Университет • 24 Қаңтар, 2024

Менделеев университетінің өкілдігі

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жо­март Тоқаев елімізде шетел­дік беделді жоғары оқу орын­дарының өкілдігін ашу ту­ралы тапсырма бер­ген бола­тын. Соған сәй­кес М.Х.Дула­ти атын­дағы Тараз өңірлік уни­­ве­рси­те­тінде Д.Мен­­д­елеев атын­дағы Ре­­сей хи­мия-техноло­гия уни­­вер­си­тетінің өкілді­гі ашылып, ғылыми әріптес­тіктің іргетасы қаланды.

Менделеев университетінің өкілдігі

Химия өндірісінің жілігін шағып, майын ішкен жергі­лікті мамандардың айтуынша, өңірлік университеттің ресейлік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуы заңдылық. Өйткені Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің локомотиві саналады. Екі университет арасындағы байланыс өткен жылы орнатылды. Президент тапсырмасын жү­зеге асыруды қолға алған өңір­лік университет ұжымы әуелі «Қазфосфат» ЖШС, Д.Мен­де­леев атындағы Ресей химия-технология университетінің бас­шы­лық құрамымен бірлесіп, үш­жақты меморандумға қол қой­ды. Кейіннен Тараз төрін­де «Мен­делеев сыныбы» жоба­сы­ның салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Расында да, мыңдаған жергі­лікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» ЖШС үшін бұл жобаның маңызы зор. Кадр тапшылығын жою жолында үшжақты келісіммен іске асырылатын жобаның барлық тарапқа тиімді екені анық. Сондай-ақ химия бағыты бойынша білімін толықтырғысы келетін жастарға да таптырмас мүмкіндік. Содан да болса керек, біршама уақыт бұрын ТМД елдері арасында тұңғыш рет химия өнеркәсібі саласындағы желілік кампустың тұсауы кесілген еді.

Қолға алынған ірі жоба әрі қа­рай да сәтімен жалғасты. Енді, мі­не, М.Х.Дулати атындағы Та­раз өңірлік университетінде ресейлік жоғары оқу орнының өкілдігі ашылып отыр. Іс-шара­ның ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ресейлік университет ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак, Ресей Федерациясы Прези­денті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова және өңірлік университеттің профес­сор-оқытушылары қатыс­ты.

Илья Воротынцев желілік бі­лім беру бағдарламасының іске асырылуы екі оқу ордасы ара­сындағы іскерлік байланыс­ты нығайта түсетініне сенімді. Ал Тараз өңірлік университеті ректо­рының міндетін атқарушы Шолпан Есімова «Менделеев сыныбы» жобасының сәтімен іске асқанын айтып, білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, химия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында елімізде Ресей химия-технология университетінің филиа­лын ашу жөніндегі баста­маның маңыз­дылығын атап өтті.

Жалпы алғанда, бұл жоба­ны іске асыру жұмыстары 2023 жылы Алматы қаласында өткен екі елдің үкіметаралық комис­сиясының отырысында то­лық­­қан­ды зерделеніп, Тараз қала­сын­да шетелдік универ­си­тет­тің филиалын ашу туралы ше­шім қабылданған болатын. Баян­ды бастаманы жүзеге асыру­дың бірлескен жол картасы да әзірленген еді. Енді, міне, атқарылған барлық жұмыс оң нәтиже беріп отыр.

Дерекке жүгінсек, 2024 жыл­д­ың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында Д.Менделеев атындағы университеттің филиалы өз жұмы­сын бастайды. Жергілікті оқу ордасы химия саласында ғылыми-технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге қабілетті ха­лық­аралық білім беру стандарт­тары деңгейінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау мінде­тін жүзеге асырмақ. Химия және химиялық технология саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу­лер жүргізу жоспарланып отыр.

 

ТАРАЗ