманитарлық көмек жеткізді. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен Ауғанстан, Түркия, Пәкістан және басқа да елдерге қаржылай көмек көрсетті.

Президент Ауғанстандағы жағдайға баса назар аударды. Мемлекет басшы­сы­­ның пікірінше, халықаралық қоғам­дас­тық­тың осы елдегі гумани­тар­лық дағ­дарысты тоқтату ісін жалғастыруы өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқа­нын жеткізді. Бұл Орталықтың қыз­меті аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды нығайтуда БҰҰ-ның ведомствоаралық үйлестіру жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Синди Маккейнді алдағы Астана ха­лық­а­р­алық форумына қатысуға шақырды.