Аймақтар • 23 Қаңтар, 2024

Зейінділер ордасы

133 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жас ұрпаққа тәрбие беруде үйірмелердің қосар үлесі зор. Осы ретте оқушылардың мектепте алған білімін өмірде кеңінен қолдануына жол ашатын Оқушылар сарайы жетісулық жас дарындардың ұстаханасына айналып отыр. Білім шаңырағы осы күнге дейін мыңдаған таланттың талабын шыңдаған.

Зейінділер ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балаларға билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек», деген еді. Бұл ой балалармен тікелей жұмыс істейтін Оқушылар сарайына да үлкен жауапкершілік жүктегені белгілі. Талдықорғандағы 2016 жылы іргесі қаланған нысан балалардың бос уақытын қамтамасыз етуде һәм алған білімдерін практика жүзінде іске асыруда маңызды рөлге ие. Эстетикалық, лингвистикалық, музыкалық, көркем­өнер, ғылыми-техникалық, спорттық, туризм, балалар қозғалысы бағытында жұмыс істейтін үйірмелер зерек оқушылардың жансарайын ашады. Оқушылар сарайының директоры Ләззат Мұқаметқалиқызының айтуынша, өскелең ұрпақтың қызығушылығы мен шығармашылық қабілеттерін
дамытуда орталықтың қосар үлесі орасан.

– Өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін, өнерін білетін, оны қадірлеп, қастерлейтін ұлтжанды азамат тәр­биелеп жатырмыз. Жеткіншектердің өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру­ қажеттіліктері мен ұстанымын қа­лып­­­тастыруда да жұмыстар жүріп жатыр. Оқушылар сарайы 44 үйірме, 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Талай шәкіртіміз халықаралық әрі республикалық байқауларда топ жарып, өңірдің ғана емес, елдің абыройын асқақтатып жүр, – дейді Л.Мұқаметқалиқызы.

Бүгінде Оқушылар сарайында 2 230 бала оқып жатыр. Оларға өз саласын жетік меңгерген 63 педагог сабақ береді. Кез келген оқушының дарынын ұлттың рухани игілігіне тиімді пайдалануға болатынын дәлелдеген аталған шаңырақтың жеткен жетістігі біршама. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын «Солнышко» хореографиялық би ансамблі Париждегі «Magnifique Paris International festival of arts» және Ташкенттегі «Roze of the east» байқауларына қатысып, жеңімпаз атанған. Би өнерінен бөлек, ән-жыр, қолөнер шеберлері халықаралық, республикалық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Ғылымға жақын жастардың да өнері көпті таңғалдырады. Оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталу мүмкін емес.

Шығармашылық орталық вокал,­ актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау, шахмат, балалар тележурналистикасы, фото-бейнетүсірілімдерді монтаждау секілді салаларды жетік меңгеруге жол ашады. Бұл жаңа үлгідегі заманауи сарайдың басқа қосымша білім беру орталықтарынан бір ерекшелігі осы. Балалардың қызығушылығын уақыт үдерісіне сай техникалық бағыттарға бұруға басымдық беруімен дараланады. Сондықтан ел аумағындағы кәсіби білікті мамандарды арнайы шақырып, олардың тағылымды тәжірибесін жастарға үлгі-өнеге ретінде көрсету қолға алынған.

Жаңа технологиялар әлеміндегі балалар мен жастар шығармашылығы ұғымының өзгергенін түсіну инно­вациялық әдістемелерді белсенді енгізуді, заманауи құрал-жабдықтарды кеңінен қолдануды қажет етеді. Осы мақсатта түрленген Жетісу төріндегі қосымша білім берудің басты ордасы саналатын шаңырақ өңірдегі таланттардың шеберханасына айналып отыр.

– Оқушылар сарайы балалардың мектептен тыс бос уақытын тиімді пайдалануға зор ықпал ететін бірден-бір мекеме дер едім. Бұл жерде бала өзін түрлі бағыт бойынша сынап көре алады. Аталған мекемеге аяқ басқалы тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесінде менің де жеткен жетістігім аз емес. Бірнеше республикалық, халықаралық байқаудан «Көркемсөз» жанры бо­йынша жүлделі орындарға ие болып, шет мемлекеттерге жолдама алдым, – дейді «Жас қаламгер» үйірмесінің қатысушысы Ақбота Қабден.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Балаларды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болсын, жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен, сол елдің кішкентай азаматтарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Еліміздің болашағы балалардың жан-жақты, дарынды, білімді, өнерлі болып өсіп-жетілуіне жағдай жасап отырған Оқушылар сарайының жетістігі мұнымен тоқтамай, болашақтың көшін бастар азаматтар түлеп ұшатынына сенім мол.

 

Жетісу облысы