Пікір • 24 Қаңтар, 2024

Ұсыну – бізден, ойлану – сізден

283 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты ауыз­дық­таудың бір тетігі – жазаны барынша қатаңдату екені көп айтылып жүр. Дегенмен, кейбір сарапшылар басқаша пікірде. Олар жазаны күшейту басқа қылмыстарға тоқтам салуға пәрменді амал болса да, тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы қолдануда тиім­сіз екенін айтады.

Елімізде өткен жылдары мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілгені белгілі. Қазір отбасында ойран салғандарға бірінші рет ескерту жасалады немесе бес тәулікке қамауға алынады. Егер агрессия қайталанса, 10 тәулікке қамалады. Ұрып-соғу үшін жаза мерзімі – 10 күн, қайталанса – 15 тәуліктен 20-ға дейін ұзартылды. Денсаулыққа жеңіл зиян келтірген адамды –15 тәулікке, қайталанған жағдайда 25 тәулікке қамау түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына да өзгеріс енгізіліп, «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» ұғымы пайда болды.

Қылмыстық заңнамаға бұл ұғымның енгізілуі тегін емес. Себебі зорлық-зомбылық көбіне-көп әйелі күйеуіне материалдық жағынан тәуелді отбасыларда жасалады. Яғни үйде күйеуі ғана жұмыс істейді, әйелі бала бағумен отыр. Ал әйелі де жұмыс істейтін, яғни ақша табатын отбасыларда мұндай қылмыстар некен-саяқ. Сонда жұмыс істемейтін, барар жер басар тауы жоқ әйелдер не істейді?

Қылмыстық кодекс бойынша әйелінің денсаулығына орташа және ауыр зиян келтірген абьюзерлерді 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеге жабу жазасы қарастырылған. Ал өзі жұмыс істемейтін, үйде отырып қалған, 3-4 баласы бар әйелдер таяқ жеп, көзі көгерсе күйеуінің үстінен полицияға арыз жаза ма? Әрине, көп жағдайда жазбайды. Өйткені отағасы ұсталып кетсе, тұрмысы бұдан да қиындай түсетінін біледі. Осылайша, көп қылмыс жабулы күйінде қалып отыр. Негізі жаза қатаңдатылған сайын мұндай қылмыстардың саны азаятыны байқалған. Бірақ сарапшылар бұл ер адамдардың жазадан қорыққанынан емес, керісінше әйелдердің ертеңгі күнді ойлап арыз жазбауының салдары екенін айтып келеді.

Не істеу керек? Жазаны жеңілдету немесе ауыр­лату тығырықтан түпкілікті шы­ғар жол емес екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осы орайда біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға болатын бір жол ұсынып көрмекпіз. Жуырда газеттің ұйытқы болуымен осы тақырыпқа арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылған еді. Сол жиынға қатысқан сенатор Жанна Асанованың айтуын­ша, еліміздегі дағдарыс орталықтарына кейде агрессор ер адамдардың өздері келіп: «Маған көмектесіңіздерші, әйеліммен қарым-қатынасым нашарлап кетті. Өз-өзімді ұстай алмай, ұрып қоя беремін» деп жәрдем сұрайды екен. ІІМ өкілі Ақмарал Серікбаева да өз тәжірибесінен мысал келтіріп, отбасында ойран салған бір ер адамның өзін молдаға апаруын өтінгенін айтты. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен мұндай жағдайлар жазаны қатаңдата бергеннен гөрі, әйеліне, бала-шағасына қол көтеретін кейбір ер адамдарға психологиялық, рухани көмек керек екенін аңғартады.

Осы орайда тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын шешу үшін еліміздегі дағдарыс орталықтары, діни бірлестіктермен бірлесе жұмыс істеп, мешіттер мен шіркеулер жанынан агрессорларды мәжбүрлеп оқытатын он күндік немесе бір айлық курстар ашса, пайдалы болады деген үміттеміз. Мәселен, әйелінің арызы бойынша сот ер адамға «мешіттегі (шіркеудегі) курсқа мәжбүрлі түрде қатысу» түріндегі жазаны белгілейді, оған көнбесе, айыппұл салынады немесе түрмеге қамалады. Жұбайымен жанжалдасып, ашуға мініп тұрған адамды қатаң жазаға тартып, одан бетер төбеден тоқпақтағаннан гөрі, осындай курстарға қатыстырып, имамдар дініміздегі ер адамның отбасының, әйелінің алдындағы міндеттері, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, сабырлы, өзара сыйластық жайындағы өсиеттер айтып, татулыққа ша­қыр­са, ол көп адамға ой салып, сабасына түсуіне, әйелімен қатынасының жақсаруына ықпал етеді деп ойлаймыз.

Бұл әрекет еліміздің зайырлылық сипатына қайшы емес. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдық мәселе. Ал қоғам ішіндегі кез келген проблеманы шешуге діни бірлестіктерді тартуға әбден болады. Жалпы, егер біз айтып отырғандай курстар жұмыс істесе, оған тек әйеліне қол көтеретін адамдарды емес, отбасына, бала-шағасына дұрыс қарамайтын, маскүнем, жалқау, жұмыс істемейтін, құмар ойынға берілген, тіпті керек болса, жүргіштігі бар ер адамдарды да (кейде әйелдерді де) мәжбүрлеп тартуға болады. Өйткені дінімізде осы айтылған күнә-қателіктердің барлығының алдын алуға шақыратын аят-хадистер өте көп. Мұндай жағдайда әйелдер арыз жазудан бас тартпайды, керісінше күйеуі ақылға келсін, түзелсін деп әлгіндей курсқа қатысуын қалайды. Бұл мәселедегі дұрыс шешім осы болар...