Аймақтар • 22 Қаңтар, 2024

Күншығыс елінің көмегі

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жапония мемлекетінің «Шөп тамыры» жобасының шарапатын көрген отандық медициналық нысандар аз емес. Қайтарымсыз грантты еліміздің әр қиырындағы ауруханалар жылдар бойы алып жүр. Жоба аясындағы әріптестік Жамбыл жерінде де жалғасын тапты.

Күншығыс елінің көмегі

Қайтарымсыз грантты­ Талас аудандық орталық ауру­ха­на­сы­ның ұжымы жеңіп алды. Облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықта жатқан аудандық аурухана қызметкерлері де енді жұмысын «Шөп тамыры» жобасы аясында үйлестірмек.

Күншығыс елінің Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкі­лет­ті елшісі Ямада Джун, арнайы өкіл Комия Шимон және «Шөп тамыры» адам қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бойын­ша­ әлеуметтік жобаларға арналған қай­тарымсыз көмек бағ­дар­лама­сы­ның үйлес­тіру­ші­лері Икэноуэ Ютаро мен Әлия Шыңғыспаева бастаған арнайы топ Қаратай қаласына арнайы келіп, жергі­лік­ті мамандарға жобаның маңыз­ды­лығын түсін­дірді.

Үйлестірушілер келтірген дерекке сенсек, «Шөп тамыры» жобасы 27 жылдан бері үздіксіз қызмет атқарып жатыр. Басты мақсаты – үкіметтік емес ұйымдар мен медициналық және білім мекемелеріне қолдау көрсету арқылы халықтың аз қамтылған санатының өмір сүру сапасын жақсарту.

«Расында да, «Шөп тамыры» – адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік жобаларға арналған қайтарымсыз көмек бағдарламасы. Жоба шеңберінде медицина орталықтарға, эко­ло­гиялық аймақтарға, оқу орындарына, мүмкіндігі шек­теулі жандарға, балалар үйіне қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр. Енді, міне, жоба аясында Талас аудандық және облыстық көпбейінді ауруханаға алынған тұрмыстық-техникалық жабдықтар пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ бұл жолғы ерекшелік – медициналық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған пештің орнатылуы», дейді мәртебелі меймандар жағдайды түсіндіріп.

Іс-шара барысында Жа­пониядан арнайы келген ма­ман­дар емдеу мекемесіне меди­циналық қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған «Веста плюс» инсинератор пешін және тоңа­зытқыш пен кір жуу машиналарын орнатты. Бұл жұмыс тех­никалық жарақтандыру жөнін­дегі жоба аясында жүзеге асырылып отыр.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, үздіксіз жұмыс атқарып келе жатқан жоба үйлестірушілерінің Жамбыл облысындағы ауданға назар аударғаны – құптарлық іс. Жергілікті мамандармен кез­­десу барысында күншығыс елінен келген қонақтар медицина қызметкерлерін толғандыр­ған түрлі сұраққа нақты жауап берді. Сондай-ақ олар аудандық аурухана мен емхананы аралап, емдеу ұйымының әлеуетімен танысты.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы