Қуаттауды қажет етпейтін ядролық батарея жасап шыққан Қытайдың «Betavolt» компаниясы аталған өніміне «мәңгілік батарея» деп айдар тағыпты. Компанияның хабарлауынша, бұл – әлем тарихындағы атом энергиясын пайдаланатын тұңғыш кішкентай батарея. «63 ядролық изотоп қолданылған Betavolt атом энергетикалық батареялары аэроғарыш, жасанды интеллект жабдықтары, медициналық құрал-жабдықтар, микропроцессорлар, жетілдірілген датчиктер, шағын ұшқышсыз ұшу аппараттары, сенсорлар мен микророботтар сияқты өнімдерге ұзақмерзімді энергияны бере алады», делінген компанияның баспасөз хабарламасында.
Батарея алғаш рет ХХ ғасырда зерттелген үдеріс негізінде изотоптардың ыдырауынан бөлінетін энергияны электр энергиясына айналдыру арқылы жұмыс істейді. Кеңес одағы мен АҚШ ғалымдары ғарыш аппараттарында, суасты жүйелерінде және қашықтағы ғылыми стансаларда пайдалану технологиясын жасай алды, бірақ термоядролық батареялар қымбат әрі көлемді болды. Ядролық батареяларды миниатюризациялау (ыңғайлы көлемге келтіріп кішірейту) және коммерцияландыру 2021-2025 жылдары елдің экономикасын нығайтуға бағытталған Қытайдың 14-ші бесжылдық жоспары аясында жүзеге асырылды. АҚШ пен Еуропадағы ғылыми зерттеу институттары да осындай өнімді әзірлеп жатыр. Ал бірінші болып жасаған қытайлық «Betavolt» компаниясы ұсынған батарея көлемі 15x15x5 текше миллиметрді құрайды, 100 микроватт қуат пен 3 В бере алады әрі –60-тан 120°C-қа дейінгі температурада жұмыс істейді.
Компания батареялардың қауіпсіздігіне қатысты: «Betavolt әзірлеген атом энергетикалық батареясы мүлдем қауіпсіз, сыртқы сәулеленуі жоқ және адам ағзасындағы кардиостимуляторлар, жасанды жүректер сияқты медициналық құрылғыларда қолдануға жарамды. Біздің батареялар қоршаған ортаға зиянсыз. Ыдырау кезеңінен кейін изотоптардың 63-і тұрақты мыс изотопына айналады, бұл радиоактивті емес және ешқандай қауіп төндірмейді немесе қоршаған ортаны ластамайды», депті.
Ядролық батарея қуаттауды, сондай-ақ қандай да бір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпестен 50 жыл бойы қуат беруге қауқарлы. Компания жаңа өнімді тестілеуден өткізіп үлгерді. Енді алдағы уақытта телефондар мен дрондарда пайдалану үшін сатуға шығармақ. 2025 жылға қарай компания қуаты 1 ватт батарея жасауды жоспарлап отыр.