Тұлға • 23 Қаңтар, 2024

Жыр әлеміндегі Фариза-дәуір

676 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Фариза-жүрек тоқтады... Содан бері он жыл өтті. Сағым уақыт одан да әрі жылжи берері анық. Әділетті қоғамға Фариза Оңғарсынова керек еді! Бірақ көңілге бір медет: семсер жырлары, өткір ойлары қалды. Қасиетті қара жерге серік етіп жыр-планетасын қалдырып кетті. Ол – елдің бағы! Азаматтықты, ар-ұятты, әділдікті, аласармауды қазақ баласына мұра еткен Фариза ақынды біз сағынамыз!

Жыр әлеміндегі Фариза-дәуір

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақ сөйлеу, әділдік – Фариза Оңғарсынқызының рәмізі! Оның поэзиясы құйма алтындай салмақты. Оны асырап-баққан ақша да емес, алтын да емес – елінің махаббаты, жұртының сенімі болатын. Ол мұң әлемінде жүрді. Ол мұңмен алысты, әрине, оның өз қара басындағы мұңы да жетерлік еді... Бірақ ол өз мұңын күйттеген жоқ. Оның мұңы елі еді. Шын­дықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін. Жағымпаздардың жанын алатындай рухы бар еді. Кейде біздің жұрт: «Қыз да болса, ер азаматтың жүгін көтеріп жүр», деп жатады. Жоқ! Олай демеңдер, ағайын! Қыз баласы ықылым заманнан ер адамдар көтере алмайтын жүкті көтеріп келе жатыр. Әр ер азаматтың даналығының, мінез­дегі қайсарлығының, батырлығының, тіпті текті­лігінің қайнар көзі – Ана. Ананың ақ сүтімен дары­ған қасиет, ананың шексіз тілегі, баласына деген сенімі – ақ жолдан тайдырмайтын код. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында анасы Ұлжанның Қарқаралыға әкесімен бірге жолға шығып бара жатқан Абайға: «Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін «Күндестің күлі де күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек? Кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айырылма» деуі – ананың баласына дос табуда көрсеткен даналық жолы емес пе?

Анада қасиет болмаса, жүз жерден әкесі жақ­сы болса да, бала піспейді, жетілмейді, кісілігі кемел­денбейді. Фариза ақын – қалың жұрттың тәрбиешісі, ақыл­шысы болды. Кейде ағынды, кейде мұң­ды, кейде шырын сезімді жырлары саналыға нұр, махаб­батқа нәр, тоқыраған жандарға рух беретін.

Өмірге келген сәбиді тал бесік қана тербетпейді, тағдырына ақындықты о баста жазған Құдірет Ие Фариза ақынды рухы асқақ, өрлігі ерен, достығы өнеге Исатай мен Махамбеттің жерінде өмірге әкелді, Шалкиіз, Қазтуған, Мұрат жыраулардың толғауларымен сусындаған ел ағалары ақын жүрегін тербетті. Жер-ананың тарихи жады, санасы тербетті. Міне, ақын жаны, генетикалық жады қайдан нәр алды дегенге жауап осы.

Фариза апайдың діліндегі тағы бір тұғыр ата-бабасының қасиетінде болса керек. Кеңестік заман кер тартып, үш тұғыр – діннен де, ділден де, тілден де жұрдай етіп, рухты аш, тәнді жалаңаш еткенде, сол тұғырын сақтауға жанын берген нағыз аза­маттардың ішінде, ішінде емес-ау, басында тұрған азамат, ел қызы Фариза Оңғарсынқызы болатын. 

Діл деген – болмыс, ұлттық қалып, ғасыр-шебер бойға жинап берген салт-дәстүр емес пе? Әбіш Кекіл­байұлы Фариза апайдың бір қызықты қылығын айтып берген еді. Германиядан неміс ақыны арнайы Алматыға келіп, Фариза ақынның өлеңін неміс тіліне аударуға ниет етеді. Әбіш аға сол кісіні Фариза апай­дың үйіне алып келеді. Неміс ақынына барынша Фариза апайдың өмірі туралы, кейбір өлеңдерінің мағынасын ауызша айтып, ол ақын таңданысын білдіріп, шай ішіп отырады. Бір кезде ұлттық ас – ет дастарқанға келеді, бір табаққа жеке қойдың басын салып, неміс ақынының алдына тартады. Неміс ақыны абдырап, не істерін білмей қалады. Оған бұл қазақтың дәстүрі екенін, ең сыйлы қонаққа бас тартатынын айтып түсіндіреді. Неміс ақыны басын шайқап күліп жібереді.

