Жәдігер • 22 Қаңтар, 2024

Жәдігерлер сыр шертеді

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік астанадағы креативті орталықтардың бірі ре­тінде ерекшеленетін Алматы музейі қорында бүгінде 40 мыңға тарта экспонат бар. Олардың қатарында бейнелеу өнері, ұлттық, сондай-ақ өзге халық өкілдерінің этногра­фиясы, әртүрлі дәуір мен мәдениетке тиесілі тұрмыстық заттар коллекциясы, нумизматика, фото және құжаттар сақталған.

Жәдігерлер сыр шертеді

Алматы музейінің бас қор сақтаушысы Раузия Орын­­­ғазықызының айтуын­ша, келушілер үшін музейде сақталған әрбір жәді­гер­дің тарихы қызықты. «Му­зейлік бұйымдар көбі­не қала тұрғындарының қо­ры­нан жинақталатын болса, этнографиялық экспози­ция жеке тұлғалардан сатып алын­ған жәдігерлермен то­лығып отырады. Оған жыл сайын мемлекеттен арнайы қаржы қарастырылған. Кез келген жәдігерді сатып алмастан бұрын сараптамалық негіздеме қорытындысына сүйеніп, ба­ғалау комис­сия­сының назарына алынады. Экспонаттарды бағалау кезінде нарықтағы құны сараланады. Кез келген экспозиция еліміздегі, сондай-ақ шетелдердегі көр­ме алаңдарында көрсетіле­тін­діктен, жәдігерлерді бағалау барысында оның тарихи маз­мұнына да аса мән беріледі», дейді Раузия Орынғазықызы.

пг

Бүгінде этн­огра­фия­лық қор­да шамамен 3 мың­нан астам жәдігер бар. Ең көне жәдігерлер ішінде 1894 жылы тігілген той шымылдығы қызыл қоңыр түсті матаға қармақ бізбен ақ, сары, қа­ра, көк түсті жіптермен кес­теленгендігімен көз тар­тады. Шымылдық қо­ғам қайраткері Медеу Пұсыр­ман­ұлының туысы Бану Мыр­қасымоваға арналған. Мұ­нымен қоса ХХ ғасырдың басына тиесілі Қытайдың Алтай өңірінде қолданылған күміспен қапталып, алтынмен шайылған ер-тұрман, осы ке­зеңге тиесілі сирек кездесетін зергерлік бұйым – өңіржиек, құдағи жүзік, тағы да басқа жәдігерлер этнографиялық қордың ажарын ашып тұр.

агл

Атақты батырымыз Бауыр­жан Момышұлы ұстаған жазу машинкасы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жеке заттары, әйгілі әнші Роза Бағланованың сахналық киімі, «Дос-Мұ­қа­сан» ансамблінің аспаптары сияқты жеке бұ­йымдар туралы деректерді музейге келушілер қызыға тыңдайды. Әсіресе музейге жиі келетін оқушылар үшін әр жәдігердің тарихы тартымды.

ыа

Соңғы жылдары Алматы музейі мамандары шетелдік көрмелерге қатысып, ұлттық жәдігерлерді ха­лықаралық ке­ңістікке таныс­тырып келеді. 2022 жылы Оңтүстік Корея мен Түр­кия­да, ал былтыр Италияның Неа­поль, Аус­трия­­ның Вена қа­ласында өт­кен этнографиялық және қазақ­тың ұлт аспаптары көр­месін ұйымдастырса, музей қыз­меткерлері ғылыми және ғы­лыми-практикалық кон­фе­ренцияларға қатысып, Францияның жетекші музей­лерінде кәсіби біліктіліктерін арттырып қайтты.

пар

 

АЛМАТЫ