Қоғам • 23 Қаңтар, 2024

Қысқы күртеше тарту етті

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Nura arnasy» еріктілер штабының өкілдері Нұра аулындағы аула сыпы­рушыларға қысқы күртешелер тарту етті. Көпбалалы отбасыларға да үлестірді. Қайырымдылық акциясы астаналық кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдасты­рылып отыр.

Қысқы күртеше тарту етті

«Аула сыпырушылардың жұмыстары оңай емес. Қысы-жазы ауылды қоқыстан тазартады. Бізге Астанадан 30 күртеше жетті. Көп ойланбай, еңбек адамдарына табыстауды жөн көрдік. Еңбеккерлер ең үлкен құрметке лайық», дейді «Nura ar­nasy» еріктілер штабы­ның және аудандық Жастар ресурстық ор­та­­лы­ғының басшысы Талғат Шол­таев.

«Nura arnasy» еріктілер штабы­ның өкілдері жақсылық жасап жарысады десек те болады. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында мүмкін­дігі шек­теулі балаларға тәттілер таратқан. Қарт­тар үйі­не барып, мерекелік дастарқан жа­йып бер­ген. Жергілікті балалар мен жас­­өспірімдер спорт мектебіне спорт­­тық құрал-жабдықтар са­тып алуға жәр­демдескен. Жиырма­дан астам жал­ғыз­басты және қарт адамның ауласын қардан тазартып берген. Боран кезінде қар құрсауында қалып қойған көліктерге жәрдемдескен.

«Біздің штаб 120-дан астам ерік­тіні қамтиды. Қатарда мектеп оқушылары, студент­тер және әртүрлі ұйым қыз­мет­керлері, соның ішінде мұғалімдер де бар. Боран кезінде мұғалімдер тоқтап қалған көліктердегі жолаушыларды қар құрсауынан шығарып алуға көмектесті. Біз оларды жылыту пункттеріне дейін жеткіздік. Алдағы уақытта демеушілік көмектің арқасында біз әрқайсысының салмағы 50 кило болатын 30 азық-түлік жиын­тығын таратуды жоспарлап отыр­мыз. Бізге негізінен елордалық кәсіп­керлер, ірі супермаркеттер мен ұйымдар көмектеседі», дейді Талғат Шолтаев.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы