Әдебиет • 22 Қаңтар, 2024

Арылу

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Толстой болмысы – әрдайым ілгері жылжып отыратын ағын судай күрделі құбылыс. Данышпан өмірінің соңын суреттеген Ромен Роллан: «Соғыс аяқталды. Ол 82 жылға созылды және Толстойдың өмірі оның ұрыс алаңы болды» деп түйеді.

Арылу

Фото: abai.kz

«Арылу» – жазушының даң­қын аспандатқан іргелі ең­бегі. Онда өз-өзімен айна­лы­суға шындап кіріскен адам жанының баяны көрінеді. Әде­биет зерттеушісі Степ­няк Кравчинский 1889 жылы: «Тол­­стойдың есімін қазір ай­нал­­шықтаған айрықша даңқ оның «Арылуы» мен «Менің се­німім неде?» шығармалары жарық көрген соң басталды», деп жазады. Расында, қорда­лы еңбекте өмірдің мәні, жал­ған сенім, өткеннен жирену, Құдай­ға ұмтылу сынды шоғыр-шоғыр тақырыптар қамтыла­ды. Солайша әр адамды өз іші­не үңілуге итермелейді. «Ол жылдарды жүрегім ауырмай, жиіркенбей, сұмдығын сезінбей есіме түсіру қиын. Мен соғыста адамдарды өлтірдім, өлтіру үшін дуэлге шақырдым, мұжықтардың еңбегін жедім, карта ойнадым, өзгелерді алдадым, адастырдым. Өтірік, ұрлық, айуандықтың барлық түрі, ішу, зорлық, аярлық, мен істемеген қылмыс жоқ. Солардың бәрі үшін мен марапатталдым, құрдаста­рым мені адамгершілігі бар адам деп есептеді. Дәл осылай 10 жыл өмір сүрдім...». Да­ныш­пан­ның ағынан жары­лып, ізгі­лікке ұмтылуы оқыр­ман ма­хаббатын оятып, қасиет­ті адам­дық атты шыңға ба­ғыт сілтейді. Шынында, күй­бең тіршілік ағымына ермей, ма­териалдық байлықтан ру­хани байлықты биік қоя біл­ген жан ғана мәнді өмірге ұм­­тылады, өмірден өз орнын таба­ды. Рухани дүниесі мығым адам өлімге де қарсы тұрып, ғұ­мырын өзгелердің игілігі үшін арнайды. Ғұмырдағы ауысым­дардың ешқайсы санадағы өзгерістермен теңдесе алмақ емес. Мұндай түйткілді тұжы­рымдарды Толстой өзінде бол­ған үдерістер арқылы оқыр­манға жеткізеді. «Құдайды біл­сем болғаны тірілемін, есімнен шығарсам, оған сенбесем өле бастаймын. Егер Оны табам деген көмескі үміт болмаған­да, өзімді әлдеқашан өлтірер едім ғой. Мен шын мәнінде Оны сезінген, іздеген кезде ғана ақи­қат өмір сүрдім. Құдайды тану және өмір сүру – екеуі бір нәрсе. Құдай деген – өмір. Құдайды іздеп өмір сүр. Сонда Құдайсыз өмір бол­майды. Бұ­рынғыдан да күштірек ішкі әлемім және айна­лам нұрға бөленді әрі ол жарық мені тастап кеткен жоқ».

Толстой жүрегінде болған құбылыстар өмірінің соңында туған шығармаларынан анық байқалады. «Адамға қанша жер қажет?», «Иван Ильичтің өлімі», «Әзәзіл», «Сергей пірә­дар» сынды кесек дүниелер жазу­шының өмірдің мәнін із­деу­ге шындап бет бұрғанының дә­лелі. Ал «Арылу» – сол шы­ғармалардан келе жатқан ал­қалы ойлардың айшықты жиыны, шоқтығы биік шырағданы іспеттес. Мұнда данышпан­ның шындыққа құмарлығы, ақиқатшылдығы айнадай кө­рінген. Үнді елінің көсемі Ма­хатма Ганди «Толстой – өз за­манының ең шыншыл адамы. Ақиқатты бәрінен артық кө­ріп, ол үшін батыл қадамға бар­ған жан» деуі тегін емес. Өз зама­нында әлемдік мәдениеттің төрешісі секілді болған титан тұлға ғаламның әр тұсында бо­лып жатқан оқиғаларға қам жей­ді. Тіпті «Қажымұратта» ұлт­­­тық мүддеден гөрі адам­дық мүдденің қазысы болып ой толғайды. Шығармада: «Қазір Николай патша өз ішінен дұға­сын оқып жатыр. Сол дұғасын оқи салады да, жалаңаш әйел­дерді көретін жерге бара­ды» деп орыс патшасын әшке­­ре­лесе, Қажымұраттың бәрін тоқ­татып намаз оқып, иманға ке­ліп, Алладан жәрдем сұра­ғанын ізгілік салтанаты етіп бейнелейді. «Құдай адамды жа­ратқан кезде әр адам өз жанын бүлдіруге де, құтқаруға да мүмкіндік табатындай еткен. Адамның өмірдегі міндеті – өз жанын құтқару; ал жанын құт­қару үшін Құдай жолымен өмір сүру керек, Құдай жолымен өмір сүру үшін тірліктің бар­лық алдамшы қызығынан бас тартып, еңбек етуі, мойынсұ­нуы, шыдамды және қайырым­ды болуы қажет». «Арылудағы» бұл жазбалар қоғамдағы қызу тал­қылаудың ошағына ай­налды. Өзін сын тезіне сал­­ған данышпан білімдарлық еккен өзімшілдіктен құтылуға, сөзі мен ісінің бір орыннан шығуына мән береді. Бірде «Немене, Лев Николаевич, уағыздауын уағыздайсыз, ал қашан орындайсыз?» десе, енді бірде күңірене тіл қатады. «Мен кінәлімін әрі сұмпайымын және жеккөрушілікке лайық­пын... Көмектесіңдерші, бар­шамыздың адасқанымызды ойласам, жүрегім қан жы­лай­ды және бар күшімді салып арпалысқанымда өздеріңді де, мені де аяудың орнына сендер «қараңдаршы, біз­бен бірге батпаққа батып ба­рады», деп қуана-қуана айқай­лайсыңдар...».

Толстой ажал алдындағы ақырғы сөзінде, ұлына қарап: «Сережа! Мен ақиқатты жақ­сы көремін! Ақиқатты өте қат­­ты жақсы көремін!» деген екен. Шындықпен, ақиқатпен айшық­талған ақыл алыбының сәу­лесі түспеген жер аз. Жан­ның арылуы, тәубеге келуі, та­заруы үшін сіз де алып мұ­хит­қа жиірек сүңгіңіз, қадірлі оқыр­ман.