Дәстүр • 22 Қаңтар, 2024

Ұлы дала дүбірі

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Текелі тауларының баурайында «Ұлы дала дүбірі: саятшылар сайысы» ұлттық ойыны өтті. V дүниежүзілік көшпелілер додасы аясында қолға алған мәдени іс-шара рухымызды асқақтатты. Саятшылықты серік еткен серілер дала төсін дүбірге бөлеп, құс ұшырып, тазы жүгіртті.

Ұлы дала дүбірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaq­stan» газетіне берген сұхбатында: «Дүниежүзілік көшпелілер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлт­тық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз» деген еді. Осы мақсатта Жетісу төрінде байырғы баба дәстүрі қайта жаңғырды.

Көпке аян, биыл Астанада этникалық спорт түрлерінен өтетін дүниежүзілік көшпелі­лер ойындарына жүзден ас­там мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатыспақ. Онда ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс ұйымдастырылады.

впр

«Саятшылық өнердің сән-салтанаты, делебені қоз­­дыратын өзгеше қа­сие­тімен бірге тылсым құпия­сы да же­терлік. Соған құмартып, саятшылар сайысын тамашалауға жи­нал­ған көпшіліктің көңіл күйі шал­қып-тасып, ба­бында тұрған жүйрік ат, құмай тазы, қыран құстар көз қуантады. Арнайы көрме ұйымдастырылып, ер-тоқым, жүген, ноқта, айыл, кұйысқан, өмілдірік, қамшы секілді ат әбзелдері мен томаға, тұғыр, балақбау, іргебау, бия­лай секілді құс әбзелдері на­зарға ұсы­нылды. Бұл – ғажап дүние», дейді облыстық «Же­тісу саятшылары» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Бүркітбай Файзолла.

Сайыс басында Текелі қа­лалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев бата беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ осы игілікті іске ұйытқы болған жандарға алғыс айтты.

Қыран құстың тілін тап­қан құсбегілер қалалық сайыс­қа 6 бүркіт әкеліпті. Олар қол­ға шақыру, шырға тарту, қоян және түлкіге салу ке­зең­де­рін­де қырағылығы мен бабын көрсетті. Сайыс қоры­тынды­сында Ерке атты бүркітімен Әзен Шәй­марданұлы топ жарды. Одан кейін Ақжелке атты бүркітімен Түсей Әбді­кәрімұлы оза шапты. Ал үшін­ші орынды Айқабақ атты бүр­кітімен Жасұлан Бүркіт­байұлы иеленді.

Құмай тазылар жарысында Текелі қаласы және іргелес жатқан Сырымбет, Жетісу ауылдарынан 14 тазы бақ сынады. Қадырхан Әділбековтің «Ұшары» жеңімпаз атанса, екінші орынды Бексұлтан Нау­хановтың «Қыраны» қанжы­ғалады. Үшінші тұғырдан Керілбек Баянның «Ақтөсі» көрінді.

Сайыс соңында қала әкімі Алмас Әділ мен қалалық мәс­лихат төрағасы Бауыржан Тұ­ғылбаев жүлдегерлерін құт­тықтап, арнайы диплом мен ақ­шалай сый-сияпат табыс етті.

 

Жетісу облысы