 Сонда Фариза апай қатты ашуланып, бұл барып тұрған әдепсіздік екенін айтып, дастарқан­нан тұрып кетеді де, қайтып бөлмесінен шықпай қояды. «Елімнің дәстүрін сыйламаған адам менің өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын», дейді. Бұл әре­кетінен ақынның мансабын емес, халқының дәс­түрін биік санағаны көрінбей ме? Бұл да қанмен келген, ана сүтімен бойға дарыған қасиет болса керек. Ханға да қаһарын төге алатын Махамбеттің өршіл рухы Фариза ақынның жанына да, қаламына да нұр сыйлағандай. Оның поэзиясынан аттың дүбірі, ұлан­байтақ жердің тынысы, алмас қылыштың жарқылы көрінетіні де содан болса керек. Әр уақыттың дертін жазуға рух емшісін, шипагерін Алла өзі жіберіп отыратындай ғой. Фариза ғұмыр кешкен екі заманның да кеселді тұсы аз болған жоқ. Кеңестік цензура, шаш ал десе, бас алатын жандайшаптар, ақын­дық талантына іші күйген қорқаулар қаншама рет оның жұдырықтай жүрегіне қанжар салып қанатты десеңізші.

Тәуелсіздік үшін шын қуанған, шын бақытты жан – Фариза апай болатын. Ескі тондарын тас­тай алмай, кеңестік дәуренін аңсайтындарға өш еді. Екіжүзділік, жарамсақтанып, билік­тің көлеңкесінде жүріп, кеуде кергендерді жыр сем­серімен осып-осып жіберетін.

«Мансапты мен малдының,

Әкім менен әлдінің,

Жарамсақ пен жансыздың,

Арамза мен арсыздың

Бар заманда құлқы бір:

Жағасы ақ та, ұрты кір...»

Өмірі мен өлеңі бірдей ақын көп емес... Фариза өмірін өлеңінен бөліп алу мүмкін емес. «Аспаннан қара Жерге Ай құласын, әйтеуір анық менің айнымасым» деп, өзіне адамдық ұстаным қоя білген Фариза ақынның болмысы ешкімге ұқсамайтыны да сондықтан.

Өлең құдіретіне деген махаббатын қара­ңызшы:

«Дара күндерімнің,

нала түндерімнің,

серігі болғаның үшін,

сенімі болғаның үшін,

Өлең,

Мен сені аялаймын».

Аялайтының – өз халқың, өз өлеңің, әз-Фариза!

Кеңес заманының іргесін ыдыратқан Желтоқ­сан көтерілісі ақынның тағдырына бұлт үйірген, ақын­ның ғана емес, елім деген ерлердің тағдырын тал­қан еткен, жас боздақтар қанын төккен қилы заман ­еді. Сондай асыл ер, қоғам қайраткері Асан­бай Асқаров жазықсыз айыпталып, Біш­кек­тің түрмесіне қамалғанда арашашы болған кім? Ағасына хат жазып, қарлығаш тілегін жеткізген Фариза Оңғарсынқызы болатын. «Түрмеге хат» деген өлеңін жазды:

«... Хат жаздым бүгін Сізге – шыдамадым,

шетінде тұрғандаймын құламаның.

Бұл хатым – жүрек сөзі қазақтағы

қарындас атаулының, мың ананың.

.... Кетпеді, даламызды зар мекендеп,

шарасыз жігіттер жүр, жанда – кермек:

«Маңдайға Асекеңді сыйғызбаған

қазақтай сормаңдай ел бар ма екен», – деп.

... Жұмақ бар жер бетінде, тамұқ та бар,

қоршайды қоғам деген алып қамал.

Шара жоқ қарындаста, кептер-жырым

көңілімді Сізге деген алып барар…»

Қылышынан қан тамған кеңестік заманда мұндай сөзді Фариза ақын батыл айта алды.

Жаны – арының, ары малының садағасы Фариза апайдың жарық дүниемен қоштасып, көз жұмғанына он жыл болды.

Біртуар ақынның рухы көкте шалқысын! Өлең-жырында адалдық пен әділдіктің дәні қалды. Бұл – халқымыздың мәңгілік олжасы.

 

Гүлтас Құрманбай,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор