Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

Ақылыңды арттыратын Aqyl Battle

161 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі кездері «есте сақтау қабілетім нашарлап кетті» деген сөзді көп естиміз. Технология дамыған сайын қарапайым істің өзін мұңға айналдырып алатын болдық. Оның бәрі адам капиталының сапасын түсіріп, тіпті жад жұмысының төмендеуіне алып келді. Бірақ технология бұған да шешім тапты. Айболат Құлатай ойын арқылы ми гимнастикасын жасатқызатын қазақ тіліндегі зияткерлік ойын жасап шығарған.

Ақылыңды арттыратын Aqyl Battle

Айболаттың көкейінде қоғам­ға өзгеріс әкелетін жоба жасаймын деген мақсат бар еді. Сол мақ­саты Aqyl Battle-ға ұласып, бү­гінде қосымшаға 650 мың қол­данушы тіркелген. Қазір бұл қо­сымша қазақ тілінің аясын кеңейтіп, ұлттық танымды дәріптеп жүр. Екі ойыншының жарысы фор­матындағы онлайн-куиз 5 раунд­тан тұрады. Әрқайсысында әртүр­лі тақырыпта үш сұрақ бар. Мы­салы, логика, танымал тұл­ғалар, қазақ әдебиеті немесе спорт. Қа­ты­сушылар тақырып таң­дап, кезекпен шектеулі уа­қытта сұрақ­тарға жауап береді.

– Әртүрлі тұжырымдаманы ойластырдым, өзім де зияткерлік ойындарға құмармын. Студент кезімде «Ақылдылар шайқасы» онлайн-викторинасына қатыстым. Курстастарыммен, тіпті профессорлармен ойнадық. Сөйтсем, бұл Quizduel швед жобасының ТМД елдеріне бейімделген үлгісі екен. Мұндай қосымшалардағы сұрақтар әдетте флора мен фауна, тарих, география секілді жалпы тақырыптарға арналған. Мобильді қосымша жасау тәжірибемізге сүйенсек, зияткерлік ойындар ба­ғыты біз үшін тиімді. Оны бір айда жасаймыз деп ойладық, бірақ қателесіппіз. Қосымшаны әзірлеу үдерісінде көптеген нюанс пайда болды. Ойын механикасын үнемі жетілдіріп отыру қажет болды. 2022 жылдың жазына қарай сынақ нұсқасын дайындап үлгердік, ал қыр­күйекте толық режімде жұ­мыс істей бастадық, – дейді Айболат.

Ойынды жасап шығаруға көп қаржы мен қажырлы еңбек жұм­салған. Қазір командада Android және iOS әзірлеушілер, бэкендерлер, сынаушы, дизайнерді қос­қанда 10 адам жұмыс істейді. Кон­тент-бөлім мен маркетинг бөлімі де бар. Қосымшаны push-маркетингсіз күнделікті 10-15 мың адам қолданады. Кей кез­дері сыйлық ойнатып, чемпио­нат өткізіледі. Ондай күндері қолданушылар саны орташа есеппен 35-45 мың адам болса, енді бірде 114 мыңға жетеді. Ең қызығы, ойыншылар арасында төрт мың ойын ойнап, миллионнан астам ұпай жинағандар бар. Ондай жандарға жаңа сұрақтар әзірлеп, оны енгізіп үлгеру қиын іс. Сол себепті адамдар қо­сым­­ша­дан шығып кетпеуі және жи­наған ұпайларын бағалы затқа айыр­бастай алуы үшін Aqyl Battle басшылығы байқаулар ұйым­дас­тырған. Сөйтіп, туристік агент­тікпен бірнеше жолдама ойнатып, Алматы мен Астананы көрмеген бір қатысушы алғаш рет Дубайға барып қайтты.

– Қосымшаны пайдаланушылар бонус үшін WhatsApp ар­қылы достары мен туыстарын ша­қырды. Бізде қазақтілді ауди­тория басым. Жақында орыс­­ша нұсқасын қостық. Aqyl Battle – уақытты өткізудің бір түрі. Ол жолда, жұмыс арасында, тіпті тойларда ойналады. Мен бір қыздың жігітпен қалай танысқанын білемін, оның телефон нөмірін білу үшін жігіт оны Aqyl Battle ойынына шақырған. Әр жеңісі үшін қыз нөмірінің бір санын айтып отырған. Қазір бізде қазақтың салт-дәстүрлері мен мақал-мәтелдерін қосқанда сұрақтардың 40 санаты бар. Ойын кезінде адам жаңадан көп нәр­сені біледі. «Ақылдылар шай­қасында» тек 6 санат бар, ал тақы­рыптар жергілікті халыққа бейім­делмеген, – деді жоба авторы.

Алғашқы 8 айда жоба жақсы кіріс әкеліпті. Аудитория жылдам өсіп, қосымша жарнама көрсету үшін Google-дың AdMob құралын қосқан. Google жарнамаға үш ай бойы 30 мың доллар төлеген. Бірақ уақыт өте келе трафик бірте-бірте түсіп, жарнамадан түсетін табыс та азайған. Еуропа мен АҚШ-та жарнаманы көрсету бағасы Орталық Азия елдеріне қарағанда жоғары екені рас. Сондықтан олар жаңа аудиторияға шығу үшін басқа тілдерде мазмұн жасау туралы ойлай бастаған.

Astana Hub-тың Invest Day іс-ша­расында жобаның таныстырылымы өткен. Содан кейін әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіле бастаған. Келешекте мобильді және кез­дейсоқ ойындарға сұраныс жо­ғары Түркия мен MENA елдерінің нарығына шығуды қарастырып отыр. Мұның жолы да ашық, өйткені Aqyl сөзі әртүрлі халықтың тілінде бар. Мамандардың пікі­рінше, Ыстанбұл жалпы ойын индустриясының әлемдік астанасына жатады. Кейінгі алты айда жергілікті геймдев-компаниялар осы салада Ұлыбритания мен Скан­динавиядан да көп инвестиция тартқан. Онда қазір мобильді ойындарды әзірлеуші 300-ге жуық компания бар, олар Түркияның ересек тұрғындарының 70 пайызын қамтиды, бұл дегеніңіз – 44 миллион ойыншы.

– Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелділік мә­селесі бар. Біз өз мысалымызбен лайықты сыйды білім арқылы алуға болатынын көрсеткіміз ке­леді. Тағы бір турнирде «Бо­ла­шақ» бағ­дарламасына және басқа да оқу бағдарламаларына тегін дайындау ұтысын ойнаттық. Мұндай курс жылына 10 мың доллар тұрады. Келесіде жеке турнир аясында Нәрікбаев университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті гранттарының ұтысын өткіземіз. Қазір минусқа жұмыс істеп жатырмыз, бірақ онлайн-турнирлер жағдайды түзетуі керек. Алғашқы билет сатудан түскен табыс 2 млн теңгені құрады. Мәдениет министр­лігімен бірлескен офлайн турнир өткізу тәжірибесі де болды. Іріктеу кезеңдерін онлайн өткізіп, әр өңірдің жеңім­пазын Астанаға үлкен финалға ша­қырдық, – деген тың ой айтты ол.

Жоба құрастырушылары бұ­рын сұрақтарды өздері құрас­тыратын еді. Ал қазір сатып алады. Олардың айтуынша, сұрақтар санаты көп, жүйелі түрде жаңартып және аударып отыруға уақыт жет­пейді. Оның үстіне барлық саланың сарапшысы болу мүмкін емес, ал адамдарға үнемі жаңа контент керек. Болашақта жасанды интеллект технологияларын тартқысы келеді, бірақ әзірге он­дай сараптама жоқ. Chat GPT де қаз­ақша сапалы контент бере алмайды.

– Дұрысы жасанды интеллект бізге сұрақтарды ойыншы­лардың ұлтына қарай іріктеуге көмектеседі. Жүйе бұл мәселені шешіп жатыр, бірақ жетілдіретін дүние әлі де бар. Әзірше де­ректерді жинап, оны қалай пайдаланатынын зерттеп жатыр. Сұ­рақтардың қай санаты көбірек сұра­ныста немесе керісінше екені көрініп тұрады. Ойынның әрі қарай дамуы үшін жаңа маз­мұн мен жаңа ойын механикасын құру керек. Біз қазір басқа ойындардағыдай ойын ішіндегі сауданы бастауға көмектесетін маманды іздеп жатырмыз. Халық сол үшін ақша төлеуге дайын. Мүмкін ол шетелдік маман болар. Өйткені Қазақстанда мұндай сарапшыны әлі таппадық. Сондай-ақ біз жүйені үнемі жетілдіріп оты­рамыз, себебі сұрақтың жауабын Google-дан іздейтін немесе ұпай алу үшін басқа да айла қолданатындар бар, – дейді Айболат Құлатай.

Жоба авторлары қазір ойынды ТМД елдеріне таратуды көздеп отыр. Түркітілдес елдерге шығару мақсаты да – айқын. Қазір контент ағылшын, түрік, араб, орыс тілдеріне аудары­лып жатыр. Келесі жылы гипоте­заларды сынап, түпкілікті шешім қа­былдайды. Сонда ойын мазмұ­ны көптілді деңгейге өтіп, әртүрлі елдегі пайдаланушылар бір плат­формаға біріктіріледі.